Ауылға не қажет?
Ауылға не қажет?

Бүгінгі күні әр адамның көкейінде «ауылға не керек?» деген сауал тұр. Өйткені, қанша дегенмен де, өндіріс орны шоғырланған қалаға қарағанда ауыл өмірі көңіл көншітпейді. Бұрынғы кеңес дәуірі «тұяқ серпігенде» жекешеленген ауылдардың көбі титықтап қалды. Аянышты ғұмыр кешіп жатыр. Әрине техникасы мен бес түлік малын жекешелендірмей ұстап қалып, шалқып отырған ауылдар бар. Бірақ некен-саяқ!

6 пайыздық несие

Ауылды жетілдіру, халқын жұ­мыспен қамту үшін қаржылай қол­дау керек. Ол үшін үкімет бағ­­дарлама түзіп те қойды. «Ауыл – ел бесігі» жобасынан үміт мол. Со­нымен қатар бүгінгі күні «Нә­тижелі жұмыспен қамтуды және жап­­пай кәсіпкерлікті дамыту­дың» мемлекеттік бағдарламасы ая­сын­да «Игілік», «Ынтымақ», «Кә­сіп­­кер», «Бірлік» және «Егін­жай» не­сие өнімдері, Агро­өнер­кә­сіп ке­шенін дамыту мемле­кеттік бағ­дарламасы аясында – «Ырыс» және «Сыбаға» несиелік бағ­дар­ламалары қаржыландыры­лып жатыр. Арнайы осы бағдар­ла­ма бойынша биыл «Ауыл шар­уа­­­шы­лы­ғын қаржылай қол­дау қоры» АҚ 60 млрд теңгеге жуық несие беруді жоспарлап отыр. Оның ішінде Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіп­кер­лікті дамыту бағдарламасына 27,5 млрд теңге қарас­тырылған. Нә­ти­желі жұмыс­тар басталып кет­кені де аңғарыла­ды. Осы қор­дың облыс орталық­та­рында жұ­мыс іс­тейтін барлық филиал­дары не­сие беріп жатыр. Қордың жа­уап­­ты қыз­меткерле­рі­нің айтуын­ша, бағ­­­дар­лама бойын­ша несие түрлі мақсаттарға жыл­дық 6 про­цент сыйақы мөл­шер­ле­ме­сі­мен бері­ле­ді, жылдық тиімді сыйақы мөл­шер­лемесі 6,7 про­цент­тен ас­пай­ды.

– Қор өзінің несиелік өнім­де­рі­нің көмегімен ауыл тұрғын­дары мен ауыл шаруашылығы тауар­ларын өндірушілердің жобаларын түрлі мақсатты бағыт­тар бойынша қаржылан­ды­рады. Мысалы, «Игілік» бағдарламасы бойынша ірі қара мал, ұсақ мал, жылқы, түйе, құстар, бал арала­рын сатып алу қарастырыл­ған болса, «Бірлік» бағдарламасы бойынша сүт қабылдау пункттері­не арналған жабдықтар сатып алынады. «Кә­сіпкер» ауылдағы барлық бизнес түрлерін дамытуға бағытталған. Қор жылына 10 мыңнан астам кәсіпкерді қаржыландырады. Соның 80% жуығы стартап жоба­лар, – дейді «Ауыл шаруа­шы­лығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төра­ғасы Жандар Омаров. Қор шағын несие беруді бастағаннан бері ауыл тұрғында­ры мен ауыл шаруа­шылығы тауа­рын өндірушілерге 280 млрд тең­ге­ге жуық қаржы берді. Бұл 150 мың несие деген сөз. Негізі­нен бұл қаржы шағын биз­неске құйылып отыр. Яғни, же­ке қосал­қы шаруашылықтар мен фер­мер­лік қожалықтар.

– Екін­ші деңгейлі банктер ауыл шаруа­шылығы сала­сына 490 млрд теңге бағыт­та­ған болса, соның тек 14,7 млрд теңгесі жеке тұлғаларға бе­ріл­ген. Ауыл шаруашылығын қар­жылай қолдау қоры бір жылдың ішінде 53,8 млрд теңгенің несиесін бер­ген. Сондай-ақ қордың шарт­тары несие алушылар үшін өте қолай­лы. Біздің бағдарламалар бойын­ша жылдық орташа сыйақы ставкасы 6 процент. Ал банктерде 10-16 процент, – дейді қордың Не­сиелендіру департаментінің ди­ректоры Геррард Бааль. Қор­дың жұмыс істеп жатқанына куә бол­дық. Бірақ осы қолдау нақты ке­рек еткен адамдарға жетіп жа­тыр ма, оны да қадағалап отыр­ған жөн-ау! Қаржы бердік, болды де­ген де бола бермес. Дегенмен қол­дау бар да, осы мүмкіндікті пай­даланып қалу да бар, олай бол­са ауылдықтар туын­даған бар­лық мә­селе бойынша аудан­дық жұ­­мыс­пен қамту орта­лы­ғы, Кә­сіп­­кер­лер пала­та­сы­ның аудан­дық фи­лиалы, облыс орта­лы­ғында ор­на­ласқан қор фи­лиа­лы қызмет­керлерінен кеңес алып, қаржылай қолдау алуына мүмкіндігі мол.

 

Санитарлық бақылау күшейтілсе...

