Ықпалдастық жалғаса береді
Ықпалдастық жалғаса береді
5,172
оқылды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің V саммитіне қатысу үшін Душанбе қаласына келді.

Алғашқы болып Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен кездесті. Жүздесуде Қазақстан Президенті Нұр-Сұлтан мен Душанбе арасындағы байырғы достық қатынастар мен ынтымақтастықты атап өтіп, Қазақстанның сайланған Президенті ретіндегі алғашқы шетелдік сапарының символдық мәні бар екенін айтты.

– Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммитіне келер болсақ, Сіз осы форумның басында тұрдыңыз және оның бас­тамашыларының бірі болдыңыз. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы БҰҰ мінберінен осындай ұсыныс жасаған болатын. Сол бастама қолдау тауып, содан бері бұл үдеріс табысты дамып келеді. Сіздің осы ұйымның дамуы­на зор үлес қосқа­ныңызды тағы да атап өткім келеді. Ал қазір іс жүзінде осы жиынды басқарып отырсыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Тә­жікстанның көпқырлы құрылымдар мен халықаралық ұйымдарда бір-біріне қолдау көрсетіп келе жатқанын айтып, осы ықпалдас­тықты жалғастыра беруге ниетті екенін жеткізді.

Тәжікстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ілтипат білдіріп, Қазақстан Президенті болып сайлан­ғаннан кейінгі бірінші жұмыс сапары екенін атап өтті.

– Ең алдымен, Сізді Қазақстан Пре­зи­денті болып сайлануыңызбен құттық­тай­мын. Жоспарларыңыз бен бастама­ларыңыз­дың табысты жүзеге асуына тілектеспін. Сайлау қорытындысы хал­қыңыз­дың Қазақстанның ішкі және сыртқы саяси бағдарын жүзеге асыру ісін­дегі сабақтастықты қолдайтынын та­ғы да дәлелдеді, – деді Эмомали Рахмон.

Тәжікстан көшбасшысы Қазақ­стан­мен ынтымақтастықтың өз мемлекетінің сыртқы саясатында маңызды орынға ие еке­нін атап өтті. Оның пайымдауынша, бір­лескен күш-жігердің арқасында екі ел ара­сындағы стратегиялық әріптестік бо­лашақта да жемісті дами береді.

Келіссөздер соңында тараптар Душан­бе саммитінің қатысушы елдер үшін Кеңес саммитінің аралық жұмы­сы­ның қорытындысын шығаруға, аймақ­тағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қам­тамасыз ету мәселелері жөнінде пікір ал­масуға және болашақтағы бағыттары мен басымдықтарын айқындауға мүм­кіндік беретінін атап өтті.

Ресми кездесуден кейін Эмомали Рах­мон Қасым-Жомарт Тоқаевқа өзінің ре­зиденциясы – Ұлт сарайын таныстыр­ды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім ша­ра­лары жөніндегі кеңестің V саммитінің пленарлық мәжілісіне қатысады және бірқатар екіжақты кездесулер өткізеді.