Білім министрі 20 мамыр күні онлайн брифинг өткізді. Білім көкжиегіндегі келелі мәселелерге тоқталып, журналистердің сауалына жауап берді. Академиялық адалдық, Ұлттық бірыңғай тестілеу мен қашықтан оқыту жүйесіне кеңінен тоқталды. 25 мамыр күні Білім және ғылым министрлігі соңғы қоңырау салтанатын онлайн өткізуді жоспарлап отыр. Дәстүрлі форматта оқу жүйесі бойынша 25 мамырда мектепте соңғы қоңырау соғылмайтынын баса айтты. Ал аттестат тапсыру рәсімі туралы толық мәлімет берді. Білім және ғылым министрлігі аттестат тапсыру рәсімін өткізу туралы Денсаулық сақтау министрлігінен кеңес сұраған. Сәйкесінше 3-4 маусым күні 11-сынып оқушылары үшін аттестат тапсыру салтанаты өтеді. Сондай-ақ аталған кеште соңғы қоңырау соғылады. Әрине, аттестат тапсыру рәсімінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталады. «Санитарлық талаптар қатаң сақталады. Балалардың, педагогтердің қауіпсіздігіне айрықша екпін қоямыз. Медициналық масқа тағу міндеттеледі. Бұл шара аулада, яғни ашық кеңістікте өтеді. Әр сынып өзінің шарасын жекелей ұйымдастырады. Арақашықтықты сақтау үшін арнайы белгілер қойылады», – деді министр.
Тұлғаны сәйкестендіру жүйесін орнатамыз
Министр Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, биыл 131 мың түлек тестілеуге қатысу үшін онлайн өтініш толтырған. Бас мұғалім мұның абсолютті рекорд екенін атап өтті. Ведомство басшысы ҰБТ маусымның соңы мен шілденің басында өтетінін айтты. 26 мамыр күні аппарат кеңесінде ҰБТ-ға дайындық тақырыбын талқылайтынын жеткізді. Министрдің сөзіне сүйенсек, жауапты сын кезінде санитарлық талаптар мен санитарлық-эпидемиологиялық шараларды күшейтуге айрықша назар аударылады. Сондай-ақ министр ҰБТ тапсыру кезінде арақашықтықты сақтау мақсатында аудиториядағы адамдар саны барынша қысқартылатынын айтты. БҒМ министрі маска, респиратор тағу міндетті екенін, аудиторияны желдету жұмыстары жүретінін ескертті. «ҰБТ-ны 144 тестілеу орталығында өткізу жоспарда бар. COVID-19 жоқ шалғай елді мекендерде де санитарлық шаралар міндетті түрде сақталады. Биыл тұлғаны сәйкестендіру жүйесін орнату мәселесін қарастырамыз. Бұл жүйені сынақтан өткіздік. Тұлғаны сәйкестендіру адамның бет-жүзін тану арқылы автоматты түрде орындалатын болады деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар дене температурасын өлшеу, емтиханды жазу және басқа да көптеген мәселені қарастырамыз», – деді министр.Мұғалім қашықтан оқыту жүйесін меңгеруге міндетті
Асхат Аймағамбетов қашықтан оқыту жүйесін әлі де жетілдіре түсу керек екенін баса айтты. Қашықтан оқыту кез келген білім беру ұйымын «сынақтан» өткізген. Министрлік елдегі жоғары оқу орындарында қашықтан оқыту форматын ақпан айында сынақтан өткізген. Сонда бірқатар университеттер сервер сатып алуға мәжбүр болған. Министрдің айтуынша, қашықтан оқытудың шығыны да, пайдасы да бар. Осы оқу жылында үнемделген қаржыны білім беру ұйымдары игілігіне жарататынын мәлімдеді. «Биыл оқушылар IV тоқсанды үйінде оқыды, министрлік қаржысы қалтасында қалды» деген жалаң түсінік болмау керегін нұсқады. Өйткені министрлік компьютері, интернеті жоқ оқушыларды керек-жарақпен қамтыған. Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында мектептегі компьютерлер мен роутерлерді оқушыларға таратып берген. Мұндай шара еліміздің басқа да өңірінде өткен. Министр мұғалімнің қашықтан оқыту форматын меңгеруі міндетті екенін айтты. Алдағы уақытта қашықтан оқыту бойынша тиісті курс өткізетіндерін мәлімдеді. Оның ішінде IT компетенциялар, балаларды оқыту әдістері қамтылады. Яғни, қашықтан оқыту жүйесі арқылы білім беру мен жұмыс істеудің мән-жайына басымдық беріледі. Министрдің айтуынша, министрлік осындай бағыттағы курстарды дайындап жатыр. Ведомство басшысы бағдарламаның бірнеше нұсқасын қарап шыққан. Асхат Аймағамбетов компетенциялар арнайы курстарда қамтылатынын атап өтті. Кейіннен оның барлығы біліктілікті арттыру аясында педагогтерге оқытылатынын жеткізді. «Мұнымен қоса, жоғары оқу орындарын даярлау аясында осы жүйе бойынша қашықтан оқыту бойынша міндетті модульді енгізетінімізді ректорларға хабарладық. Болашақ педагогтер университетте бұл технологияларды меңгеруі тиіс», – деді ол.Дәстүрлі форматта оқыту қолайлы
