Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты «Қазақстанның даму траекториясы: сабақтастық, әділдік, өрлеу» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Жиында президент сайлауының қорытындысы, елдегі қоғамдық-саяси ахуал, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясат пен күн тәртібіндегі өзге де мәселелер талқыланды.
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің жетекшісі Алуа Жолдыбалина сайлауға дауыс беру құқығына ие азаматтардың 77,4%-ы қатысқанын атап өтіп, бұл көрсеткішке «саяси науқандағы қоғам белсенділігі жоғары болды» деген баға берді. Сарапшының пікірінше, жаңадан тағайындалған президент бүгінгі күннің негізгі мәселелерін шешуге бағытталған бағдарламасын таныстырып, аталған жобалардың кейбірін орындауды бастап үлгерген.
– Жаңадан тағайындалған президент әлеуметтік мәселелерді шешу, кәсіпкерлікті қолдау, қоғам бірлігін сақтау, халықтың табысын арттыру, жұмыспен қамту және сыбайлас жемқорлықпен күресу сияқты бірнеше бағытқа басымдық беретінін мәлімдеді. Кей бағыттарды жүзеге асыру бойынша жұмыстар қолға алынған. Мәселен, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бөлінуі сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның институттық тұрғыдан нығаюына жол ашады. Президент жастар мен мемлекеттік басқару жүйесін жаңа кадрларға ауыстыруға ерекше мән беріп отыр. Президенттік кадрлық резерв қалыптастыру және жас талантты басқарушыларды мемлекеттік қызметтің барлық деңгейінде қолдау бойынша нақты тапсырмалар беріледі. Бірқатар жаңа тағайындаулар болғанына куә болдық», – деді Алуа Жолдыбалина.
Саясаттану ғылымдарының докторы Наталья Калашникова президент бағдарламасының үшінші бөлімі толықтай жастарға арналғанын атап өтті.
– Президенттік кадрлық резервті қалыптастыру – салмақты мақсаттардың бірі. Бізде білікті мемлекеттік қызметкерлер көп, олар дәл осы кадрлық резервке енгісі келеді. Бұдан жастардың мемлекеттік қызметке үлкен қызығушылық танытып отырғанын байқауға болады. Президент бағдарламасында қозғалған ұлттық мүдделер тақырыбы да ішкі саяси мәселелерді шешу маңызды екенін көрсетеді, – дейді ол.
Мәжіліс депутаты Павел Казанцев президенттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру бастамасына қатысты пікір білдіріп, «болашақ ұйым жұмысына қоғам өкілдері мен мемлекеттік органдар тең дәрежеде қатысуы керек» деген ой қосты.
– Мұндағы үстемдік қоғамда болатынына кәміл сенімдімін. Біздегі азаматтық қоғам айқын қалыптасқан, яғни бізде партиялық ұйымдар, қоғамдық ұйымдар сынды диалогтық алаңдар бар. Кеңес жұмысының табысты болуы үшін халықтың барлық мақсатты тобының мүдделерін ескеруі маңызды. Сәйкесінше, партия өкілдері міндетті түрде кеңеске енуі керек, себебі, партияның мақсатты тобы бар. Ал азаматтық альянс, кәсіподақ сынды қоғамдық бірлестіктер еңбек ететін 2 млн-нан астам халықты біріктіріп отыр. Ары қарай мүмкіндігі шектеулі жандар, жастар сынды өзге де әлеуметтік ұйымдар кеңес жұмысына қатысуы тиіс. Сонымен бірге, мемлекеттік органдар болмасын деген пікірлерді естіп жүрміз. Мемлекеттік органдар қатысуы тиіс, себебі, пікірталастан нағыз ақиқат туады, – дейді Павел Казанцев.
Кәусар АХМЕТ