Birgemiz қоры 362 мың отбасыға 50 мың теңгеден берді

Birgemiz қоры 362 мың отбасыға 50 мың теңгеден берді

Birgemiz қорынан 362 мың отбасы 50 мың теңгеден алды, 200 мыңнан астам жанұяға азық-түлік себеті мен ең қажетті тауарлар таратылды, деп хабарлайды Nur Otan партиясының баспасөз қызметі. Birgemiz қоры мұқтаж қазақстандықтарға атаулы көмек көрсетуді жалғастырып жатыр.

"Бүгінге дейін 200 мыңнан астам отбасы азық-түлік себеті мен ең қажетті тауарларды алды. 362 мың отбасыға 50 000 теңгеден төленіп, жалпы саны 1,3 миллионнан астам қазақстандық қамтылды", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ нұротандықтар Түркістан облысындағы су тасқынынан зардап шеккен ауылдардың тұрғындарына көмек көрсетуде. Nur Otan партиясының барлық филиалынан азық-түлік, киім-кешек, құрылыс материалдары және жеке гигиена құралдары бар 1000 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтілді. Президенттің тапсырмасымен су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар жаңа немесе қайта жөнделген үйлермен қамтамасыз етіледі. Әлеуметтік нысандарды, инженерлік желілер мен жолдарды қалпына келтіруге 14 миллиард теңгеден аса ақша бөлінді. "Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Birgemiz қоры да қосымша көмек көрсетпек. Қор Достық ауылының зардап шеккен барлық тұрғынын жаңа баспанамен қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, олар үшін Мырзакент елді мекенінде 20 үй салынады", - делінген хабарламада. Бұған дейін Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге үй құрылысына бөлінген  жерлерді арнайы барып аралап, жергілікті тұрғындармен кездескен еді. Саман кесектен тұрғызылған үйлердің орнына газ блоктарынан ауданы 100 шаршы метрді құрайтын 4 бөлмелі үйлер салынады. Бұл үшін Birgemiz  қорынан 340 миллион теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстарының сапасы партияның ерекше бақылауында болады. Сәуір айының соңында Birgemiz қорына 24 миллиард теңгеге жуық ақша жиналды. Birgemiz қоғамдық қоры Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 20 наурызда төтенше жағдай кезінде тұрмысы төмен азаматтарға көмек көрсету үшін құрылған болатын.