Министр онлайн брифингте қашықтан оқыту уақыт талабы екенін айтып, пайдасы барына тоқталды. Аймағамбетовтің айтуынша, бұл үйде білім алатын балаларға, қыста ауылды елді мекендерде жол ашылмай оқудан қалатын оқушыларға тиімді. Білім беру процесінің дамуына септігін тигізетінін айтты. «Бірақ мұның бәрі келер оқу жылы қашықтан оқыту форматында жалғасатынын білдірмейді», – деді. «Әр аптаның сенбісінде онлайн режимде мұғалімдермен пікір алмасамын. Біз саладағы мәселелерді талқылаймыз. Осы орайда ұстаздар балалардың оқу үлгеріміне қатысты мәліметтерді айтады. Олардың сөзінше, осыған дейін жақсы оқыған балалардың сабақ үлгерімі нашарламады. Олар бұрынғысынша жақсы ынтамен сабақтарын жалғастырған, яғни білім сапасын жоғалтпаған», – деді А.Аймағамбетов онлайн баспасөз мәслихатында. Министр сөзіне қарағанда, педагог, ата-ана мен оқушы дәстүрлі форматта оқыту тиімді әрі ыңғайлы екенін жете түсінді. Осыған орай ол министрлік үшін бұрынғыдай дәстүрлі күндізгі оқыту қолайлы екенін атап өтті. «Дәстүрлі форматта оқыған кезде тұйықтау бала ретінде көрінгендерде өзгеріс болған. Әріптестердің хабарлауынша, бұл балалар ашылып, өздерін жаңа қырынан көрсеткен. Олар ойын, тұжырымын ашық айта бастаған», – деді министр.Үстемеақы алғысы келген педагог тест тапсырады
Мұғалімдердің біліктілік тестін тапсыратыны, арнайы курстан өтетіні белгілі. Ұстаздар біліктілік санатын көтеру үшін 3 ай, 6 ай деп бөлінетін түрлі курсқа қатысады. Әрине, еңбегі еленетіні сөзсіз. Курсты аяқтаған соң тест тапсырады. Нәтижесіне қарай айлық табысына 30, 50 пайыз үстемеақы қосылады. Енді балабақша тәрбиеленушілері де біліктілік санатын арттыру үшін тест тапсыратын болады. Білуімізше, балабақша қызметкерлері 72 сағаттық курстан өтеді. Министр тест сұрақтарының құрастырылып жатқанын, сұрақ әрбір педагог білуге тиіс жайттан тұратынын атап өтті. Бұл педагогтің өзіне керек екенін, егер тестті сәтті тапсырса, үстемеақы алатынын айтты.Министрлік интернет олимпиадаға қырын қарайды
Қазір әлеуметтік желіде интернет олимпиада мен байқаудан аяқ алып жүре алмайсың. Осы жағдай министрліктің де құлағына жеткен. Ұстаздардың оқушыға олимпиадаға қатысуға мәжбүрлеуге құқы жоқ екенін ашық айтты. «Егер баланы ақылы олимпиадаға қатысуға мәжбүрлесе, тиісті құзырлы органдарға шағымдану керек. Бізде «құқымыз бұзылып жатса, басқа біреу келіп бізді қорғайды» деген түсінік қалыптасып кеткен. Құқықтық мәдениеттің болуы маңызды. Министрліктің ұстанымы мынадай: біріншіден, ақылы сайыстарды қолдамаймыз. Екіншіден, мектеп қабырғасында ақылы олимпиадалар өткізуге болмайды», – деді Асхат Аймағамбетов. Шығармашылық емтихан шілденің ортасында өтеді. Асхат Аймағамбетов онлайн брифингте шығармашылық емтихан жайына да тоқталды. Ұлттық бірыңғай тестілеудің маусымның соңы мен шілденің басында өтетінін, соған сай шығармашылық емтихан шілденің ортасында болатынын мәлімдеді. Түлектер мен магистратураға тапсыруға ниетті тұлға құжатты онлайн тапсыруға мүмкіндігі бар. Магистратураға түсу сынағы бұрынғы мерзімде өтеді. Сондай-ақ министр «Болашақ» стипендиясы үміткеріне қойылатын талаптардың өзгеретінін атап өтті. Мемлекеттік тілді білуі, ағылшын тілін меңгеруі тиіс екенін айтты. Оның айтуынша, шет тілін стипендияға ие болған соң емес, конкурсқа қатысар алдында жетік білгені назарға алынады. Министр елімізде ағылшын тілін меңгеруге бар жағдай жасалғанын, оқуға түскен соң 1 жыл ағылшын тілін меңгеру жүйесін түсінбейтінін ашық айтты. Бұл туралы министрлік жақында толыққанды мәлімдеме жасайды.