Жазғы демалыста балалар қандай лагерьлерге бара алады?
Жазғы демалыста балалар қандай лагерьлерге бара алады?
Фото: Интернеттен алынды
507
оқылды
Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова онлайн форматта өткен жиында жазғы демалыста балалар қала сыртындағы қандай лагерьлерде демала алатынын айтты. «Балалар жазғы демалысқа шыққаннан кейін ата-аналарды олардың демалысты дұрыс өткізу мәселесі алаңдатады. Биыл балаларға арналған жазғы демалыс қала сыртындағы лагерьлерде ұйымдастырылады. Олар: ARMAN туристік-сауықтыру кешені (900 бала), «Боровичок» сауықтыру лагері (750 бала), «Батыр» шатырлы лагері (280 бала), «Тұлпар» киіз үй лагері (300 балаға арналған). Жазғы демалыспен жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, тәуекел тобындағы және девиантты мінез-құлықты балалар қамтылады», – деді Шолпан Қадырова. Сондай-ақ Оқушылар сарайының жанында жазғы демалыс академиясының жұмысы ұйымдастырылады. «Халықаралық балаларды қорғау күні биыл «Барлығы балалар үшін» ұранымен өтеді. Жоспарланған іс-шаралар #NS_balalarkuni_bilim хештегі бойынша ұйымдастырылады. Сол күні Instagram әлеуметтік желісінде балалар психологы, ішкі істер органдарының өкілі, заңгерлер, білім беру және ғылыми өндірістік бірлестік өкілдерінің қатысуымен тікелей эфир ұйымдастырылады. Онда ата-аналар мен балалар құқықтық және өзге де кеңестер ала алады. «Ашық спорт» мектеп алаңы ұйымдастырылады. Онда жүзік ату, бестас, асық ату, тоғызқұмалақ, кір тасын көтеру, қазақ күресінен жарыстар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Балалар эко-асарға қатысады. Өмірдің қиын жағдайына тап болған балаларды қолдау орталығының және «Астана SOS Балалар ауылы» тәрбиеленушілері үшін мерекелік құттықтау бағдарламасы өткізіледі», – деді басқарма басшысы.