«Отаншылдық – тіл мен тірліктің бірлігі» – Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай
«Отаншылдық – тіл мен тірліктің бірлігі» – Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай
Ел ішінде, ауыл арасында, мерзімдік басылымдарда, басқа да ақпарат арналарында ұлттық бірлік, татулық тура­сында түрлі пайымдар, ұсыныстар ашық айтылып, кең талданып жатыр. Оның ішінде шыны да, сыны да, бүйірден сыналау да, сырттан сығалау да бар. Қайткенде де этнос­ара­лық келісімге, қоғамдық диалогке заман тұрғысынан қа­раудың маңызы арта түскені сезілді. Оның да бір ұшы алып елдерде болып жатқан өзгерістерге барып тірелуі мүмкін. Бәріміз шынайы демократия­лық мем­лекетте өмір сүргіміз ке­леді. Бүкіл әлем осы жолды таңдап отыр. Ол жай ғана сөз емес, демо­кратия – жауап­кер­шілікті мойынға алу. Мемлекеттік тілді үйрену – әрбір азаматтың міндеті. Оған мемлекет қана емес, әрбір отбасы, ата-ана да, шаруашылық, меншік иелері де жауапты болуы тиіс. Осы­ны талап ету – заңды орындаудың бір парасы ғана. Құ­қықтық мә­дениет дегеніміз тек өз құқы­ғыңды пайдалану емес, өзгенің құқын да сақтау екенін жадымызда ұстаған жөн. Біз кейде заңды шала-пұла білгендіктен, істің жөнін ашып айтуға кежегеміз кейін тартып тұ­рады. Турасын айтқанда, тұр­мыс­тық кикілжіңдер мен қылмыстар қай­сы­бірі «этникалық сипат алып ке­теді», «ұлт араздығын қоздырады» та­ғы басқа деп қауіптене беруге бол­майды. Қазір жұрт арандатудың не екенін немесе айдап салушы­лықты, теріс пиғылды, қасақана әре­кетті ажырата біледі. Оның үсті­не, ертеректе арагідік кездесіп қа­латын сыңаржақтық, бұра тарту­шылық кеміген. Қазіргі еліміз – бұдан 30 жыл бұ­рынғы әлжуаздау күйде емес: Қазақ­станды мекен еткен барша этностың да санасы өскен. Әлемде өз орны бар елімізді мақтан тұтатын жағдайымыз бар. Мысалы, көрші Ресей ұлттық-ау­мақтық негізде құрылған федера­тив­тік мемлекет болса, біз – уни­тар­лық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Соған қарамастан, бізде түрлі этностарға өз тілі мен мә­дениетін дамытуға барлық жағдай жасалған. Унитарлық, құқықтық мемлекетте жабық этностық қауым деген ұғым болмауы тиіс. Ендеше қоғамымызда мемлекеттік тілге деген қажеттілікті тудыратын әле­ует жетеді, оны неғұрлым тезірек меңгерсек, соғұрлым мақсатымыз да, мүддеміз де, болашағымыз да ортақ болатыны даусыз. Елімізде осы жолмен көп жетістікке жеткен этностар баршылық. Басқа елеулі еңбегін былай қойғанда, мемле­кет­тік тілді мүлтіксіз меңгеру арқылы халқы­мыз­дың мақтанышына, ай­тулы тұлғала­рына айналған этнос өкілдері қаншама! Олар өз қандас­тарына өнеге көрсетіп, отансүйерлік істерін дәйектілікпен жүргізсе, көп нәтижеге қол жеткізуге болар еді. Мүддесі ортақ біртұтас елдің ортақ мақсаты да осы емес пе? Ендігі жер­де мемлекеттік тілдің біріктіруші қыз­метін шектеуді, оған шекеден қарауды мәде­ниет­сіздік деп бағалау керек. Елбасымыз, Қазақстан хал­қы Ассамблеясының Төра­ғасы Н.На­зар­баевтың «Көпұлттылық – біздің кемшілігіміз емес, артық­шы­лығы­мыз» деген сөзінде көп мән бар. Алайда этнос ұйымдарының жеке­леген жетекші­лері мұның байыбына барып, бағалап жүр деп айта алмай­мыз. Осы тұғырлы тұжы­рымдаманы өз орталарында түсін­дірудің орнына, пысықайлардың жеке шаруасын күйттеп жүретіні, әрине өкінішті. Елбасы бұл жөнін­де: «Енді өңірлік этномәдени бір­лестіктерді тарта отырып жергілікті жерлерде жұ­мысты ілгерілету және түсіндіру маңызды» деп нақты тапсырды. Сондай-ақ қоғамда кездесетін кез келген мәселені шешу үшін тек заң керек деп отыра берудің де қисыны жоқ. Сонда туған жеріңді, ата-анаңды сүю үшін, дос­тығыңды берік ету үшін арнайы заң керек пе? Біздіңше, қоғамдық, ұлттық сана мем­лекеттік санамен қабысып жат­са, ондай жөнсіз әңгімеге жол бе­рілмес еді. Жалпы, елімізде этнос­ара­лық мәсе­лелерге қатыс­ты Конс­титуциямыздан бастап 13 заң бар екенін де ұмытпағанымыз жөн. Бә­ріміз Қазақстан азаматы болған­нан кейін құқығымыз тең. Барлық адам­ға та­лап та, міндет те бірдей болуы керек. Сон­да ғана нағыз де­мократиялық ел ре­тінде дамиты­ны­мыз шындық. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев: «Қазақстанда тұратын этностар өз тілдерін оқып қолда­ну­ға, мә­дениетін дамытып, әдеп-ғұр­пын сақ­тауға құқы бар. Солай бо­лып қала береді. Бұған қоса, қазақ тілі әлі де жедел даму қажет», – деді. Енді осынау көкейкесті міндетті орындау тетіктерін, өздерінің сын­дарлы, тиянақты жоспарларын атқарушы, сот билігі, түрлі салалық министрліктер, бизнес қауымы ұсынуы тиіс. Сонда ғана осы ба­ғыттағы жұмыстар жеделдетіледі. Бір анығы, болашақта мемлекеттік тілді шын мәнінде ұлтаралық қа­тынас тіліне айналдыруға қоғам­ның өзі мұқтаж бола­ды. Оны қана­ғаттандыру үшін ұзын сөз­ден гөрі жүйелі білім, тыңғылықты іс қа­­жет және бұл кезек күттірмес ортақ мін­­дет бар­шаға, соның ішінде түрлі этнос ұйым­дарына да тікелей бай­ланысты. Жергілікті атқарушы би­лік құрылымда­рының тиімді ең­бегі де арнайы өлшем-көрсет­кіштер арқылы сараланса, нәтиже болады. Басқа халықпен араласу үшін, оқшауланып то­маға-тұйық­танбау үшін тек қаражат керек де­сек қателесеміз. Ең әуелі, болаша­ғы­мыздың бір екеніне сенім керек. Жергілікті мемлекеттік мекемелер сол шаруамен айналысуы қажет. Балабақ­ша, мектептерге мемлекет­тен қаржы бөлі­ніп жатса міндетті түрде мемлекеттік тілде тәр­биелеп, оқыту керек. Мысалы, біздегі этнос­­­тардың ба­сым көпшілігі ортақ тілді, ортақ мәде­ниет­ті қалайды. Бұл ту­ралы бар­­ша тұрғын­дарға, этно­қа­уым­дарға тек ашық, анық айтылса, бүгінгі күннің тала­бын олар да терең түсініп отыр деп ойлаймыз. Тағы бір маңызды жайтқа көңіл аудару қажет. Мысалы, көп жұрт Қордай оқиға­сын дүнгендер мен қазақтардың арасын­дағы мәселе деп қарады. Олай емес. Неге бұл мәселе өзіміздің украиндардың, кәріс­тер­дің, немістердің, өзбек­тердің, әйт­песе әзербайжандардың мәселесі болмауы керек? Осы елде тұрып жатқандықтан, бұл – ортақ мәселе. Өйткені Қазақстанға жа­манат кел­ген кезде қандай этнос өкілі болса да, бірге жауап беруі керек. Оған қазақ ғана жауап беріп, дәлелдеуі міндетті емес. Жақсы­лықта да, жа­мандықта да бірге болу керек. Ортақ мемлекетіміз Қазақ­стан­ды сүю деген – бір-біріміздің мә­дениетімізді білу, мемлекеттік тілді, елдің тарихын, жерін, суын қадірлеу деген сөз. Екінші­ден, салт-дәс­түрін, әдет-ғұрпын, діні мен тілін сыйлау деген сөз. Бірде Германиядан келген этнос сарапшылары: «Біз мұсыл­ман босқындардың көп ке­луіне байла­нысты қасиетті Құран құндылықтарын, мәтінін оқып-танысуға мәжбүр болдық. Поли­цейлеріміз исламның не екенін меңгерді» деп еді. Міне, қараңыз! Алма­ния арып-ашып жеткен бос­қындардың дінін құрметтеп отыр. Ал Қазақстан қанша этностың диаспорасына Отан болып отырған қасиетті ел екенін бүкіл әлем біледі. Ендеше неге басқа этнос өкілдері мемлекеттік тілді үйренбейді, неге қазақ тілінде сөйлеуге құлықсыз? Тағы бір ескеретін маңызды мәселе бар. Мемлекеттік тілді бі­летін кісілер, соның ішінде жастар Ассамблеяның жиынында ғана қазақша сөйлеуге талап етіп қалады. Басқа жерде, әсіресе қалып­ты ор­тада мүлде басқа адам сияқты. Біз­діңше, олай болмауы керек. Мұн­дайды «екіұдай стандарт ұстану» деп атайды, бұл – мемлекеттік тілге құрмет­сіздік, тіпті мәдениетсіздік. Тілді, елді құрметтеу сахнада, жұрттың көз алдында ғана өтетін бірсәттік сахналық қойы­лым емес. Әрине, ниеті дұрыс, мем­ле­кеттік тілді оқып, үйренгісі келген адам­ға ешқандай кедергі жоқ. Бүгінде құ­лық­сыздығын оқу­лыққа, оқыту­шы­ға сілтеп, сылтаура­ту – жара­с­пайтын қылық. Бұл – ұят­сыз­дықтың белгісі. Қазір жаңа технологиялар да, интернеттік бағдар­ламалар да жеткі­лікті, сонау ХІХ ғасырда Ыбырай Алтын­сарин айтқандай, «ізде­генің табылатын, шамнан шы­рақ жағы­латын» заманда тұрмыз. Сондықтан мемлекеттік тілді меңгеру еліміздің әрбір азаматы үшін өзекті әрі абыройлы міндет! Елбасы айқындаған «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дарламасы этносаралық қатынас саласына, жергі­лікті ұлт тарихы мен тілін терең түсінуге жаңа серпін берді. Енді сол мүмкіндікті тиімді пайдалану қажет. Қоғамымызда қалыптасқан құндылықтарды біз әрқа­шан ел тәуелсіздігімен байла­ныстырамыз. Бұл – ұранпаздық емес, бұл – әрбір азаматтың туған Отанына деген сенімі, отаншыл ұстанымы. Елді өркендету, береке-бірлікті сақтау мен дамыту осы се­німнен, ұстанымнан бастау алады.