Nur Otan партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастыруымен тікелей эфирде халықпен жүздесу өтті. Оған Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары О.Чугунков, ШҚО Білім басқармасы басшысының орынбасары Қ.Оспанғалиев, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы А.Сұлтанова, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Н.Рамазанов және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының ШҚО филиалы жетекшісі Н.Қыстаубаев қатысып, әлеуметтік желі арқылы тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Тікелей эфир барысында тұрғындар тарапынан жолданған сауалдардың басым көпшілігі Birgemiz қоғамдық қорынан берілетін 50 мың теңгеге және төтенше жағдай мен карантин уақытында табыс көзінен айырылған азаматтарға төленетін 42 500 теңге мен коммуналдық қызметке төленетін 15 мың теңгеге қатысты болды. Бүгінгі күнге дейін облыс көлемінде 42 500 теңге төлемі бірінші кезең бойынша 296 мың адамға берілсе, екінші кезеңінде 192 мың адам төлемге ие болған. Бұл туралы тікелей эфирге қатысқан Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының ШҚО филиалы жетекшісі Н.Қыстаубаев жеткізді. Ал Nur Otan партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары О.Чугунков эфирде Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Birgemiz қоғамдық қоры арқылы Шығыс Қазақстан облысының Өскемен және Семей қалаларының 29 853 тұрғыны 50 мың теңгеден материалдық көмек алғанын атап өтті. Ол сонымен қатар #BizBirgemiz акциясы аясында өңірдің кәсіпкерлері мен мәслихат депутаттары, ерікті жастар, аудан, қала әкімдіктері, партия өкілдері мен жасотандықтардың қатысуымен облыс көлемінде 21 895 отбасыға азық-түлік және бірінші қажеттіліктегі тұрмыстық заттар берілгенін де тілге тиек етті. Nur Otan партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы бұған дейін де тұрғындар сауалдарына тікелей эфирде жауап беріп, өзекті мәселелерді халықпен бірге талқылады.
А.ЖАСАНҰЛЫ