Қос үйдің қазығы қағылды
Қос үйдің қазығы қағылды
235
оқылды

Алматы облысының орталығында көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге қатысты қолға алынып жатқан шаралар қарқын алып тұр. Былтырғы күзден бері осындай біраз отбасының мәселесі оң шешімін тапты.

Әкімдікпен бірге қалталы қайы­рымды жандар да көпбалалы ана­лардың баспаға қатысты проблема­сын шешуге атсалысуда. Дегенмен бұл бағыттағы негізгі күш мемле­кетке түсері анық. Осыған орай, Тал­дықорған қаласында облыс орталығының әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтың және қала тұрғындарының қатысуымен көп­ба­лалы аналарға арналған екі көп­қабатты үйдің қазығы қағылды.

Жалпы саны 125 пәтер болатын екі көпқабатты үй қаланың жаңа тұрғын үй алабында, нақтырақ айт­қанда, 8 ықшамаудан аумағында ор­­наласады. Мұнда көпбалалы отба­­сыларға қажетті жағдайдың бар­лығы ойластырылған. Қосымша қа­жеттіліктер туындап жатса, оларды да шешу қарастырылған. Ықшамауданда мектеп, балабақша, «Жастар» саябағы, драматеатр, Оқу­шылар сарайы, жастарға қыз­мет көрсету орталығы сынды көп­те­­ген ғимарат орналасқан. Бола­шақта тағы да басқа тұрмыс­тық, әлеуметтік нысандар салы­нады.

– Бүгін біз тұрғын үйлер са­лынатын жерді нақтылап, қазығын қақтық. Алматы облысы орталы­ғында 3 037 көпбалалы отбасы бар. Олардың 1 146-сы пәтер алу кезе­гінде тұр. Біз осы көпбалалы ана­ларды таяу болашақта баспанамен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр­мыз. Өздеріңіз білетіндей, мәселені шешуге кәсіпкерлер де көмектесуде. Алайда негізгі салмақ атқарушы би­лікке артылатыны айтпаса да тү­сі­нікті. Осыған байланысты жыл­дың соңына дейін осындай отба­сы­ларға арналған екі бірдей көп­қа­батты үйді пайдалануға бермекпіз.

Келесі аптада көпбалалы ана­лар­ға арналған 100 коттедждің құ­ры­лы­сын бастаймыз. Жалпы, Алма­тыдан Талдықорғанға кіретін күре жолдың сол жағында 600 коттедждің орны бар. Ондағы 155 коттедждің құ­рылысы жақында аяқталады. Со­лардың жетпісін де көпбалалы от­ба­сыларға бермекпіз. Бірінші ке­зекті құрылыстың сапасына назар аударамыз. Құрылысшы ретінде оны менің өзім бақылауға аламын, – деді Талдықорған қаласының басшысы.

Көпқабатты үйлердің қазығын қағуға ақсақалдар мен қаланың құр­метті азаматтары, көпбалалы аналар да арнайы келді. Тұрғын үйлердің құрылысын LEPES ЖШС өз қара­жатына жүргізуде. Оның 100 пәтері 3 бөлмеден, қалған 25 пәтері 4 бөл­меден тұрады. Үйлердің құры­лы­сы біткен бойда жергілікті әкім­дік оларды сатып алып, жылдар бойы кезекте тұрған көпбалалы отбасы­ларға бермек.


Болат АБАҒАН,
Алматы облысы