Жемқорлық фактісі туралы хабарлаған 64 қазақстандық 10 миллион теңгеден астам сыйақыға ие болды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аса маңызды істер жөніндегі бірінші департаменттің тергеушісі Данияр Биғайдаров айтты.
"Азаматтардан және мемлекеттік қызметкерлерден көптеген хабар түседі. Бұл сенімнің артып келе жатқанын көрсетеді. Жыл басынан бері 1424 call орталығына сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен 264 қоңырау түсті. Шағымдардың басым бөлігі ішкі істер органдары, жергілікті атқарушы органдар, білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің жұмысына қатысты", - дейді ол.
"Осы жылы нақтыланған сыбайлас жемқорлық дерегі бойынша 64 қазақстандық сыйақы алды. Олар сыбайлас жемқорлық дерегі туралы хабарлаған. Оның ішінде call орталыққа түскен қоңыраулар да бар. Жалпы оларға 10 миллион теңгеден астам қаражат берілді", - дейді тергеуші.