Ескендір Зұлқарнайынның бетін қайтарған Шу қаған кім?
Ескендір Зұлқарнайынның бетін қайтарған Шу қаған кім?
540
оқылды

Қазақ даласына Ескендір Зұлқарнайын (Александр Македон) келген дейді ел ішіндегі аңыздар. Шынымен келген бе? Келсе қайда тоқтады? Ескендір мен Шу қағанның арасында қандай байланыс бар дейсіз ғой?! Қызық болғанда әлемді жаулауға аттанған сол әйгілі жиһангердің бетін қайтарған мықтының бірі Шу қаған екен. Өзіміздің Тараздың жанындағы Шу қаласын билеген қаған. Мұны біріміз білсек, біріміз біле бермеуіміз мүмкін.

Жалпы, Ескендір мен Шу қаған туралы аңыз-әңгімелердің түбі көбіне 1074 жылы жазылған қаш­қарлық Махмұттың «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегіне тіреледі. Енді сон­дағы деректерді ретімен сөйлетіп көрсек.

Қарахан дәуірінің ділмәр ғұлама­сы қашқарлық Махмұт өз кітабында Ескендір Зұлқарнайын туралы бір­неше жерде баяндапты. Бір деректі «шігіл», енді бірін «түрікмен» тайпа­сының атауы туралы мәтіндерде мысал ретінде береді. Аңыздарды кейде қысқа қайырса, кейде ұзағы­нан толғайды. Араларында аса бір алшақтық жоқ, қайта бір-бірін жал­ғай­тын секілді. Соның алғашқысы А.Егеубаев аудармасында былай берілген:

«Зұлқарнайын Арғу еліне жеткен­де қатты сел жаңбыр жауып, жер-көк лайсаң болып, жолдар езіліп, бат­пақ басып кеткен. Ескендір жүре ал­май қиналған. Налыған Зұлқар­найын парсы тілінде: «ин чигил
аст – неткен батпақ» (не деген жа­ман батпақ жер), бұдан құтылмаспыз деп кетіпті. Кейін сол жерге бір қор­ған бекет салдырыпты. Сол қор­ған бекет «Шігіл» деп аталып кеткен. Кейін сол қорғанда тұрақтап тұрып қалған түрік тайпасы да «Шігіл» деп аталады.

...Оғыздар Жайхұннан жоғары Шынға дейінгі жердің бәрінде тір­шілік ететін түрік тайпаларын тү­гел­дей «Шігіл» деп атайды. Бұл қате».

Мұндағы арғу, шігіл деп отырғаны – түрік тайпалары. Жайхұн дегені – қазіргі Әмудария өзені. Демек, Ескендір Жейхун мен Сейхунның, яғни Әмудария мен Сыр­дария өзендерінің арасында бал­шыққа батқан әрі Шігіл қорға­нын да сол аралыққа салдырған бо­­лып тұр. Енді мына қызықты қа­раңыз, қасиетті Құранның «Кәһф» сүресіндегі Зұлқарнайын туралы дерек те осыған ұқсас.

«Олар сенен Зұлқарнайынды сұрайды: «Сендерге оның жайын түсіндірейін» де. Негізінде Зұлқар­найын­ды жер жүзінде күшке ие қыл­дық. Өзіне әр істе қолайлық бер­дік. О да бір шара қолданды. Тіпті күн бататын жерге жеткен сәтте оны қара балшықты бұлаққа бат­қан түрде көрді. Сондай-ақ, сол маң­нан бір ел тапты. «Әй, Зұлқар­найын, не (ол елді) азаптарсың, не­месе оларға жақсылық істерсің» дедік («Кәһф» сүресі, 83-86 аяттар).

Аңыз бен Құрандағы мәлімет­тер­дің ұқсастығын ғалым А.Егеубаев та айтқан болатын. Енді оған Сыр өңірі археологиясын зерттеп жүрген ар­хеолог ғалымдардың пікірлерін қос­сақ. PhD доктор Әзілхан Тәжекеев: «Сырдың ежелгі арна­ла­рының бірі Жаңадария Әмудың шығыс сағасы Ақшадариямен қосы­лып, ірі гидрожүйе құрып, Аралға құя­ды» деп зерттеу нәтижелері ар­қы­лы жоғарыдағы пікірді қуаттап отыр. Сонда сол кездерде Әму мен Сырдың арасы батпақты жер болған ғой. Сонымен қатар археолог ғалым Сырдың бергі беті, қазіргі Қармақ­шы аумағында орналасқан сақтар­дың ежелгі астанасы Шірік Рабат қаласынан табылған жәдігерлерді Ескендірмен (Александр Македон­мен) байланыстырады.

