21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні. Мереке қарсаңында театр және кино актері Дәурен Серғазинмен әңгімелестік. Театрмен тыныстап, өнерден маржан терген актер төтенше жағдай көп нәрсеге көзқарасты өзгерткенін атап өтті. Алдағы жоспарымен бөлісіп, қызық оқиғасын айтып берді. – Дәурен аға, мереке құтты болсын! Осы орайда мәдениет және өнер қызметкерлерінің қоғамдағы маңызына тоқталсаңыз. – Рақмет! Кез келген мамандық иесі ел дамуына үлес қосады. Соның бірі – мәдениет және өнер қызметкерлері. Олар күнделікті өмірімізді әнмен, бимен, күймен әрлеп, сұлу сөзбен сурет салады. Қылқаламмен ғалам ғажаптарын бейнелеп, шығармашылық арқылы қоғамды көркейтеді. Нәтижесінде, елімізді әлем танып, Қазақстан қанатын кеңге жаяды. Осы орайда әрбірінің сіңірген еңбегі, маңызы, рөлі зор. – Театр мен киноны қатар алып жүру қиын емес пе? Қайсысы оң жамбасқа келеді? – Өнер жолы қиын да қызықты жол. Маған театр да, кино да қызық. Қиындығымен қызықты. Оңай тұсы да бар. Театрдан алмағанымды кинодан, кино бермегенді театрдан табамын. Мен үшін екеуі де қымбат. – Театрда жаныңызға жақын рөл бар ма? – Театрда болсын, кинода болсын өзіме кез келген рөл ыстық. Өйткені оған бар уақытыңды жұмсайсың. Күш-жігеріңді саласың. Сол үшін сомдаған рөлдерімді бөліп-жармаймын. – Дегенмен рөлге кірудің өзіндік қиындығы бары белгілі. Қай рөлді сомдар алдында әуре-сарсаңға түстіңіз? – Театрға келсек, жақында «Гамлет» спектаклін қойдық. Сол жерде Гамлетті сомдаймын. Сол рөл маған тәжірибемдегі ең қиын рөлдің бірі болды. Әлі күнге рөлді жетілдіріп жатырмын. Уақыт бөліп, төселе түсуім керек. Гамлет рөлі психологиялық, физикалық тұрғыдан, техникалық жағынан қиын болды. Өз басым кез келген рөлге жеңіл қарамаймын. Қиын жағын іздеймін. Киноға келсек, физика жағынан қиындық тумайды. Көбінесе рөлді сомдау үшін ішкі жан дүниеңмен арпалысасың. Маған Шәмшінің рөлі, дайындығы қиын болды. Ал түсірілім барысы тұрғысынан алып қарасақ, кейінгі кезде түскен «Қазбат» фильмі оңайға соқпады. – Өнеріңізге, өзіңіз бен отбасыңызға карантин қалай әсер етті? – Өмір атты пойыз аялдамаға тоқтап, кідіріс жасады. Біз сыртқа шығып, таза ауамен демалып, өткенге көз жүгірттік. Төтенше жағдай өз-өзіме келіп, іштей сұхбат алуыма мүмкіндік беріп, мамыражай күй сыйлады. Карантин кезінде отбасымызбен ауылға бардық. Көктемдегі ауыл тынысына үңіліп, құстың үніне құлақ түрдік. Ауылға бармағаныма көп болып еді. Азан-қазан тірлікке араласып, мауқымды басып қайттым. – Әлеуметтік желіде белсендісіз. Жанкүйерлерден жиі хат келетін болар? – Әлеуметтік желіде көрермен лебізін білдіріп жатады. Instagram мен WhatsApp-қа сан түрлі хат келеді. Біреуі сынын айтса, бірі мақтауын асырады. Даттау мен мақтау – үйреншікті жайт. Мұндайға етіміз үйреніп кеткен. – Шығармашылығыңызда нендей жаңалық болып жатыр? – Алда жаңа спектакльдер қоямыз. «Гамлеттің» өзін бір рет қана сахналадық. Кем-кетігін толықтырып, көрермен назарына ұсынамыз. Театр маусымы жабылған жоқ. Тек карантин кезінде спектакльдер болмады. Әлі де не болары белгісіз. Осы маусым ашылмаса, күзде жаңа маусымды бастаймыз. Жазда фильмдердің түсірілім жұмыстары жанданады деп ойлаймын. Бірақ қандай кино болатынын нақты айта алмаймын. – Мәдениет және өнер қызметкерлеріне айтар жылы лебізіңіз болса, мархабат! – Ең бірінші, денсаулық тілеймін. Әрбір адамға жұмыс істеу үшін, ары қарай жылжу үшін денсаулық керек. Әріптестерімде жаңа, тың ой тусын. Ізденістерін жалғастырар сарқылмас қуат тілеймін. Өнер мен өмірде, қызметте өрлеп, биікті бағындырсын. Шығармашылықта бөлісер жаңалық көбейсін. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