Тағайындаулар
Тағайындаулар
212
оқылды


Tagainday.JPG

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Мәдениет және спорт министрі лауазымына Ақтоты Райымқұлованы тағайындады.

Ақтоты Рахметоллақызы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының түлегі. Көптеген музыкалық туындылардың авторы. Әр жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консервато­риясының концертмейстері және оқытушысы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының оқытушысы болды. Мәдениет министрлігінің Мәдениет және өнер істері комитетінің төрағасы, Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры қызметін атқарды. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Мәдениет және спорт вице-министрі лауазымын атқарды.

 

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бақыт Сұлтановты Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі етіп тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.

Бақыт Тұрлыханұлы Қазақ ұлттық техникалық университетін және Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Мамандығы – инженер-элек­трик, экономист. Қаржы және Экономика және бюджеттік жоспарлау ми­нистр­­ліктерінде қызметтер атқарды. Президент көмекшісі, Президент Әкім­­шілігі Басшысының орынбасары, Премьер-Министрдің орынбаса­ры – ҚР Қаржы министрі қызметін атқарды. 2018 жылдың қыркүйегінен 2019 жылдың маусым айына дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі болып қызмет етті.

 

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Мағзұм Мырзағалиев Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды.

Мағзұм Мырзағалиев «Тұран» университетін және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Дипломатиялық академиясын бітірген. Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің түлегі. Теңіз және Батыс Сібір кен орындарында бұрғылау ерітіндісінің инженері болған. АҚШ және Малайзияда тәжірибеден өткен. Өндіріс жөніндегі менеджер (MI Drilling Fluids International компаниясының Ақтаудағы филиалының басшысы). «ТеңізСервис» ЖШС бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК сервистік жобалар жөніндегі басқарушы директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК Инновациялық даму және сервистік жобалар жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары, ҚР Мұнай және газ вице-министрі қыз­меттерін атқарды. 2014 жылдың тамызынан Энергетика вице-министрі болды.