Жаңбыр жауса – нұр, сай-салаға ағылғанда – сор
Жаңбыр жауса – нұр, сай-салаға ағылғанда – сор
243
оқылды
Осы күні еліміздің қала­ларында жаңбыр суының кәріз жүйесі, яғни суағар мәселесі жолға қойылмай отыр. Елордамызда көктем келе қар суы еріп, жаңбыр жауса, су кешіп кететініміз жасырын емес. Дамыған елдерде адам бойлап жүре алатын жерасты суағар­лары жасалған. Ал бізде мұндай жүйені жасауға не кедергі? Жолды жаңартқанда жанына арық қазуды ұмытып кететін сы­ңайлымыз. Көктем мен күзде су кешіп зәрезап болған жұрттың айтар уәжі осы сарында. Жыл ба­сында Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин Үкімет отырысында республика бойынша 600-ден астам елді мекенде жаңбыр суының қаупі бар екенін айтты. Сол кезде вице-премьер Нұр-Сұл­тан қаласында кәріз жүйесі дұрыс жұмыс істемейтін Тұран, Б.Мо­мышұлы даңғылдарында кө­шені су басуы мүмкін деп жорамалдаған. Ю.Ильиннің айтқаны дөп келді. Бірақ «жауаптылар біле тұра неге алдын алмады?» деген сұрақ ма­залайды. Гидрологиялық зерттеулерде биыл еліміздің кей аймақтарында қар 2019 жылмен салыстырғанда 40 пайызға көп жауғаны айтылған. Осылайша, елорда тұрғындары көк­темде су кешіп кетті. Негізі, жа­уын суын тартып алатын арық­тар бас қаламызда соңғы рет 40 жыл бұрын қазылған. 2018 жылы бұл мәселені Сенат отырысында депутат Еділ Мамытбеков көтерген болатын. Сол кезде елордада жаң­быр суын тазартатын 13 құрылғы мен 3 су жинайтын тоған, 18 мың құдық пен 400 шақырым кәріз жү­йесі бары айтылды. Халық қалау­лысы мұның бәрі көше суын тазар­ту үшін аздық ететінін жеткізіп, жаңа кәріз жүйесін құру жайлы әңгіме қозғаған еді. 2017 жылы сол кездегі елорда әкімі Әсет Исеке­шев­тің тұсында Есіл өзенінің жа­ғалауында нөсер суын жинап, тазартатын кәріз нысаны салынған еді. Нысан тәулігіне 19 590 текше метр (4 мың бассейн суы) суды сүзгілей алады. Бірақ бұл да мәсе­лені шешпеді. Былтыр жыл басын­да әкім болып тұрған шақта Бақыт Сұлтанов та осы түйткілді айтып, жауаптыларды сынаған. Ендігі әкім Алтай Көлгіновтің тұсында да халық нөсер суын тағы кешті. Осы кезде жаңбырдан кейінгі көше суын тазартумен 100-ден астам техника айналысып жатыр. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі 3 370 текше метр су сорылып, 18 мың текше метр су тазарту құрылғы­сы­нан өткенін мәлімдеп отыр. Аңғар­сақ, тағы да себебімен емес, сал­дарымен күресіп отырмыз. Қашан алдын алатын күн туады? Осы сұ­рақты қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына жолдаған едік. – Биыл жазда Б.Момышұлы даңғылындағы су басу мәселесі шешіледі. Жауын-шашын канали­зациясы салынып жатыр. Кәріздің ұзындығы 500 метр (Дауылпаз көшесінен Елім-ай көшесіне дейін, Б.