Алматы облысында жәрдемақыға кеткен келіншек асылып қалған күйінде табылды, – деп хабарлайды КТК. Телеарнаның хабарлауынша, кейіннен 44 жастағы әйел келіп, оның өлімін өз мойнына алған. Ол марқұмның азаматтық некедегі күйеуінің бұрынғы әйелі еді. Арайлымның анасы Райгүл Омарованың айтуынша, қызы жәрдемақы алу үшін тездетіп әкімдікке баруы керек екенін айтып, асығыс кеткен. Содан кейін қызын тірі күйінде көрмепті. Асылып қалған күйінде табылды. Арайлым Байтарақова сол күні күйеуіне «құтқаршы» деген хабарлама жазады. Күйеуі Арайлымның үйіне келіп, мән-жайды айтады. Ата-анасымен бірге полицияға барғанда, ондағылар тек үш күннен кейін ғана іздеу жұмысы басталатынын айтады. Абдырап қалған әке мен ана, жолдасы ауыл еріктілерімен бірге іздеуге шығады. Бейнебақылау камерасы арқылы Арайлым мінген көлік анықталады. Алайда көліктің иесі бұл іске ешқандай қатысы жоғын айтып ақталады. Ертесіне 44 жастағы Гүлбану Саурықова полицияға келіп, Арайлымды байқаусыз да өлтіріп алғанын мойындайды. Ол – Арайлымның азаматтық некедегі күйеуінің бұрынғы әйелі. Арайлымның артында екі баласы қалды. Қазіргі уақытта істің анық-қанығы тергеліп жатыр.