Тараздық кәсіпкерлер карантиннен кейін «тіріле» алмай жатыр
Тараздық кәсіпкерлер карантиннен кейін «тіріле» алмай жатыр
137
оқылды
Елімізде төтенше жағдай режимі аяқталғаннан  кейін қара халық жағымды жаңалықтарға құлақ түріп жүргені рас. Әсіресе, бұқара әлеуметке қызмет көрсететін нысандардың ашылуын асыға күтуде. Осы орайда, республикалық штаб  18 мамырдан бастап ел аумағында жазғы алаңы бар кафелердің қызметі қайта жанданатынын айтқан еді. Алайда тараздық кәсіпкерлерге  карантиннен кейін тіршілігін қайта «тірілту» қиынға соғуда. Олай дейтініміз, каран­тин шектеулері алынып тас­талғаннан кейін Тараз қа­ласы көшелеріне рейд­ке шығып, бірқатар дәмханалардың жұмыс барысын барлаған болатынбыз. Алайда орта­лықтағы «Арал», «Қайнар», «Реал», «Сәлем» сынды мей­рамханалардың есігінде әлі қара құлып таңылып тұр­ғанын көрдік. «Бірлес», «Анел» сынды кафелердің есі­гі ашық тұрғанымен, тұты­­нушыларға қызмет көр­­сет­пеуде. Себебі нысан ие­лері ең алдымен үй болып үйіліп қалған қоқыстан демалыс орындарын тазар­туда. – Кафе жұмысы біраз уа­қыттан бері тоқтап қалған­дықтан, сөрелерді шаң басып, аулалар түрлі қоқыстарға толып қалды. Қазір соны жиыстырып жатырмыз. Одан бөлек, ас мәзірін дайындау үшін аспазшыларымызға ха­барласып, қайта шақыр­ту­дамыз. Және азық-түлік жеткізіп беретін компа­ния­лармен де келіссөзді қайта бастадық. Алайда кафедегі даяшы­лардың дені студенттер бол­ғандықтан, қазір оларды таппай қалдық. Басым бөлігі ауылдарына кетіп қалған. Сондықтан аспазшы, дая­шы­­ның қажетін айтып, ха­бар­лама ілудеміз. Карантиннен кейін қиын болғалы тұр. Себебі кафе тұрақты жұмыс істеп тұрғанда қорымыз болатын. Қазір қор қалмады. Сондықтан бәрін қайта басынан бастауға тура келіп тұр, – дейді демалыс орнының меңгерушісі. «Арал» кафесінің иесі дәм­хананы ашатынын, әлде ашпайтынын  білмей отырға­нын айтады. – Жергілікті биліктің бізге қойып отырған талабы өте жоғары. Біріншіден, біз­ге қызметкерлеріміздің дене температурасын тек­се­­ріп тұратын тепло­ви­зор алу туралы талап қойды. Екін­ші­ден, қызмет­кер­ле­рімізді үйлерінен алып кетіп, кешке қайта апарып тастауымыз керек. Егер олардың бірі коро­навирус инфекциясын жұқ­тырып алатын болса, оған да біз жауапты боламыз. Бұдан бөлек, келушілердің өздерін бір-бірінен қашық оты­р­ғызуымыз керек. Сон­дай-ақ тұтынушылар мен қыз­меткерлерге қажетті түр­лі санитарлық талаптар да жетіп артылады. Сондықтан қазір біз «бұл тиімді ме, әлде жоқ па?» деп есеп-қисап жүр­­гізудеміз. Бәлкім, алдағы уа­қыт­та ашылып қалатын шығармыз. Бірақ ол үшін шығындалу керек болып тұр. Алайда карантиннен кейі н қаржы мәселесі қос бүйірден қысуда, – дейді Ирина. «Абдукодир» шайханасы болса, қалыпты жұмысын қай­та бастап кеткен. Сейсен­бі­ден дәмхана келушілерді қабылдауда. Алайда аc мәзі­рін­дегі тамақтар бағасы ай­тар­­лықтай қымбаттаған. – Әкімдік қойған барлық талапты орындап отырмыз. Қажетті санитарлық құрал­дар­дың барлығын алдық. Ас мәзіріміз де, көрсетілетін қыз­метіміз де сол күйі қалды. Алайда тамақтардың бағасын көтеруімізге тура келді. Себе­бі карантин кезіндегі шы­ғындардың орнын толты­руы­мыз қажет. Қазір кафеге келіп жатқан адамдар аса көп емес. Десе де, 30 адамнан қабылдап, олар орнын босатқаннан ке­йін басқаларын кіргізуге да­йын­быз, – дейді шайхана қо­жа­йыны Абдукодир. Осылайша, Тараздағы кә­сіпкерлердің бірі кәсібін қай­та жандандыра алмай отыр­са, енді екіншілері баға­ны өсіру арқылы шығын­ның орнын толтырмақ. Не­гізі, ел көлемінде 18 ма­мыр­­­дан бастап шаштараз, сұлу­лық салондары, жазғы бас­тыр­малары бар кафелер жұмы­­сына кіріссе, Жамбыл об­лы­сы әкімдігі шектеу ша­ра­ларын 19 мамырдан бастап алып тастады. Міне, осы сәт­тен әлеуметтік орын­дар­дың бірқатары қыз­ме­тіне кі­ріскенімен, бағасы бұл­қы­нып тұр. Екі есе қым­бат­та­ған мейрамхана мәзі­рі­нен бөлек, шаштараз, сұлулық салондарының да қызметі 500-1 000 теңге аралығында өскен. Әрине, мұндай сәтте кәсіп­керлерге де өкпе арта ал­маспыз. Себебі каран­тин­­нен кейін тіршілікті қай­та тірілтіп, бизнесті жол­­ға қою қиынның-қиы­ны бо­лып тұрғаны сөзсіз. Оған қоса, облыс әкімдігі де әлеу­мет­тік қызмет көр­се­те­тін ны­сандар іске қосыл­ған бой­да тексерістен-тек­се­­ріс жүргізіп, олардың жан­­­дарын алуда. Әрине, сақ­тық шаралары бәріне ортақ екенін түсінеміз. Алайда тіршілік ояну үшін, ең әуелі оған тыныс алуға мүмкіндік беру керек шығар? Әйтпесе, «отырғанын – опақ, тұр­ға­ның – сопақ» қыл­­ған­нан Та­раз­да шағын және орта биз­нес тұраламаса, өріс­те­мей­тіні анық.  

 width=

   

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы