Сенат сайлау мен саяси партиялар туралы заңды бекітті
Сенат сайлау мен саяси партиялар туралы заңды бекітті
190
оқылды
Мамырдың 21-і күні Парламент Се­на­ты «Сайлау туралы» және «Саяси пар­­тия­лар туралы» заң жобасын ма­құл­дады. Конституциялық заңға енгізілген өз­геріс­ке байланысты, бұдан былай саяси пар­тияларды тіркеу үшін 40 мың емес, 20 мың мүшесі болса жеткілікті болмақ. Оған қоса, жаңа құжат кандидаттардың тізі­мін жасақтауда әйелдер мен жастарға 30% квота қарастыруды міндеттейді. Аталған екі заң жобасы 22 сәуір күні Мә­жіліс депутаттарының талқысынан өтіп, жоғарғы палатаға жолданған бо­ла­тын. Парламент Мәжілісінің жалпы оты­рысында заң жобасын таныстырған Әді­лет министрі Марат Бекетаевтың ай­туынша, «Сайлау туралы» заңға пар­тия­лық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жас­тарға арнап 30% квота қарастыру ұсы­нылған. Бұл – әлемдік тәжірибе. Пар­тиялық арнайы квоталар бөлу Гер­мания, Норвегия, Франция және Бельгия се­кілді Еуропа мемлекеттерінде кеңінен қол­данылатын нормалар. Айта кетейік, Парламент мақұлдамас бұрын бұл екі заң жобасы біршама тал­қы­ланған болатын. 17 сәуір күні Мәжіліс үйінде депутаттар мен парламенттік емес партия өкілдері және саясаттанушы, заңгер мамандар қатысқан отырыста өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Осы басқосуға қатысқан заңгер-со­цио­лог, құқық докторы (PhD) Халида Әжі­ғұлова жұмыс тобына жасына және жы­ны­сына қатысты ең аз дегенде 30% кво­таны бекітуді ұсынғанын айтады. «Жал­пы, квота саны 30% деген шектеуге қа­тысты емес, тізімде әйелдер саны 50%, 70%, тіпті 99% болуы да мүмкін. Себебі партия мүшелерін тізімдеу үшін елімізде әйел­дердің саны жеткілікті. Бұл жерде бас­қа жыныстағы кандидаттарға қатысты дискриминация болмауын қадағалау керек. Сондай-ақ «жастар квотасы қанша болу керек?» деген мәселе бойынша да нақ­ты консенсус жоқ. Бұл – біздің елі­мізде жасалғалы отырған алғашқы тә­жі­ри­бе. Заңдағы өзгерістердің тиімділігін, нә­тижесін біз алдағы сайлауларда кө­реміз. Сондықтан алда квотаны қол­дану­дан кейінгі талдаулар бойынша атал­ған заң жобаларына қатысты тү­зетуге қай­та оралатынымыз анық», – дей­ді ма­ман. Бейсенбі күні Сенатта баяндама жа­саған Әділет министрінің міндетін уа­қытша атқарушы Наталья Пан да заң жо­баларының ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелері мен жастар арасында қызу талқыланғанын мәлімдеді. Жоғарғы палата отырысында өткен талқылауда сенатор Мұрат Бақтиярұлы Қа­зақстанның саяси партияларының даму жолына шолу жасап өтті. Депу­тат­тың айтуынша, 1996 жылы қабылданған «Саяси партиялар туралы» дербес заңда саяси партия құру үшін еліміздің кез кел­ген аймағында тұратын 10 адамның бас­тамасы және партияны тіркеу үшін 3 мың мүшесі болса жеткілікті болатын. «Соның нәтижесінде, 2002 жылы 19 саяси партия тіркелді. Олардың көбінің аты бар, заты жоқ еді. Партиялар санының осыншама көп­тігіне қарамастан, елде көппартиялы жүйе болды деп айта алмаймыз», – деді сенатор. 