Цифрландыру – болашаққа инвестиция
Цифрландыру – болашаққа инвестиция

Былтырғы 2018 жылы Қазақстанда цифрландырудан келген жалпы экономикалық тиімділік 578 миллион долларды құрады. Бұл шамамен 217 миллиард теңгеге тең. Осындай ақпарат елордада өткен «IDC CIO Summit 2019» халықаралық конференциясында айтылды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау салтанатындағы сөйлеген сөзінде осы салаға жеке тоқталып, баса мән берген болатын:

«ХХІ ғасырдағы ауқымды міндеттердің бірі – цифрландыру. Ол мемлекеттік қызметтер көрсетуден бастап, болашақ экономикасының жаңа салаларын құруға дейінгі өмірдің барлық бағытын қамтуға тиіс. Саяси прогресті қоса алғанда, еліміздің дамуы да цифрландырумен тікелей байланысты. Ол мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастардың мазмұнын сапалы түрде өзгертеді. Сондықтан Елбасы бекіткен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы орындалуға тиісті», – деді Мемлекет басшысы.

Астанамыздағы конференцияның ашылу салтанатында цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Аблайхан Оспанов айтқандай, 2018 жылдан бастап жүзеге асырылып жатқан «Цифрлық Қазақстан» мембағдарламасы қазірден елге игілік әкелуде. Нақтылай кетсек, экономика салаларын цифрландыру аясында қазіргі кезде тау-кен металлургиясы кешенінде және мұнай өңдеу кәсіпорындарында инновациялық технологияларды ендіру жобалары іске асырылуда. «Интеллектуалдық кен орны» жобасы кеңейтілді. 7 үлгілі-моделді цифрлық фабрика құру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Экономиканы цифрландыру және инновациялық экожүйені түзу аясында белсенді дамытылып жатқан бағыттардың бірі – электрондық коммерция саласы. 2018 жылы Қазақстанда осы саладағы сауда көлемі 1,5 есеге артып, 700 миллион доллардан асты. Бұл еліміздегі барлық бөлшек сауда көлемінің 2,9%-ына тең.

–Кез келген кәсіпорынның цифрлық трансформациялануы табысқа жетуі үшін тиімді стратегияның болуы және цифрлық технологиялар мен инновацияларды енгізу шарт. Бұл міндет «CIO»-ға, яғни жаһандық цифрландыру процестерімен интеграцияға да, сондай-ақ жекелеген кәсіпорындардың ішіндегі ІТ-құрауышқа, бизнес-үдерістерге да жауапты тұлғаларға жүктеледі. Цифрлық жаңаруды жеделдету үшін компанияның немесе ұйымның бүкіл топ-менеджментін бірлескен қызметке тарту, өңірлік деңгейде серіктестікті дамыту, соның ішінде цифрландыру саласындағы көшбасшылармен арадағы өзара байланыстарды кеңейту және осындай алаңдарда қатынас орнату маңызды, - деп атап өтті Абылайхан Оспанов.

«IDC CIO Summit 2019» ұйымдастырушыларының дерегінше, 2020 жылға қарай жаһандық компаниялардың 30%-ы өз кірістерінің 10%-ын цифрландыруға бөлетін болады. Яғни, алдағы жылдары цифрландыру «ұзақ мерзімді инвестиция» ретінде қарастырылмақ. Бұл басқарудың стратегиялық деңгейінде осы өзгерістерге мән-маңыз беріліп отырғанын және оның тұрақты дамуға әсерін айғақтайды.

IDC конференцияларының жаһандық сериясы жыл сайын мамандардың басын қосады. Оның алаңында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және кәсіпорындарда ІТ-инфрақұрылымды дамытудың өзекті міндеттері талқыланады.

Бұл ретте вице-министр ауызға алған, қазақстандықтардың құлағына үйреншікті бола қоймаған CIO лауазымына (Chief Information Officer) – ақпараттық технологиялар жөніндегі директорлар, ақпараттандыру жөніндегі менеджерлер кіреді. Бұлар – компанияда жаңа технологияларды енгізуге, ақпараттық ресурстарды басқаруға жауап беретін жоғары дәрежедегі жетекшілер. Қарапайым тілде, «CIO» ІТ-директор немесе ақпараттық технология бөлімшесінің басшысы деп те атала береді.