Атырауда жоғалған сәбидің мәйіті өз үйінің ауласынан табылды
Атырауда жоғалған сәбидің мәйіті өз үйінің ауласынан табылды
Фото: Интернеттен алынды
122
оқылды
Атырауда екі күн бұрын жоғалған 1 жарым жасар баланың мәйіті шұңқырдан табылды. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Жұлдыз» ықшамауданындағы үйінен шығып, қайта оралмаған балақай қоқыс астындағы кәріз құдығына (септик – ред.) түсіп кеткен. Кішкентай бүлдіршінді іздеуге полиция қызметкерлерімен бірге, еріктілер, Ұлттық ұлан сарбаздары мен төтенше жағдай қызметінің мамандары, қызметтік иттер тартылған еді. Іздеу жұмыстары кезінде «Жұлдыз» ықшамауданынан Бесікті ауылына дейінгі елді мекендердің көшелері тексерілген. Саяжай учаскелер, қараусыз қалған ғимараттар, Жайық өзенінің жағалауына да шолу жасалған. Сондай-ақ, арнайы техникамен кәріздік резервуарлардың суын сорып, тексерді. «Балақай өз үйінің ауласындағы кәріз резервуарынан табылды. Резервуар қоқыс астында болған» делінген полиция хабарламасында. Бұған дейін Атырауда 1 жарым жасар сәбидің жоғалғанын жазған болатынбыз.