Демек Махмұт сөздігіндегі мәлі­меттің алғашқысы – Ескендірдің екі өзеннің арасында жүрген кезі, яғни әлі Шуға жетпеген сәті. «Диуани лұғат ат- түрктегі» келесі бір аңызда оның Шуға келуі баяндалады. Онда былай дейді:

«Зұлқарнайын Самарқаннан асып, түрк қалаларына қарай бет­теген кезде түрктердің «Шу» есімді бір жас хақаны болған екен. Ол үлкен қосынның иесі болған. Баласағұн жанындағы Шу қаласын Шу басып алған да, өзі салдырған. Баласағұндағы сарайының алдында күн сайын бектер мәртебесіне үш жүз алпыс рет дабыл қағылып тұр­ған. Батыр, хақан Шуға Зұлқар­найын­ның жақындап қалғаны жө­нінде хабар жеткізіп: «Зұлқарнайын жақындап келіп қалыпты. Онымен соғысамыз ба, не істейміз?» – деп сұрапты. Хақан Шу Хожанд дария­сының бойына қарауыл қойып әрі Зұлқарнайынның өзеннен өткенін хабарлау үшін сол өзен жаққа таң­дау­лы қырық тарханнан шолғыншы жіберіп отырса керек. Олар жасы­рын жөнелтілген. Шолғыншылар­дың кеткенінен хан қосынындағы­лар­дың бәрі бейхабар, ешкім біл­мейді екен. Оларға қарағанда хақан­ның көңілі жай, жүрегі орнықты екен. Хақанның жорыққа, сапарға шыққанда қоса алып жүретін күміс­тен құйылған хауызы бар көрінеді. Оған су толтырғаннан кейін қаз, үйрек жүзіп, сүңгіп ойнайды екен. «Зұлқарнайынмен соғысамыз ба, қайтеміз?» – деп сұрағандарға хауы­зын көрсетіп: «Қаз-үйректерді қа­раң­даршы, қалай сүңгиді екен?» деп жауап береді. Хақанның жауап ор­ны­на айтқан сөзі адамдарды ой­лан­тып тастайды. Олар бұдан «Хақан Зұлқарнайынмен ұрыспақшы да емес, өзі бір жаққа шегінбекші де емес» деген дүдәмал ойға қалады» (А.Егеубаев аудармасы).

Мұнда, Шу қаласын Шу қағанның салдырғаны анық айтылып тұр. Бірақ оған дейін Баласағұн қаласын­да отырған. Ең қызығы, қауіптің алдын алу үшін ертерек қам жасап, қырық тархан шолғыншысын жа­сы­рын аттандырған. Сонда оның бұл жоспарынан жанындағы ең жа­қын қосынының өзі хабарсыз. Олар­ға салса, хауыздағы қаз-үй­рек­тің жүз­геніне масаттанып жүрген қағанның ісі күлкілі. Тіпті ақылынан адасқан­дық. Алайда ат құлағынан арыны көрмеген қосын ханда қы­рық кісінің ақылы болатынын қай­дан білсін?! Қазақ мұндайда «ханның сырын құл білмейді, ал құлдың сы­рын кім біл­мейді» дейді. Әлқисса, Махмұт аңыз­ды ары қарай былайша жалғайды:

«Зұлқарнайын дариядан өтеді. Шолғыншылар оның дариядан өткенін хақанға түнделетіп келіп хабарлайды. Хақан сол түнде дабыл қақтырып, Шығысқа қарай жолға шығыпты. Хақанның әзірліксіз жолға шыққанынан халық ішінде алаңдау туып, әбігер болады. Ылау тапқандары асығып-аптығып, мін­гесіп-ұштасып хақанның соңынан еріпті. Әбдірегендіктен, сасқандық­тан бірі-бірінің ылауына мінісіпті. Таң атқанда үлкен бір сайға келіп кіреді. Ол кезде Тараз, Ісбіжап, Баласағұн (жоғарыда Баласағұндағы сарайының алдында дабыл соғыла­тыны айтылған... Не жаңылыс кет­кен, не екі Баласағұн туралы бол­жам­ның жаны бар. А.Е.) қалалары салынбаған уақыт. Бұлардың бәрі кейін салынған. Ол жерлерде киіз үйлерде тұратын көшпенділер өмір сүретін».

Сонда Шу қаған айлаға көшіп, ел күтпеген шешім қабылдаған. Бірақ осы жерде, «ол неге қаладан шығып, жауды далада қарсы алды?» деген заңды сұрақ туады. Иә, әртүрлі жора­мал айтуға болады. Дегенмен Тонұқұқ ескерткішіндегі айтылған қағанның саяси шешімдері оған жауап болатын секілді. Бірде Білге қаған Тонұқұққа: «Қала салып, халықты бір орталыққа жинасақ. Сосын ортаға бір пұт тігіп, елді соған табындырып, бір идеология аясында топтастырайық» деген мағынада ой тастайды. Оған Тонұқұқ: «Біздің ха­лықтың болмысы оған сай келмейді. Біз еркін далада бір Тәңірге ғана бағынған халықпыз. Қалада жауға төтеп бере алмай қырыламыз. Ал далада алмайтын қамалымыз жоқ» дегендей жауап қатады емес пе?! Демек Тонұқұқ көреген қаған Шудың дәстүрін жалғаған ғой?!

Аңыздың жалғасында жиырма екі әулет қосынмен бірге кетуге шамасы келмей бала-шағасымен сол жерде қалып қойғаны айтылады. Олар сөйтіп тұрғанда жанына көшке ере алмай қалған тағы екі ауылдың адамдары қосылады. Олар сонда былай депті:

– Әй, адамдар! Зұлқарнайын да бір жолаушы, ол бір жерде тұрмайды, біздің жерде де тұрып қалмай, өтіп кетеді. Біз бәрібір өз жерімізде өзіміз қаламыз.

Сонда Шу қағанға ере алмаған екі әулеттің үлкендері мәселені арыдан түсініп, сын сағатта болашағы үшін дұрыс шешім қабылдайды. Бұл екі ауыл түрік тайпаларының бірі – Қалачтар. Аңыз ары қарай былай өрбиді:

«...Хақан Шу Шынға өтіп кетеді. Зұлқарнайын оның соңына түседі. Ұйғырларға жақын жердің бірінде Шу хақан Зұлқарнайынға бір бөлек қосын жібереді. Зұлқарнайын қарсы қол салады. Бұл шайқас «Алтұн қан» деген бір тауда болған еді. Қазір ол тау «Алтұн хан» деп аталады. Зұл­қарнайын мен хақан Шу сол жерде бітімге келеді. Одан кейін Зұлқар­найын ұйғыр қалаларын салдырды; сол жерде біраз тұрып қалды. Зұл­қарнайын қайтып кеткеннен кейін Шу хан қайтып келеді де, Бала­сағұнға қарай ілгері басады. Содан соң өзінің атымен аталып кеткен Шу қаласын салдырады».

Аңыздың ұзын-ырғасы осылай. Шу қағанның жоспары соңында жемісін береді. Енді осы аңызға ой жүгіртіп көрейікші. Біріншіден, бұл әңгіме Махмұт заманына дейін ғасырлар бойы айтылып келе жат­қан аңыз екені сөзсіз. Яғни, ауыз әдебиеті керемет дамыған деген сөз. Екіншіден, Зұлқарнайынға дейін де, сол замандардың өзінде түркі дала­сында қалалар салынып, көшпелі өмірмен қатар қала мәдениетінің, қала өркениетінің де дамығаны көрініп тұр. Үшіншіден, сол дәуірдің өзінде халқымыз мемлекет ретінде қалыптасып, қала мен дала жұрты орталық бір астанадан басқарылған. Демек, бүгінгі Қазақ мемлекеті – жаңадан пайда бола қалған жоқ, ежелгі алып қағанаттардың жалғасы, заңды мұрагері. Төртіншіден, әулет­тің абыздары сын сағатта ел бола­шағы үшін дұрыс шешім қабылдаған. Ең маңыздысы, Шу қағанның көреген саясаты еріксіз таңдай қақ­тырады.

Қорыта келгенде, Ескендір қазақ даласына, оның ішінде Әмудария мен Сырдария алқабына және Шу өлкесіне келгені анық. Әлемді дүр сілкіндіріп, жорығымен жұрттың зәресін алып келе жатқан Ескендірді Шу қаған әдіс-айласымен тоқтат­қанға ұқсайды. Сол Шу қаған кейін аңызға айналып, халықтың жадында сақталып отыр. Өйткені қазақ зерттеушілері Шу батыр дастаны болған дейді. Мүмкін дастан да жырланған шығар.

Мемлекеттігімізді нығайтып, мем­лекетшілдік сананы қалыптас­тыруда тарихи деректердің, аңыз-әңгімелердің аз болса да, құнды әрі бағалы. Елдік жолда ұрпаққа өнеге боларлықтай шешім қабылдаған Шу қағанның есімі қашанда ескеріліп, жастардың санасында жаңғыруы тиіс. Біздің бұл мақаланы жазудағы басты мақсатымыз – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында тарихымызды түгендеп жатқан тұста, өткеннің өнегесін алу.

 

Бекарыс НҰРИМАН,
PhD доктор