Шымкентте су тасқынынан зақымданған үйлерді 1,5 айда қайта салып береді
Шымкентте су тасқынынан зақымданған үйлерді 1,5 айда қайта салып береді
Естеріңізде болса 13 сәуір күні Шымкент қаласында болған қатты нөсер жауынның салдарынан Елтай тұрғын алабындағы бірқатар үйді су басқан болатын. 110 үйдің ауласына, 32 үйдің ішіне су кірді. Комиссияның шешімімен қатты зардап шегіп, тұруға жарамсыз болған 5 үй қайта салынатын болды. Шымкент су тасқыны Құрылыс жұмыстарына «Шымкент қайырымды қала» әлеуметтік қорынан қаржы бөлінбек. Құрылыс компаниялары үйлерді бір жарым айда аяқтамақ. Бұдан бөлек, су басып зақымданған 32 үйді қалпына келтіруге қордан тиісті қаржы бөлінеді. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Мамыталиев елді мекеннің тұрғындарымен кездесіп, су басып өткен аулалар мен көшелерді тазарту жұмыстарының барысын тексерді. Еңбекші ауданының Елтай тұрғын алабында қазіргі таңда су толығымен тоқталып, авариялық-қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарға Шымкент қаласы ТЖ департаментінің жеке құрамында 48 қызметкер, 3 техника мен 1 мотопомпа жұмылдырылған. Өрт сөндіру бөлімдерінің жеке құрамы су басқан аула аумақтардан, көшелерден батпақ лай мен тастарды шығарып, арықтарды жиналған қоқыстардан тазартуда. Сондай-ақ олар бүгінге дейін ұзындығы 30 метр болатын екі көше мен 48 үйдің ауласын лайдан тазартты.

Н. Назарбек