Момышұлы даңғылымен өтеді). Құрылыс жазда бітеді. Одан бөлек, Тәшенов, Бараев, Уәлиханов, Иман­баев пен Республика даңғы­лын жаңбыр суынан қорғау үшін су тазарту құрылғылары орнатылатын болады. Тазарту құрылғылары жер астында, үстіне абаттандыру мен ша­ғын сәулет нысандары бой кө­­­тереді. Жалпы құрылысты 2021 жы­лы толық аяқтау жоспарланып отыр, – деген жауап алдық. Қала бойынша су жиналып қала беретін 32 орын бар екен. Былтыр Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов нөсер суының кәріз жүйесін толық шешу үшін кемі 2-3 жыл керегін айтқан болатын. Тек нөсер суын тазартуға байланысты жобаның өзіне 3 млрд теңге қарас­тырылған. Бұл бір ғана елордадағы жаңбыр суының мәселесі. Мұндай мәселелер өзге де қалаларда қайта­лануы мүмкін. Айталық, Алматы мен Шымкент­тегі арықтардың жағдайы қалай, қала құрылысы қарқынды жүріп жатқан шаһарларда осы мәселе ескеріліп жатыр ма, қысқасы біраз сауал бар. Мәселен, қазір Қызыл­орда қаласында Сыр­дарияның жағалауында тұтастай шағын аудандар салынып жатыр. Онда нөсер суының кәріз жүйесі жолға қойылған ба? – Қызылорда қаласында нөсер көп жауып, көшені су алып кететін жағдайлар кездесе қоймайды. Бірақ сақтық шараларын ұмытқан жоқпыз. Қаладағы кез келген кө­шенің екі бетінде де суағар арықтар бар. Былтыр С.Торайғыров пен Қорқыт ата секілді үлкен көшелер­дің бойына кәріз жүйесін орнаттық. Сол жағалауда жаңадан салынып жатқан қала 15 шағынауданнан тұрады. Мұнда да барлық көшеде арықтар қазылған. Арықтағы су кәріз жүйесі қаладан сыртқа төгі­леді. Сондықтан бұл тұрғыда алаң­дайтын мәселе жоқ, – деді Қызыл­орда қалалық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Руслан Қаюпов. Былтыр көктемде Ақтау қала­сында жаңбыр жылдағыдан көп жауды. Сол кезде кейбір көпқа­бат­ты үйлердің кіреберісін су басып, тұрғындар біраз әбігерге түсіп, жергілікті әкімдікке өкпесін жет­кізіп жатқанын көзбен көрдік. «Қала жолдары» ЖШС қызмет­керлері күндіз-түні су сорғылап жатқанымен, жағдай оңала қой­мады. Былайша айтсақ, қолда бар техника да қауқарсыздық танытты. Жауыннан кейін су кешіп жүрген тек елорда жұртшылығы емес екенін сонда аңғардық. Мұның өзі суғар мәселесінің өзекті екенін көрсетеді. Әрі бұл тек қалалардың емес, ауылдар мен шағын елді мекендердің де мәселесі. Бір сөз­бен айтқанда, суағар мәселесіне кешенді көзқарас жоқ бізде. Ал дамыған елдер нөсер суын қалай пайдаланады? Австрияның Вена қаласы нөсер суын тиімді пайдалану бойынша әлемде алғашқылардың бірі екен. Елде жаңбыр суы тазартылып, оның 50 пайызы тұрмыстық қа­жет­тілікке, қалған 50 пайызы кәсіп­орындарға жіберіледі. Ал Герма­ния­да жаңбыр суын канализацияға емес, жасыл желек пен егінді ал­қаптарға жинауға мүмкіндік жа­салған. Осылайша, олар біз айта­тын «табиғи зардапты» пайдаға айналдырып отыр.   Түйін:

Нөсер суын канализация арқылы айдауға қарағанда, біз айтып өткен Австрия мен Германия тәжірибесі еліміз үшін қолайлы болар еді. Оның үстіне, Қазақстан соңғы кезде ауыл шаруашылығына баса назар аударып отыр. Бұл мәселеде қарекетсіз қалсақ, көктемде толарсақтан су кешкен қала жұртының наразылығы таусылмасы анық.

 

 width=Мадияр ТӨЛЕУ