Интернеттегі жаңалықтар өз алдына, көшеге шыға қалсақ автокөлік, теміржол бекеттеріндегі тақталардан «іздеу саламыз» деген хабарландыруларды байқаймыз. Тіпті, олардың көптігінен қазір бас айналатын халге жетті. Бір ғана Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментіне күніне жақынын жоғалтқан оннан астам адам келіп, өтініш қалдырады екен. Ал Қазақстанда статистика бойынша, жыл сайын 2 500-3 000 адамға іздеу салынады. Оның 300-ге жуығы мүлдем табылмаған күйі қалады. Былтыр елімізде жоғалғандардың тең жартысы – кәмелет жасына толмаған жеткіншектер екені анықталған. Нақтырақ айтқанда, 2 мыңнан астамы бүлдіршіндер. Олар көбіне ойнап жүріп, өз үйінен көз жазып қалады. Сөйтіп, қайтар жолды таба алмай адасатын көрінеді. «Бұдан бөлек, өзгенің ұл-қызын бөтеннің ертіп кетуі де жиі ұшырасады», – дейді мамандар. Көп жағдайда кей отбасыларда балалар қараусыз қалады. Сондықтан олардың ата-аналары да олардың жоғалғанын кеш байқайды. Осындай оқиға жақында Атырау қаласында болды. Мұнайлы өңірде 1,5 жасар бүлдіршін жоғалып кетті. Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоғалған балақай «Жұлдыз» шағынауданының 10-көшесіндегі тұрғын үйден түскі сағат 13.30 шамасында шығып кеткен.
– Баланың есімі – Әли. Үстінде қызыл торлы көйлегі, қара түсті қысқа шалбары бар. Оң аяғын сылтып басады. Қазір Атырау қалалық Полиция басқармасының жеке құрамы баланы іздестіріп жатыр. 21 мамырда жергілікті уақытпен таңғы сағат 6.30-да көмекке 400-ге жуық ерікті келді. Сондай-ақ іздестіру жұмысына Ұлттық ұланның 50 сарбазы, полицияның 100-ден астам қызметкері, 50 волонтер жұмылдырылды. Олар «Жұлдыз» шағынауданындағы 51 көшені жан-жақты тексеруге кірісті, – деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.Қостанай облысында да құқық қорғау органдары мен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, сондай-ақ еріктілер бір ай бойы 17 жастағы Руслан Жұбанышевті іздеп жатыр. Белгілі болғандай, ол 29 сәуірде достарымен бірге балық аулауға кеткен. Алайда содан бері оны ешкім көрмеген, өзі де байланысқа шықпаған. Іздеу операциясы әлі жалғасуда. Сүңгуірлер төрт көлді, қамыстардың арасын түгелдей қарап шыққан, алайда іздеу жұмыстары әзірге ешқандай нәтиже бермеді. Жоғалған жігіттің туыстары бақсы-балгерлерге барып та көрген. Біреулері «әне-міне табамыз» дегенмен, әзірге оны табу мүмкін болмай тұр. Адамдардың жоғалуы тек балалар арасында ғана емес, сондай-ақ ересектер арасында да жиі кездеседі. Мамыр айында қызылордалық 54 жастағы ер адамға іздеу салынды. 2 мамыр күні Тасбөгет кентіне кеткен облыс орталығының тұрғыны сол күйі қайтып оралмаған.
– Аталған оқиға бойынша дерек 7 мамырда тіркелді. Бұл жайлы Қызылорда қалалық Полиция басқармасының 102 байланыс арнасына бір әйел қоңырау шалған. Жоғалған ер адамды іздеу үшін учаскелік полиция инспекторлары, криминалды полиция қызметкерлері арасында топ құрылды. Кешенді жедел іздестіру іс-шаралары жүргізілуде, – деп хабарлады Қызылорда облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің маманы Тимур Досмайыл.Жоғалу жағдайлары көбінесе ағайын-туыстармен араздасудан, маусымдық жұмысқа кету барысында, құмар ойындарына тәуелділіктен, ақыл-естің ауытқушылығынан, түрлі қылмыстық оқиғалардың салдарынан да тіркеліп жатады. Адамдардың із-түзсіз жоғалуынан бөлек, кейінгі кезде адам саудасы да тым көбейіп кетті. Бұрындары адам саудасы туралы оқиғалар сюжетін теледидардағы шытырманға толы кинолардан ғана көрсек, бүгінде күнделікті өмірде де жиі кездеседі. Жасыратыны жоқ, адам саудасы, адам ұрлау, адам қорлау қылмыстық әрекеттерінде сырттан келген кiрмелердiң де ізі сайрап жатыр. Әсiресе, қыз-келiншектердi өзге мемлекеттерге алдап әкетуде олар арбаушы күш қызметiн атқарады. Бейресми дерек бойынша, қазіргі кезде шетел асып жатқандар арасында кәмелетке толмаған жеткiншектер де шамадан тыс көп. Құлдыққа жегілетіндердің денi алаяқтардың арбауына елiтiп, көздi жұмып шетелге аттанып кетеді. Яғни, мұндайлар өзге елден жалақысы жоғары жұмыс тауып беремiз деп уәде еткен қылмыскерлердiң шым-шытырық сергелдеңiне түсiп, бiр мезетте құл мен күңге айналып шыға келеді. Орталық мамандарының айтуынша, құлдыққа түсетіндердің көпшілігі бірінші кезекте құжаттарынан айырылады. Сондай-ақ құлдыққа көбінесе тұрақты жұмысы жоқ, тұрғылықты мекенжайы белгісіз адамдар түседі. Ішкі істер департаментінің дерегіне сенсек, адам еңбегін заңсыз пайдалану оқиғалары көбінесе ауылды жерлерде, шаруа қожалықтары мен жайылымдарда тіркелген. Тегін жұмыс күшін пайдаланушылар оларға мал баққызып, бағынбаған жағдайда ұрып-соғып күш көрсетеді. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті соңғы 5 жылдағы статистиканы жариялады. Осы уақыт аралығында елімізде 13 мыңнан астам адам жоғалған. Оның 10 мыңнан астамы жақындарына оралса, 1 067 адам өлі күйінде табылыпты. Не десе де, адамдардың жоғалуы жақсылықтың нышаны емес. Қаншама отбасы әуре-сарсаңға түсіп, сарыуайымға салынып, жоғалғанын жан ұшыра іздеп жүр. Ал жоғалғандардың тірі күйінде табылуы – қуаныш. Бейбіт күнде ет жақынын жоғалтып, іздеу салғанның қандай ауыр екенін олардан артық кім түсінсін?! Басқа салмасын дейміз...