Қолдау барда қолда бар өнімді шет елдерге шығарудың жолы керек. Ресей Федерациясы Сол­түс­тік Қазақстан облысынан экспортталатын құс пен инку-бациялық жұмыртқаға уақытша шектеуді алып тастады. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Солтүс­тік Қазақстан облысының 5 құс фабрикасы 3 маусымнан бастап Ресейге өнімдерін қайтадан экс­порт­тай бастаған. Айыртау ауда­ны Елецк ауылдық округінде ньюкасл ауруының табылуына байланысты көрші мемлекет былтыр 26 қыркүйектен бастап шекарадан құс пен инкубациялық жұмыртқаны өткізуге уақытша тыйым салған еді. Сондай-ақ құстарға арналған азық-жемнің кей түрін, құстарға арналған қондыр­ғылар мен тірі құсты Ресей­ге өткізу шектелді.

Мамандар­дың айтуынша, қазір облыста 7 құс фабрикасы бар. Олардың бесеуі өз өнімдерін, нақтырақ айтқанда, жұмырт-қаны Ресейге сатады. Соңғы үш жылда жұмырт­қа экспорты жылына 11,7 мил­лион­­нан 33 млн данаға жеткен.


– Өңірдің кәсіпкерлері шама­мен 8 ай бойы Ресей мемлекетінің нарығына шыға алмады. Эпизо­о­ти­калық жағдайдың жақсаруына байланысты облыста кешенді ветеринарлық іс-шаралардың жүргізіліп, аймақтандыру және сауықтыру бағдарламаларының енгізілуіне байланысты «Россель­хо­з­надзор» (Ресейдің ветери­нар­лық және фитосанитарлық қадағалау жөніндегі федералдық қызметі) 3 маусымнан бастап СҚО-дан әкелінетін құс пен құс өнімдеріне шектеуді алып тас­та­ды, – дейді облыстық Кәсіп­кер­лер палатасының бөлім басшысы Бауыржан Ахметаев. Мамандар­дың айтуынша, қазір облыста 7 құс фабрикасы бар. Олардың бесеуі өз өнімдерін, нақтырақ айтқанда, жұмыртқаны Ресейге сатады. Соңғы үш жылда жұмырт­қа экспорты жылына 11,7 мил­лион­­нан 33 млн данаға жеткен. 2018 жылдың алты айында 442 млн теңгенің 27 млн дана жұ­мырт­қасы көрші елге шығарыл­ған. Осы шектеудің кесірі жер­гі­лікті кәсіпкерлерді шығын­ға ұшы­­ратты, олар жарты жыл ішін­­де жарты млрд теңгеден айы­рыл­ған.

Бұл бір облыстағы ғана шектеу, соның өзінде кәсіпкерлер миллиондаған қаржыдан айырылды. Әрине ет, сүт өнімдері де шетелге жіберіліп жатыр, осындай шығынға ұшы­ра­мас үшін, жергілікті жерлерде мал, құс өнімдерін тексеріп оты­ра­­тын санитарлық-ветери­нар­­лық қосындардың жұмысына қатаң қадағалау жасап отырса артық болмас!

 

Барымташылар ес жиғызбай тұр

Ауылдағылар малмен жан сақтап отыр. Төрт түлікті көбей­тіп, өнімінен пайда тапқылары келе­ді. Үлкен қожалықтар өрісте­гі малы үшін қатты қобалжи қой­май­ды. Ал жаңадан несие алып өз кәсібін дөңгелетем деген ауыл азаматтары жайылым таба алмай бір (өйткені жайылымға қолайлы жер біреудің меншігінде) қинал­са, екіншіден, мал ұрыла­ры­нан қорқып тізесі қалтырайды. ІІМ мәлі­метінше, мамыр айының басы­нан бері мал ұрлығымен айналысқан 30 топ ұсталған. Ал соңғы үш жылда 19 мыңнан астам мал ұрлығы жасалған. 60 мың мал қолды болса, соның тек жартысы, яғни 30 мыңнан астам мал қожайындарына қайтарылған. Министрліктегілер полицияның алдын алу, ұйымдастыру және практикалық іс-шаралары бұл қыл­мыстың түрін түбегейлі жою­ға жеткіліксіз дейді. Ауыл тұрғын­дары үшін ауыр тиетін мал ұрлы­ғы­на жазаны күшейту мақсатында ІІМ Қылмыстық кодекске осы қылмыс түріне арнайы бап енгізу туралы бастама көтерді. Аталған заң жобасы таяуда Парламент қарауына енгізілмекші. Өткен мамыр айында «Мал ұрлығы» операциясының кезекті кезеңі өткізілген. Шара кезінде полиция қызметкерлері шаруашылықтар, мал жайылымдары және ферма­лар, автокөлікпен мал тасушы­лар­ды тексеріп, мал сату, сатып алу, ет өнімдерін сату нүктелерін қада­ғалауға алған. Операция ба­ры­сында 159 мал ұрлығы, соның ішінде бұған дейінгі жылдардағы 57 ұрлық ашылған. Бұған қоса, 483 тұрғынға малы қайтарылған (180 жылқы, 103 сиыр және 200 ұсақ мал). Мал ұрлығы үшін 214 адам және 30 қылмыстық топ құрықталды. Сонымен бірге, ветеринария саласында 400-дей құқықбұзушы­лық, соның ішінде мал тасымалдау және ет өнімдерін сатуды тиісті құжаттарсыз іске асырғандар анықталған.

Бұл бір айдың ішінде ғана ашылған мал ұрлығы. Аз ба, көп пе – өзіңіз бағамдай беріңіз. Бірақ әр ұрлықтың артында еңбектенген шаруаның маңдай тері, бала-шағасының несібесі тұр. Осы байлықтан айы­р­ғандарға қарсы күнделікті іс-шаралар өткізіліп тұрса да болар еді. Әйт­пе­се біреудің малын өзіні­кін­дей көр­ген барым­та­шылар ес жиғы­зар емес!..