Тура былтырғыдай Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының жайылымдық аумағында биыл да кене көбейіп тұр. Ірілі-ұсақты малдың аталған қансорғыш жәндік шаққан жері жараға айналып, ол аздай, әлгі жара атаулы құрттап, күнделікті күнкөрісін төрт түлік малдан айырып отырған ел-жұрттың зығырданын қайнатып, зықысын шығаруда. Тіпті, кененің кесірінен мал шығыны да баршылық. Кене адам мен жануарға қоса, өсімдік паразиті болып саналады. Адамға бөртпе, сүзек, кене энцефалиті, туляремия, малға пираплазмоз сияқты табиғи ошағы бар аурулардың қоздырғышын таратады. Адам мен малды қотырға, дерматит пен жапон қызбасына шалдықтырады. Кене атаулы негізінен топырақта, әртүрлі аң-құстардың ұя-індерінде, өсімдіктерде, тұщы суларда тіршілік етеді. – Былтыр да, биыл да жайылымдық жерлерде кене көбейіп тұрғаны рас. Кене аса қауіпті зиянкестер тізіміне енбеген. Сол себепті онымен күрес шараларына арнайы қаржы бөлінбейді. Тек елді мекендердің айналасын улауға жергілікті бюджеттен мәслихат шешімімен ғана ақша қарастырылады. Ал шаруа қожалықтары жерді жалға алу шартына сәйкес, жерлерін өздері өңдеуі шарт. Сондай-ақ малдарын кенеден тазарту да шаруашылықтардың өз міндетіне жатады. Рас, малдың кене шаққан жері құрттап, шаруа адамын әбігерге салып жатқаны болмаса, кенеден жаппай мал өліп жатқан жоқ – дейді Жаңақала аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Света Бекқалиева. Ендігі кезекте Жаңақала ауданы обаға қарсы күрес бөлімшесі басшылығының пікіріне құлақ түрелік. – Біздің бөлімшенің мамандары көктемде кененің таралуын, түрін, санын анықтап, бактериологиялық, биологиялық тәсілдер арқылы зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Егер кененің кесірінен ауру-сырқау қылаң берсе, дереу аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасын, аудан-ауылдардың әкімдерін жазбаша түрде хабардар етеміз. Былтырдан бері аудан аумағында кене көбейіп тұр. Өткен жылы да, биыл да алты елді мекенде кене көбеюін анықтап, аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына ақпар бердік. Осы мекеме қажетті шаралар алды, – дейді үшбу мекеменің басшысы Мейрам Берденов. Иә, обаға қарсы күрес бөлімшесінің мәліметіне қарағанда, былтыр да, биыл да Жаңақала ауданына қарасты алты елді мекеннің айналасы кенеге қарсы уланған көрінеді. – Пятимар, Плантация, Мортық, Ақбалшық, Жолқұдық, Жаңақала ауылдарының айналасын әуелі кенеге, сосын тышқанға қарсы уладық. Нәтижесі тексерілді. Біз тек елді мекендегі шеткі үйден 100 метрге дейінгі жерді улаймыз. Былтыр да, биыл да 977 гектар жер уланды, – дейді аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Рашид Ибрагимов. Жаңақалалықтарды көбірек алаңдатып отырғаны – кененің төрт түлікке зияны. Жаңақала аудандық ветеринариялық станса басшысы Марат Досмағамбетовтің айтуынша, кене шаруаларды әбігерге көбірек салып тұрса керек. – Өткен жылдан бері кене тым көбейіп, шаруаларды әбігерге салуда. Былтыр кененің зерттемесін облыстық мекемеге жібердік. Бүгінге дейін ешбір нұсқау болған жоқ. Жалпы, кенеге қарсы күрес шараларын жүргізуге қаржы қаралмайды. Малды кенеден арылту шаралары мал иелерінің қаржысымен атқарылады. Күні бүгінге дейін бізге әлгіндей сұраныс түскен жоқ. Қазір кенеге қарсы жақпа да, екпе де, дәрі-дәрмек те баршылық. Сұраныс болса, біз көмектесуге әзірміз. Алайда шаруалар бұл жұмысты өздері жүргізуде. Ал кенеден құрттап бірен-саран мал өлгенін естідік. Бірақ бізге ақпар түспеген соң, мал шығынының нақты мөлшерін айта алмаймыз, – дейді станса басшысы. Міне, бүгінгі кенеге қатысты аудандағы ахуал һәм ол жайындағы мамандардың пікірі осындай. Көкейдегі: «Неге кене соңғы екі жылда тым көбейіп кетті? Бұрын да кене болды. Бірақ көк шыға малға жабысқан кене түсіп қалатын-ды. Қазір неге кененің шаққан орны жараға айналып, құрттап, қарамаса мал өледі?» деген сұрақ та қалды. Осы сауалымызға жауап іздей отырып, көңілге кірген бір күдікті анықтау үшін аудандық аумақтық инспекцияға телефон шалып, соңғы екі жылда шегірткеге қарсы ауданда қанша жер өңделгенін сұрадық. «Соңғы екі жылда шегірткеге қарсы жер өңделген жоқ. Себебі аудан аумағында шегіртке байқалмады», – деді әлгі мекемедегілер. Демек, шегірткеге қарсы жердің уланбауы кененің көбеюіне жол ашып отырған жоқ па екен? Сұрақ көп, бірақ әзірге нақты жауап жоқ. Бір анығы, кене биыл да қаптады, ал шаруалар оған шара таппады. Жас төл енесіне еріп, арқа кеңір шақта малшы біткен құрттаған малмен әлек… Осы мақаланы дайындап отырғанымызда Жаңақала аудандық ветеринариялық станса басшысы Марат Болатұлы телефон соғып: «Қазір облыстан кене зерттемелерін қайта жіберуімізді сұрады. Кене түрін, зиянын зерттеп, онымен күрес шараларын жүргізуге келер жылы қаржы бөлу жайы қаралатын сияқты», – деді ол...
Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН, Батыс Қазақстан облысы