Аягөздегі психоневрологиялық патологиясы бар балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету интернатында орын алған жағдайды бұған дейін де жазғанбыз. Бүгінде бұл мәселені Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өз бақылауына алған. Көпшілікті бір айдың ішінде төрт бірдей баланың өліміне соқтырған қандай себеп екені алаңдатады.
Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат тілшілердің қатысуымен тікелей эфир өткізіп, онда Аягөз қаласындағы балаларға арналған мамандандырылған әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болған оқиғаның мән-жайын түсіндірді.
Онлайн брифинг барысында облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасымен құрылған ведомствоаралық комиссия мүшелері іс материалымен толық танысу үшін балалар орталығына арнайы барғанын мәлімдеді.
– Комиссия мүшелері медициналық құжаттаманы және бейнебақылау камераларына түсірілген жазбаларды түгел қарап шықты. Анықталғандай, балалар бір уақытта қайтыс болмаған. Өлімге әртүрлі туабітті аурулардың бір ай ішінде асқынып кетуі себеп болып отыр, – деді Әлішер Мархабат.
Оның айтуынша, туабітті аурулары бар 18 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленетін мекемеде алғашқы өлім оқиғасы 2 сәуірде болған. Ол кезде 12 жастағы бала көз жұмған. Одан кейінгі жағдайлар 12 сәуірде (12 жасар бала), 20 сәуірде (14 жастағы бала) және 29 сәуірде (8 жасар қыз) тіркелген. Өкінішке қарай, төрт баладан да ата-аналары ертеректе бас тартқан екен.
– Дәрігерлердің тұжырымына сәйкес, балалар өлімінің қызылшаға еш қатысы жоқ. Мұны дәлелдейтін медициналық анықтамалар мен актілер бар. Комиссия жұмысының негізінде ішкі істер органдары оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады, – деп толықтырды облыс әкімінің орынбасары.
Әлішер Мархабат заңбұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғалар тиісті органдардың тексеру нәтижелеріне байланысты жауапкершілікке тартылатынын айтты.
Облыс әкімінің орынбасары сонымен бірге Аягөздегі оқиғаға қатысты республикалық деңгейде мәселе көтерген мүмкіндігі шектеулі балалардың құқығын қорғаушы әрі қайырымдылық жобаларының жетекшісі Аружан Саин ханыммен де бірлесе жұмыс істеуге әрқашан дайын екенін жеткізді.
Естеріңізде болса, бұған дейін қоғамда интернаттағы балалар қызылшадан ғана емес, ағзаның әлсіреуінен де көз жұмуы мүмкін деген ақпарат тараған болатын. Алайда облыстың бас педиатры бұл мәліметті жоққа шығарды.
– Асқынған коморбидті фон, туабітті патология, кахексия өлімге себеп болды. Облыстық ведомствоаралық комиссия жұмысы барысында орталықтағы барлық 98 баланы тексердім. Олар медициналық және әлеуметтік қызметті толық көлемде алып жатыр. Тәулік бойы мекеме қызметкерлерінің бақылауында, – деді облыстың бас педиатры Шолпан Мақашева.
Айта кетейік, қызылша ауруы мекемеге карантинге дейін енген. Нәтижесінде, 9 тәрбиеленуші және 2 қызметкер ішек инфекциясын жұқтырыпты.
Бүгінде бұл орталықта 35 қыз бен 65 ұл тәрбиеленуде. Оның ішінде 24 баланың ата-анасы бар. 11-і тұрақты түрде келіп тұрады. Ал 7 ата-ана балаларының жағдайын телефон арқылы сұраумен шектеледі. 6 ата-ананы балаларының жағдайы мүлдем қызықтырмайтын көрінеді.
Өкінішке қарай, 20 баладан ата-анасы мүлде бас тартқан. Сонымен қатар мұнда 9 жетім бала тәрбиеленуде. Сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 5 бала бар. 42 баланың ата-анасы құқығынан айырылған.
Ресми дерекке сүйенсек, мұндағы 85 тәрбиеленуші бала кезінен бері мүгедек. Ал 8 бала бірінші топтағы болса, 7 бала екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар қатарына жатады.
Қоғамды дүрліктірген Аягөздегі интернаттағы шуға қатысты көптің көңілін күпті еткен жайт– бір мекеменің мемлекеттік сатып алу сайтында қызыл балық, уылдырық секілді аса қымбат тағамдарға тапсырыс бергені. Бұл қаншалықты дұрыс шешім? Бұған жауап берген тиісті облыстық басқарма өкілдері мұның заңға ешқандай томпақтығы жоғын, республика бойынша қалыпты норма екенін алға тартты.
– Мемлекеттік сатып алуға келер болсақ, салалық министрліктің 2015 жылғы бұйрығында жазғы уақытта тағамдарды пайдалану шығыны 10 пайызға дейін өсетіні, соған сай ас мәзіріне қызыл балық, қызыл, қара уылдырық сияқты тағамдарды қосуға болатыны көрсетілген. Бұл жерде ешқандай да құпия жоқ, мемлекеттік сатып алудың бәрі ашық түрде жарияланады. Балаларды тамақтандыру Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығын қатаң сақтау негізінде жүзеге асырылады, – деді облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев. Бұған қоса, балаларды коронавирустан қорғау үшін мекемеде карантин режимі енгізілгенін де мәлімдеді. Бұған дейін балалар мен мекеме қызметкерлері COVID-19-ға сынама тапсырып, нәтижесінің бәрі теріс болып шыққан.
Белгілісі, Аягөзде бұл бірінші рет шығып тұрған шу емес. Аталған мекемедегі кәмелетке толмаған 3 бала 2019 жылдың наурыз айында бірнеше рет зорлық-зомбылыққа ұшырады деген ақпарат тарап, мекеме басшылығы жауапкершілікке тартылған-ды. Болған жайдың дер кезінде алдын алмағаны және тиісті бақылауды әлсіреткені үшін облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының сол кездегі басшысы лауазымынан төмендетілген болатын. Қысқасы, Аягөздегі мекеме атышулы орынға айналып барады, тергеп-тексерудің мұқият болғаны жөн шығар.
Дәурен АЛЛАБЕРГЕН,
Шығыс Қазақстан облысы