Жамбыл облысында әкімдік қызметкерлері жаппай карантинге жабылуда. Коронавирус жұқтырды деген күдікпен қазір басқарма басшысы, Тараз қаласы әкімдігінің аппарат қызметкері және Мойынқұм ауданы әкімдігінің бөлім басшысы карантинге алынғаны анық. Негізі «коронавирус індетін басқарма басшысы жұқтырыпты» деген әңгіме апта басында желдей ескен болатын. Алайда ресми ақпарат айтылмады. Содан халық әртүрлі болжам жасап, өздерінше пайымдады. Облыс әкімдігі ресми ақпарат бермесе де, басқарма басшысы карантинде жатқаны анық болып тұр. Сондай-ақ бүгін Тараз қаласы әкімдігінің аппарат қызметкері де инфекциялық ауруханаға орналастырылды. Онымен біз телефон арқылы сөйлесіп, карантинде жатқанын анық білдік. – Бойымда ешқандай ауру белгілері байқалып тұрған жоқ. Бірақ тест тапсырып едім, «індет жұқтырғансың» деген күдікпен жатқызып қойды. Енді не істерімді білмей отырмын. Тест тапсырмау керек па еді?, – дейді әкімдік қызметкері. Дәл солай Мойынқұм ауданы әкімдігінің бөлім басшысын да жұмыста отырған жерінен дәрігерлер алып кеткен. Қазір оның қанша адаммен байланыста болғаны тексерілу үстінде. Одан бөлек, жоғарыда аталған басқарма басшысымен де байланыста болған азаматтар алдыңғы күні жаппай тест тапсырыпты. Алайда денінде дерттің белгілері анықталмаған көрінеді. Жалпы елімізде төтенше жағдай алынып, халық қайта қалыпты күн көрісіне көше бастағанынан жақсылық күткенбіз. Алайда облыс пен қалаға қарасты басқарма мен бөлімнен бөлек, ішкі аппараттың маманын да карантинге жатқызып жатқанына қарағанда қазір керісінше өңірде кесел өршіп тұрған сияқты. Ендігі басты мәселе – осы фактілерден кейін облыс пен қала әкімдігі толықтай карантинге жабыла ма?
Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы.