Індетті таратқан «Теңіз» жабыла ма?
Індетті таратқан «Теңіз» жабыла ма?
5,131
оқылды
Бар болғаны  650 мыңнан аса  тұрғыны  бар Атырау COVID-19 індетін жұқтырғандар саны жағынан Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан соң 3-ші орында тұр. Індет ошағы Теңіз кеніші болып тұр. Талабы мен тәртібі тастай «Теңізшевройл» компаниясы қайтіп қателік жібергеніне ешкімнің ақылы жетер емес. Қазіргі таңда Теңіз кенішіндегі жағдайды тұрақтандыру үшін құрылған арнайы жұмыс тобы білек сыбанып жұмыс істеуде. Жуырда өңірге жұмыс сапа­рымен келген Премьер-Ми­нис­тр­дің орынбасары Ералы Тоғ­жановтың тапсырмаларын орын­дау мақсатында арнайы жұ­­мыс тобы құрылды. Атырау об­­лысы әкімінің екі орын­ба­са­ры, бірқатар облыстық депар­та­менттер мен құқық қорғау ор­ган­­­дарының басшылары, ТШО бас­шылығы және облыстың бас дә­рігері кіретін арнайы жұмыс тобы Теңіз кенішінде жүр. Деле­га­ция құрамында Денсаулық сақ­тау министрлігі Тауарлар мен қыз­мет­тер­дің сапасы мен қауіп­сіз­дігін бақылау комитеті төра­ға­сының орынбасары Нұрхан Сәдуа­қасов та бар. Олар бірнеше күн бойы жос­пар­лы түрде нақты шараларды ұйым­дастыратын болады. Атап айт­қанда, сапар барысында «Теңіз­шевройл» ЖШС мердігер меке­мелерінің қызметкері емес тұл­ға­­ларды анықтау мақсатында Аты­рау облысының әкіміне Теңіз кенішіндегі барлық ауысымдық лаге­рьлерге тексеріс жүргізу тап­сы­рылды. Карантинге жабылған вах­талық аймақтарға блок-бекеттер орнату, сани­тарлық-дезинфекция режимін сақ­тауды қамтамасыз ету — тез арада атқарылуы тиіс шара. Денсаулық сақтау және Энер­ге­тика министрлеріне типтік ин­фек­­циялық аурухананың құры­лысын қарастыру міндеттел­ді. Аты­рау облысының әкімдігі мен «Теңізшевройл» ЖШС-на ал­­горитм әзірлеу, егжей-тег­жей­лі жоспар дайындау және қыз­мет­кер­лерді ауыстыру, инфекция ошақтарын оқшаулау, сондай-ақ кен орнындағы жұмыс­шы­лар арасында қауіпті дерт­тің таралуын болдырмау, инфек­ция­ны Атырау қаласына кіргізбеу тапсырылды. – Арнайы жұмыс тобының бі­рін­ші күндік жұмыс қорытын­ды­сы бойынша, ТШО мердігерлерінің орналасқан жерін анықтау жоспа­рын құру, карантин аймақтарына бақылаусыз кіруге тыйым салу, кезекшілікте тұрған адамдардың санын анықтау, өндіріс процесіне қатыспайтын адамдардың ор­нын тексеру және оларды шыға­ру­ды ұйымдастыру туралы ше­шім қа­былданды. Сондай-ақ қыз­мет­­керлерді тестілеуден өткізу кесте­сін де жасаған жөн. Мұнымен қоса, сапалы эпидемиологиялық тексеріс қажет, - деді Атырау облы­сы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова. Жұмыс тобы кен орнында бірнеше күн бұрын ашылған 230 орындық инфекциялық ста­цио­­нар­дың қызметіне, каран­тин ор­талықтарының жай-күйі­не, дерт жұқтырғандармен байла­ныс­та болғандарды оқшаулау жағдай­ларына және санитарлық-эпиде­миологиялық нормалардың сақталуына мониторинг жүргізетін болады. Кеше Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Теңіз кенішін аралап көріп, ондағы ахуалмен танысқан соң шұғыл жиын өткізді. «Атырау облысында жағ­дай тұрақтанғанымен, Теңіз кені­шін­дегі ахуал әлі де алаңдатып тұр. Қа­зір­гі кезде Теңіз кенішінде орна­лас­қан 25 жатақханада тұратын 42 мекеменің 709 жұмысшысынан COVID-19 инфекциясы анықтал­ды. 20 мамырдағы мәлімет бойын­ша, 615 науқастың 594-і ауруханаға жатқызылған. Жағдай әлі де күр­де­лі», – деді аймақ басшысы. Жиынды қорытындылаған об­лыс әкімі Махамбет Досмұхам­бе­тов Теңіз қалашығындағы облыстық штаб филиалы мен «Теңізшевройл» компаниясына бір­қатар нақты тапсырмалар бер­ді. Атап айтқанда, карантинге жа­был­ған вахталық қалашықтарға қатаң бақылау жасау, санитарлық-дезинфекциялық режимді бақы­лау, түсіндірме жұмыстарын ба­рын­ша арттыру, провизорлық стационарды медициналық ма­ман­дармен қамтамасыз етуді же­дел­детуді тапсырды. Сондай-ақ «Теңізшевройл» компаниясына мердігер мекемелермен бірле­сіп, жұмыс мерзімі біткен қызмет­керлерді Теңіз кенішінен келісілген талаптарды қатаң сақтай отырып шығару жоспарларын әзірлеуді жүктеді. Қалай десек те, індеттің оша­ғы Теңіз кеніші болып тұр. Тұр­ғын­дардың «Теңіз кенішін қатаң бақылауға алып, індет жұқ­тыр­ған­дарды қалаға әкелмей, Теңіз кенішіндегі стационарда емдеу керек» деген талабы кеш те болса ескерілгеніне қуандық. Әйтсе де, тұрғындар карантин талабын сақтамаса, індет жұқтыр­ған­дар саны 2 мыңға жетеді деген болжам да жасалып қойғаны көңіл көншітпей тұр. Сонымен бірге «Теңіз кеніші жа­былуы мүмкін бе?» деген сауал ашық тұр. Атырау облысы әкімінің бас­­пасөз хатшысы Ержан Қа­лым­­бай­ұлының айтуынша, бұл мә­селе бойынша келіссөздер жүр­­гізілуде. Нақты жауап, дүй­сен­бі күнге «Теңізшевройл»  ком­па­­ниясы өкілдерімен өтеді деп жос­парланған брифингте мәлім бола­ды деп күтеміз.    width=     Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы