Қайбір күні Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық кеңестің онлайн форматта өткен отырысында одақтың стратегиялық құжатын сынап тастады. Ол шикі жобаны толықтыру қажет екенін алға тартып, «бұл стратегия Үкімет пен Парламенттің дербестігін шектейді» деген қаупін жасырмады. Қазақстан қоғамы Президенттің мәлімдемесін сан-саққа жорып жатыр. Одаққа мүше бес мемлекеттің басшылары қатысқан видеоконференцияда Қасым-Жомарт Тоқаев мейлінше қатқыл сөйледі. «Денсаулық сақтау, білім, ғылым салаларын ЕЭК құзыретіне толық көлемде беру оның экономикалық бағытын айтарлықтай өзгертуі мүмкін. Яғни, 2015 жылғы Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімнің мәніне қайшы келеді», – деді Президент. Рас, Еуразиялық экономикалық одақ Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. Бірақ бұл идеяның ешқандай саяси астары болмаған. Елбасының ниеті ТМД кеңістігінде өз алдына шаңырақ көтерген республикалардың экономикалық байланысын қалпына келтіру еді. Одақтың ресми сайтында «ЕАЭО мақсаты – ұлттық экономикаларды жан-жақты жаңғырту, кооперациялау мен олардың бәсекеге қабілеттігін арттыру және мүше мемлекеттер халқының өмір сүру деңгейін өсіруге жағдай жасау» деп жазылған. Ұйым ақпаратында ЕАЭО-да тауар, қызмет, капитал мен жұмыс күшінің қозғалу еркіндігі, сондай-ақ экономика салаларындағы үйлестірілген, келісілген немесе бірыңғай саясат жүргізу қамтамасыз етілетіні атап айтылған. Тоқаевтың тоқпақпен ұрғандай сөздері Путинге жайсыз тиген сияқты. Сырт көзге оның әлпеті құбылып, шекесі тырысып, әлдебір қағаздарды ақтарғансып, кәдімгідей жақтырмай қалғаны бірден көрінді. Неге? Себебі Кремльдің мысықтабандап жақындау арқылы одақты саясиландыру жөніндегі жоспары тағы да тығырыққа тірелді.
Кеңес Одағын жаңғырту мақсат емес
Қазақстан бұған дейін де Мәскеудің мұндай бастамаларынан бас тартқан. Мысалы, жыл басында Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин Алматыда өткен басқосуда спорт, туризм, экология, денсаулық сақтау және білім саласын Еуразиялық одақтың жұмыс жоспарына енгізуді ұсынды. Ал Асқар Мамин мәймөңкелеп отырмай: «Еуразиялық одақтың әу бастағы келісімшартында көрсетілген міндеттердің шегінен шықпау маңызды. Бұл одақ тек экономикалық әріптестік мақсатында құрылған» деп ресейлік әріптесін жалма-жан тойтарып тастады. Түрлі деңгейдегі басшылар одақ шеңберін кеңейтуге неліктен үзілді-кесілді қарсы шыға береді? Өйткені Қазақстанның ұйымдағы ұстанымы бесенеден белгілі. Кезінде Нұрсұлтан Назарбаев: «Кеңес Одағын жаңғырту немесе қайта тірілту деген жоқ және болмақ емес. Ол – тек өткеннің елесі, долбар мен жел сөз ғана. Бұл мәселеде Ресей, Беларусь және өзге елдердің басшылығымен көзқарасымыз толық үйлеседі» деп Алаштың алаң көңілін уатқан. Көзқарастары қаншалықты үйлесетінін қайдам, әйтеуір қазақ билігі Ресеймен алыстан сыйласуға тырысады. Біздің ойымызша, ең басты себеп – көршіміздің империялық пиғылы. Кремль бұл одақты әуелден-ақ экономикалық мақсаты бар, нарыққа бейімделген интеграция деп емес, идеологиялық сипаты басым саяси жоба деп қарастыратын сыңайлы. Мәселен, Мәскеу ара-тұра ортақ валюта енгізу, ортақ қаржы орталығын құру, ортақ ақпарат алаңын ашу, ішкі-сыртқы шекараларды біріге бақылау сынды ұсыныстар жасап тұрады. 2014 жылы құжатқа қол қойылғалы жатқанда Ресей келісім ішіне өзінің геосаяси мүддесін кіргізуге тырысқан деседі. Мақсаты – ТМД кеңістігін тырп еткізбей бақылау. Бәзбіреулер ортақ парламент, ортақ паспорт, ортақ азаматтық деген әңгімелерді де қоңырсытып қояды. Алайда соңғы оқиғалар, әсіресе Қырым аннексиясы одаққа мүше елдерді үркітіп жіберген секілді.Интеграция деген өзгеге басыбайлы болу емес
Мамандардың көбі осы одақта жетекші рөл Ресейге тиесілі және негізгі пайданы да сол көреді деп санайды. Оны дәлелдеу үшін бәрін жіпке тізбей-ақ, отандық автонарыққа назар аударайық. 2011 жылы күшіне енген Кеден одағында шетелдік көліктерге салынатын баж салығы күрт өсті. Бес жылдан асқан және қозғалтқыш көлемі 1 800-3 000 текше сантиметр көліктерге кедендік баж әр сантиметр кубқа 4 еуро болды (бұған дейін аталған көрсеткіш 8 есе төмен еді). Халық 2011 жылға дейін қозғалтқышы 1 800 текше сантиметр Toyota Camry көлігіне 1 035 доллар баж салығын төлесе, одан кейін дәл сондай көлік үшін 7 476 доллар төлеуге мәжбүр. Ең өкініштісі, жаңағы салықтан түскен миллиардтаған ақшаның басым бөлігі Ресейдің қазынасына құйылады. Беларусь пен Ресей арасында сауда жөніндегі дау-дамай, Қазақстан мен Ресей арасында кеден мен саудаға қатысты түйткілдер, Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасында шекарадағы бөгет мәселелері де үнемі қайталанады. Саясаттанушы Досым Сәтпаевша саптасақ, «Еуразиялық экономикалық одақ әр аспаз өз тамағын әзірлеп жүріп, ошақ басында қырқысып қалатын асүйге ұқсайды». Сондықтан шығар, кей сарапшылар бұл ұйымды күні батуға таяу уақытша құрылым деп топшылайды. Байқағанымыз, қазақ билігі Ресейдің интеграциялық бастамаларын біресе қолдаған сыңай танытып, біресе кейінге шегерумен келеді. Сырттай сыпайылық сақтағанымен, енді ешқашан бодандық ноқтасын кимейтінін астарлап жеткізеді. Сонау бір жылы Елбасы Ұлытау баурайында берген сұхбатында тәуелсіздікке қауіп төндіретін кез келген одақтан шығып кететінімізді қадап айтқан. Еркін елдің тізгінін қолына берік ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаев та осы бағытта алған бетінен айнымас деп сенеміз.