Елордада екі оқушы бала автокөліктен сөмке ұрлап, ішіндегі ақшаға достарына тәтті алып берген. Велосипед теуіп жүрген балалар автокөліктің бірінде әйелдер сөмкесі қалып кеткенін байқаған. Маңайда ешкімнің жоқтығына көзі жеткен олар көлік салонына кіріп, сөмкені жымқырып кеткен. Машинаның есігі құлыпталмағаны анықталды.
«Балалар ішіндегі ақшасын алып, сөмкенің өзін лақтырып жіберген. Ұрлықты көрген әйел полицияға жүгінді. Бірнеше сағаттың ішінде құқық қорғаушылар видеобақылау камералары арқылы заң бұзушыларды ұстап алды. Полиция қызметкерлерін көрген олар ісін бірден мойындап, кешірім сұрады. «Ақша қайда?» деген сұраққа балалар өздеріне және көрші достарына газдалған сусын, чипс пен тәтті-дәмді алуға жұмсағанын айтты», - деді қалалық Полиция департаментінен.Жасөспірімдер істері жөніндегі инспекторлар балалар бұған дейін мұндай заң бұзушылыққа бармағанын айтады. Полицейлер істің салдарын ұқтырып, оқушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Ал жүргізушілерге тәртіп сақшылары көлікті жауып жүруге кеңес береді.
«Сонымен бірге полиция жыл басынан бері тексеріс жүргізіп, ашық қалған 700 көлікті анықтаған. Олардың 600-і полицияның көзінше есігін жауып, ескертілген», - деп хабарлайды департаменттен.