Неміс капиталы елге сенім білдірді
Неміс капиталы елге сенім білдірді

Қазақстан мен Германия арасындағы екі жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында қазіргі уақытта неміс капиталының қатысуымен шамамен 20 жаңа жоба пысықталуда. Олар өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік, байланыс, ауыл шаруашылығы салаларында жүзеге асырылмақ. Бұл жайында еліміздің Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Елбасы белгілеген міндетке сәйкес, енді сыртқы саясат ведомствосының басты миссиясының бірі – елге шетелден инвесторлар тарту болады. Осы орайда СІМ германиялық бағыттағы жұмыстар нәтижелерін жария етті.

Министрліктің мәлімдеуінше, Германия – Қазақстанның Еуропалық одақтағы жетекші серіктестерінің қатарына кіреді. Қос мемлекет арасындағы сауда-экономикалық қатынастар тұрақты өсу қарқынына және экономикалық өзара іс-қимылдың жаңа мүмкіндіктеріне ие.

Бүгінде арамызда берік шарттық-құқықтық база түзілді. Диалогтық алаңдар мен институттардың елеулі саны жұмыс жасауда, олар қатарында Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобы, Қазақ-герман іскерлік кеңесі, Герман экономикасының Орталық Азиядағы өкілдігі, Берлин Еуразиялық клубы және басқалары бар.

Бір ғажабы сол, елімізге келген неміс инвестицияларының шамамен 90%-ы экономиканың шикізаттық емес секторына салынған. Яғни, германиялық капитал Қазақстанда қосылған құны жоғары өнім шығаруда. Соңғы жылдары ГФР компанияларымен бірлесіп, құрылыс, машина жасау, өнеркәсіп өндірісі және тағы басқа салаларда 19 ірі инвестициялық жоба іске асырылды.

2005-2018 жылдар аралығында германиялық компаниялар Қазақстан экономикасына шамамен 4,6 миллиард доллар инвестиция құйды.

– «Siemens», «Heidelberg Cement», «Knauf», «Linde», «Wilo», «Bayer AG» сияқты жетекші герман компанияларының қатысуымен іске асқан жобалар елдеріміздің жемісті ықпалдастығының үлгісі саналады. Олар өндіретін өнімдер тек Қазақстан нарығында ғана емес, көрші елдерде де жақсы танымал. Неміс бизнесімен арадағы табысты ынтымақтастықтың жарқын мысалдарының бірі – шағын көлемдегі көтерме сауда форматындағы әлемдік ірі дүкендер желісі «Metro Cash&Carry»-дің Қазақстан нарығына кіруі болды. Қазіргі кезде Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Шымкент қалаларында 6 «Метро» сауда орталығы жұмыс істейді және 1500 жұмыс орнын қамтамасыз етіп отыр, – дейді Сыртқы істер министрлігі.

Ал құрылыс материалдарын өндіретін әлемдік көшбасшы – «Heidelberg Cement» Қазақстан нарығында 2005 жылдан бастап әрекет етуде. 2 мыңнан астам қызметкер цемент, бетон және инертті материалдар шығаратын бірнеше жергілікті компанияда жұмыс істейді. Компанияның Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында, Шымкент қаласында 3 цемент зауыты, сондай-ақ Алматы, Нұр-Сұлтан және Ақтау қалаларында бетон зауыттары бар.

СІМ герман инвесторларын тарту ісі жалғасатынын жеткізді.