Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында әлемнің 200-ден астам елі мен олардың астаналарын жатқа білетін дарынды бала тұрады. 6 жасар Жігер Берікбайұлы елдердің мемлекеттік туын жаңылмай ажыратып, президентін, валютасы мен қысқаша тарихын мүдірмей айтады. Бір қызығы, ол мұның бәрін карантин кезінде жаттап алған. 4 жасында әріп танып, кітап оқыған алғыр бала биыл бірінші сыныпты үздік бітірмек. Айта кетерлігі, ауыл баласы ешқандай қосымша білім орталықтарына барған емес. Ойы ұшқыр. Жады мықты. Әлем елдеріне қатысты қызықты мәліметтерді тез жаттап алған. Дүниежүзі картасынан кез- келген елді лезде тауып береді. Қазір ол ағылшын, орыс, араб тілін үйреніп жүр. – Арабша сөздерін білемін, жаза да аламын. Ағылшын тілін де меңгердім. Мен Норвегия, Швеция және Канадаға барғым келеді. Анам мен әкемді саяхатқа шығарып, мемлекеттерді көрсеткім келеді, – деген Жігер көкейдегі арманын да жасырмады. Зерек бала Абай мен Мұқағалидің өлеңдерін де сүйіп оқиды екен. Лезде жаттап алады. Ол қатарластары секілді гаджеттен ойын ойнамайды. Интернетті тек қана әлем елдеріне қатысты ақпарат алу үшін қолданады. Асық пен футбол сүйікті ойындары. Жігердің есте сақтау қабілетінің жоғары екенін алдымен әжесі байқаған. Зиба Тәңірбергенова: «4 жасынан бастап кітапқа қызығушылығы болды. Біз оны үйде оқыттық. Сауат ашу кітаптарын, дайындық сынып тапсырмаларын оқыттық. Алғыр, бәрін тез оқып кетті. Содан бірінші сыныпқа барғаннан кейін оқу озаты болды. Карантин басталғанда «Атлас картасын» тауып әкеліп бердім. Соның суреттерін көріп, карталарды қарап, қызығушылығы басталып кетті. Карантинде бос жатпай, түгел мемлекеттердің астанасын, қай жерде орналасқанын, президенттері мен туларын бәрін үйренді», – деп ағынан ақтарылды. Талабы таудай Жігер болашақта әлемді аралап, керемет жерлерді көремін деген арманы орындалатынына сенімді. Сол үшін де бірде-бір сабақты жібермей тиянақты оқиды. Нәтижесі де жаман емес. Енді жазғы демалыста дүниенің төрт бұрышында орналасқан елдердің әнұранын жаттап алуды мақсат етіп отыр.
Жазира Қуанышбекқызы