Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы шешім қабылдады. Жаңа орган билік пен қоғам арасында диалог орнату үшін құрылады. Қазір әлеуметтік желіде «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі немен айналысады, оның құрамына кімдер кіреді, кеңес не шешеді?» деген мәселелер қызу талқыланып жатыр.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Президент әкімшілігі бір айлық мерзімде саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар көшбасшыларымен, азаматтық сектор өкілдерімен кеңесті қалыптастыру және оның жұмыс тәртібі мәселелері бойынша консультациялар өткізуге, өткізілген консультациялар қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына кеңестің құрамы мен кеңес туралы ережені енгізуі тиіс. Кеңеске жастарды қоса алғанда барлық қоғам өкілі кіреді деген болжам бар. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы 2019 жылдың тамызында өтеді деп жоспарланып отыр.
Елде көп болып талқылайтын мәселелер бар ма? Бар. Мұны ешкім жоққа шығарып отырған жоқ. Алаңға шыққан азаматтардың да айтары бар. «Көптеген қазақстандық материалдық жағдайы нашарлаған соң, наразылық білдіріп көшеге шықты» деді жақында Мемлекет басшысы. «Негізінен бұл – әлеуметтік сипаттағы талаптар. Бұл мәселелердің бар екенін жоққа шығармаймын. Жалпы айтқанда, олар адамдардың кедейленуінен туындап отыр. Олар Үкіметтен көкейкесті әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуді сұрайды», – деді Тоқаев Euronews арнасына берген сұхбатында.
Президент «Билік пен қоғамның диалогы Қазақстанның дамуы және оның қуатын арттыру туралы сан алуан пікірді негізге алуы тиіс», – деді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың көзқарасын ескеруге шақырып, жастар туралы пікір білдірді. «Бұл – ұлт бірлігі мен ел тұрақтылығын күшейтудің басты жолы. Біздің жастарымыз білімді, ұшқыр ойлы, Отанына адал! Олар өз армандарына қол жеткізуі үшін барлық мүмкіндік жасалады», – деп жазды Twitter-дегі парақшасында.
Euronews-ке берген эксклюзив сұхбатында Қазақстанда тұрғындарға шеруге шығуға рұқсат беретін заң қабылданатынын айтты. Қазақстан Президенті елде саяси өзгеріске қалай қол жеткізуге болатынын Еуроодақ мүшелерімен кеңескенін мәлім етті. «Саяси мақсатым – жастарды билікке тарту, мемлекеттік маңызды мәселелерді шешуге көмектесу. Шеру жасаған қозғалыстардың өкілдерін келіссөз жүргізуге дөңгелек үстелге шақырамыз, мәселелер көшеде тәртіпсіздік пен аласапыран атмосферада емес, осылай шешіледі», – деді. «Жаңа заң қабылданады, енді демонстрацияға шығып, пікірін білдіргісі келген халық тиісті органға жүгінеді, оларға пікірін білдіру үшін арнайы жер беріледі», – деді Президент.
Біз кейде бір іс басталмай жатып, қолды бір сілтейміз. Істің ақырын күтпей, байбалам жасай саламыз. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген халық даналығына бір мезет құлақ асқан да дұрыс секілді.