Үздік дәрігерге – жүрдек көлік
Үздік дәрігерге – жүрдек көлік
247
оқылды

Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында медицина қызметкерлер күні салтанатты түрде тойланды. Осынау мерекелік басқосу барысында «Алматы облысының үздік дәрігері» болып танылған Алматы аймақтық онкологиялық диспансерінің хирургі Естөре Қарғабаев облыс әкімінің қолынан Lada Granta автокөлігінің кілтін сыйлыққа алды.

Салтанатты шара аясында Мәдениет сарайы­ның фойесінде өңірдегі 20 жетекші меди­ци­на­лық мекеме мен фармацевтикалық ком­пания­ның қатысуымен көрме ұйымдасты­рыл­­ды. Көр­меге қатысушылар өздерінің жұмысы жайлы баяндап, болашақ жоспарымен бөлісті. Олардың әрқайсы­сын мұқият тыңдаған облыс басшысы Аман­дық Баталов қажет болған жағдайда тиісті қолдаулар мен көмектер жасалатыны жайлы уәде берді.

– Барлық мәселелер бойынша ұсыныстар енгі­зіңіздер. Қандай да бір медициналық құрал-жабдық сатып алу, материалдық-техникалық базаны жаңарту керек болған жағдайда жасқан­ба­ңыздар. Ал кадр жетіспеушілігі мәселесін бірлесе отырып реттейміз. Мамандарды шақы­ры­­ңыздар. Біз өз тарапымыздан баспана мәсе­ле­сін шешуге көмектесеміз. Сіздерге бір ғана талап қойылады. Ол – медициналық қызметтер сапасын барынша арттыру, – деді облыс әкімі.

Салтанатты жиын облыстық денсаулық сақтау саласының жетістіктері туралы фильмді тамашалаумен басталды. Одан кейін  медицина қызметкерлерін құттықтауға, марапаттауға  кезек берілді. Медицина қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған облыстық конкурс қорытын­ды­сы бойынша үздік деп танылғандарға құрмет көрсетілді.  Жоғарыда атап кеткеніміздей, Алма­ты аймақтық онкологиялық диспансерінің хирур­гі Естөре Қарғабаев «Алматы облысының үздік дәрігері» болып танылып, Lada Granta авто­кө­лі­гін иеленді. «Алғашқы медициналық-сани­тар­лық көмектегі үздік дәрігер» аталымында Талды­қорған қалалық №1 емхананың балалар дәрі­гері Бэлла Валишанова жеңіске жетті. Қарасай ауданындағы Жамбыл ауылдық дәрі­гер­лік амбулаториясының меңгерушісі Аққайша Сарина «Үздік ауылдық дәрігер» болып танылды. Екі жеңімпазға да дипломдар мен 500 мың теңгенің сертификаттары тапсырылды. «Үздік фельдшер» және «Үздік мейірбике» аталымын­да­рында топ жарған Сарқан аудандық ауруха­на­сы­ның мейірбикесі Самал Сымжанова мен Іле ауда­нындағы Жауғашты фельдшерлік-акушерлік бекетінің фельдшері Айтолған Ғопаевалардың еңбегі 350 мың  теңгенің сертификаттарымен баға­ланды.  Сонымен бірге, бірқатар медицина қыз­меткерлері облыс әкімінің Құрмет грамота­сы­мен және алғысхатымен марапатталды. 

Жалпы өткен жыл Алматы облысы денсаулық сақтау саласы үшін табысты болды. Өңірде 15 денсаулық сақтау мекемесі пайдалануға берілді. Солардың ішіндегі онкологиялық ауруларды ал­дын ала анықтайтын ситуациялық орталықты ай­рықша атап өткен жөн. Биылғы бес айда атал­ған орталықта 80 717 адам тексерліпті. Облыс­тық балалар аурханасы жанынан ашылған балалар және неонтальдық хирургиясы орталығының арқасында бұрынғыдай жаңа туған нәрестелер мен балаларды ота жасау үшін еліміздің басқа қалаларына тасымалдамайтын болдық.  Биылғы бес айда осы орталықта 383 ота сәтті жасалыпты.

 

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы