Оның есімі – Теодор. АҚШ-та тұрады. 2001 жылы Өскемен қаласында дүниеге келген Марат Оразғалиев бір жасында тағдырдың тартуымен мұхит асып кеткен екен. Қазір жасы жиырмаға келді. Өзінің түп-тамырын іздеген Теодор мессенджер арқылы ағасын тауыпты. «АҚШ-тағы асырап алған ата-анам өте жақсы адамдар, олар менің туыстарымды 2008 жылдан бастап іздеп, менің қазақ екенімді үнемі еске салып отырды. Қазақстан деген мемлекеттің Өскемен дейтін қаласында туыстарым бар екенін ұмыттырған жоқ», – дейді Теодор. Ол осыдан бір ай бұрын Өскеменде тұратын Рүстем дейтін ағасы мен апайы бар екенін біліпті. Теодор ағасымен де, апайымен де байланысқа шығып, интернет аудармамен сөйлесіпті. «Қазір үздіксіз байланыстамыз. Суреттерін көрдім. Биыл туған жерімді, туған қаламды, туыстарымды көрсем деген арманым бар. Қазір жатсам да, тұрсам да ойлайтыным – Өскемен қаласы. Ертіс өзенін көргім келеді. Қазақ жері қандай, халқы қандай екен, руымды білгім келеді», – дейді Теодор. Ол АҚШ-тың Флорида штатындағы Пенсакола қаласында тұрады екен, колледжде оқиды. Карантин бітсе, елге келу ойында бар. Ағасы екеуі Өскемендегі балалар үйінде болыпты. Рүстемді 5-сыныпта оқып жүргенінде асырап алған екен. «Туған бауырым бар екенін, оны Америкаға алып кеткенін алғаш рет 7-8 сынып оқып жүргенде білдім. Бірақ мұхит асып кеткен бауырды табу мүмкін емес, бос қиял сияқты болып көрінетін. Облыстық білім басқармасынан хабарласып: «Сіздің туған бауырыңыз табылды» деген кезде ішімді алай-дүлей сезім биледі», – дейді Рүстем БАҚ-қа берген сұхбатында. Тағдыр екіге бөлген ағайынды жігіттерді қайта табыстырды. Табыстырмаған, іздеусіз-сұраусыз, мұхит асып кеткен балалар қаншама?! Олардың тағдыры не болып жатыр?
Шетелге кетті сан бала...
Бір кездері ұлттық арнада «Шетелдегі қазақ балалары» атты арнайы бағдарлама түсірілді. Бағдарламаны түсірген – журналист Жанар Байсемізова. Бұл жобамен журналист әлемнің 12 елін аралап шыққан екен. Жанар Байсемізованың «Дүниежүзінің 30 елінде қазақстандық жетім балалар өмір сүреді. Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқын қорғау комитетінің мәліметінше, 8 806 баланы шетелдік азаматтар асырап алған. Олардың қаншасы қай елде тұратыны туралы толыққанды ақпарат бар. Сегіз мыңнан астам ұл мен қыздың жеті мыңға жуығы АҚШ-қа берілген. Алайда іссапар барысында ресми мәліметтің шынайылыққа жанаса бермейтінін байқадым. Кей мемлекеттердегі Қазақстан елшілігінің консулдық бөлімінде тіркелген балалар саны мен комитет берген деректер үйлесе бермейді. Кейбір мемлекеттердегі қазақстандық балалар мүлдем із-түзсіз кеткен. «Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасында бұл тақырып көтерілгеннен кейін құзырлы органдар ол балаларды іздеп, нақты мекенжайын анықтады. Қазақ балалары, тіпті Оңтүстік Африка Республикасына, Австралия, Мальтаға да өткен» дегені бар еді. Одан бері де бірнеше жыл өтті. Қазір бала асырап алудың заңдылығы өзгерген. Оның да белгіленген талаптары бар. Мәселен, осы уақытқа дейін қасақана қылмыс жасағаны үшін сотталған, сотталған мерзімін өтемеген азаматтарға, азаматтығы жоқ адамдарға, тіркелген некеде тұрмаған еркек жынысты азаматтарға, ҚР заңнамасында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейімен қамтамасыз ететін табысы жоқ азаматтарға, наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерде тұратын адамдарға, заңды некелеспеген азаматтарға бала асырап алуға рұқсат берілмейді. Бұрынғыдай оңды-солды балалар да шетел асып кетіп жатқан жоқ. Дегенмен қаракөздерімізді өз елімізде асырап алуға көбірек мүмкіндік берсек, Теодор секілді өрімдей жастар елді аңсап, туған жерін сағынып, шетте қалмас еді.Бала қиянат көрмеуі керек
«Шанс» орталығының жетекшісі Ольга Рыльға қоңырау шалғанымызда «Баланың толыққанды отбасында өскені дұрыс. Бірақ бала қандай отбасына тап келеді? Кейбір туған ата-ананың өзі балаға зәбір көрсетіп жатыр. Кей отбасы асырап алған баласын туғанынан артық көруі мүмкін. Сол себепті бұл адамның санасына байланысты. Әрине, жақсы отбасына тап келсе, жақсы. Қатыгез, қиындық көрсететін ата-аналар да бар. Ондай адамдар балаға қамқорлық таныта ала ма?», – дейді.Қазақ баласын қазақ асырап жүр ме?
Қиын-қыстау кезеңде, әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жетімдерге барынша қамқорлық танытып, бауырына басқандар көп болды. Бұған соғыс жылдарында БКП(б) Орталық комитетінің «Жетім балаларды асырап алу жөнінде» шыққан жасырын қаулысы сеп болған секілді. Мәселен, тарихи деректерде Ворошиловтың Фрунзенің ұлы мен қызын бауырына басқанын, Петр деген жетім баланы асырап алғаны туралы жазылады. Шаяхметов те ұл баланы асырап, азамат етіп өсірген екен. Ал қазақ дәстүрінде біреудің нәрестесін бауырға салу, яғни асырап алу – ежелден бар нәрсе. Бала асырап алу көбіне өз кіндігінен ұрпақ болмаған жағдайда ғана жүзеге асырылған. Қазақ салтына орай бала асырап алушы той жасап, ер бала болса – асықты жілік, қыз бала болса – тоқпақ жілік ұстау ғұрпын істеген. Бұл оның көпшілік алдындағы анты, уәдесі іспетті дүние. Ресей баланы асырап алған отбасына қамқорлық көрсетіп, арнайы жәрдемақы төлейді. Мұндай қамқорлық көрсету – Солтүстік ирландиялықтарға да тән. Олар әр отбасына баланы бағып-қаққаны үшін аптасына 200 АҚШ долларын төлейтін көрінеді. Сонда айына 800 доллар шығады деген сөз. Израиль «Еврей тек еврейдің баласын асырап алады» деген қағиданы ұстанады. Ал қазақ баласын қазақ асырап алып жатыр ма? Керісінше, біздің елде асырап алған баланы қайтарып беретін де жағдайлар кездеседі. Барлық қиындыққа қарамастан, асырап алған баланы жетімдер үйіне қайта өткізу – одан өткен қиын іс. Мұндай жағдайда бала психологиялық күйзеліске түседі. Оған себеп – ата-аналардың ынтасы жете бермейді. Сондықтан қиындықтан қашып, баланы қайта өткізе салуды тиімді көреді. Бірақ ол баланың ертеңі қалай болатынын олар ойланбайтын секілді.P.S. Шетелдегі балалардың бәрі Теодор секілді елді аңсап, туған жерін сағынып жүр ме? Теодордың асырап алған ата-анасы оған туған жері туралы ашық айтып отырды. Ол сол себепті Өскеменде қалған бауырын оп-оңай тауып алды. Ал өзге балалар ше? Олар «жетім қозы тасбауыр, түңілер де отығар» деп, үмітті үзе салды ма екен, кім білсін?!