2019 жылы 20 желтоқсанда Ұлттық қо­ғамдық сенім кеңесінің екінші оты­рысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолданыстағы саяси жүйені реформалауға бағытталған бірқатар ұсы­ныстар жасаған. Соның бірі – еліміздегі пар­тиялардың ресми тіркелген мүшелері­нің санын азайту мәселесі. Мемлекет басшысы партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастарға арналған міндетті 30% квотаны қарастыруды және саяси партияларды тіркеу талабын 40 мыңнан 20 мың адамға дейін төмендету қажет еке­нін айтып, «біз партияларға және сай­лауға қатысты заңдарды бірте-бірте өз­гер­туіміз керек» деген еді.      width=Әлі БЕКТАЕВ, Парламент Сенатының депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы – Бұл екі заң жобасы да еліміздің заң шығару жүйесіндегі та­ри­хи жаңалық деп айтуға болады. Аталған заң жобалары Пар­ламентте қабылданбас бұрын қоғам талқысына ұсынылды. Қо­ғамдық ұйым мүшелері, саясаттанушылар, заңгерлер мен қоғам бел­сенділері қарап, өздерінің ұсыныс, пікірлерін айтты. Мұндағы не­гізгі ерекшелікке тоқталсам. Ең алдымен, партияларды тіркеу үшін оның мүшесінің саны екі есеге азайтылды, яғни бұрын 40 мың болуы керек болса, енді 20 мыңға түседі. Партия құрамын деушілер үшін бұл меже қиындық тудырмайды деп ойлаймын. Мәселен, еліміздің өңірлерін алайық, қазір ең аз облыстың халқы 600 мың тұрғынға жетіп қалды. Ал партия мүшелеріне қатысты талап бойынша, облыстарда 600 адам болуы керек. Демек, 20 мыңдық меже бойынша облыстардан мүше санын жи­нау да оңайға түскелі тұр. Екіншіден, «Сайлау туралы» заңға әйелдер мен жастарға арнап 30% квота қарастыру енгізілді және «Саяси партиялар туралы» заң жобасында ұсы­ны­ла­тын кандидаттардың кем дегенде 30%-ы әйелдер мен 29 жасқа толмаған жастар болуы ке­рек деген талап бар. Бұл алдағы уақытта өткізілетін жергілікті Мәслихат және Пар­ламент сайлауларында жастардың саяси аренаға келуіне мүмкіндік береді. Осылайша, қа­былданып отырған заң жобалары демократиялық талаптарға сай жұмыс жүргізуге, қо­ғамның жаңаруына жол ашады. Әрине, демократия дегеніміз – ең алдымен тәртіп, заң шеңберінде жұмыс істей білу. Сондықтан болашақта саясатқа араласатын жастар, қо­ғам белсенділері өздерін тұлғалық жағынан өсіріп, мемлекет мүддесі жолында қызмет ету­ге дайындалып келгені жөн. Қандай да бір жоба болсын, бағдарлама болсын еліміз бен жеріміздің ерекшелігіне, халқымыздың болашағына жасалса деймін.      width=Берік ДҮЙСЕНБИНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының мүшесі: – Сөз жоқ, екі заң жобасы да маңызды. Одан бөлек, біздің жұ­мыс тобымыз парламенттік оппозиция туралы заң жобасын Се­натқа жібердік. Бұл заң жобасы арқылы біріншіден, оппозиция де­ген сөздің өзі саяси айналымға кіреді. Бұл ертеңгі күні Мә­жіліске кіретін шағын партияның кепілдендірілген құқығын қор­ғайтын заң. Екіншіден, аталған заң жобасындағы өзгеріске көңілі толмай жатқандар да бар. Бірақ олардың кейбірі заң жобасымен танысқанына, өзгерістерді оқығанына күмәнім бар. Жалпы, бүгінгі күні қоғамда ешқандай партия құрмай-ақ үлкен жұмыс бітіріп отырған аза­маттар бар. Сондықтан «партия құруға мүмкіндік жоқ, партия құрсақ бүйтер едік, сөй­тер едік» деп жатқандардың сөзіне де уәж келтіруге болады. Өз басым екі партия – «Азаматтық партия» мен «Ақжол» партиясының басы-қасында болған адам ретінде айтайын, партия құру деген расымен оңай іс емес. Кейбір азаматтар эмоциямен айтып жүргенін де білеміз. Партия құру деген – ЖК ашу емес. Оның жауапкершілігі болу керек. Біз секілді халқы шағын геосаяси орналасу тұрғысынан үлкен елдермен шекаралас тұрған мемлекетке саяси ойындармен байқап ойнау қажет. Бұл тұрғыда бізге саяси партияны көбейткеннен гөрі жемқорлықты тыйып алған пайдалы дер едім. Меніңше, жан-жақтан партия құрамын деп жанталасқаннан гөрі жемқорлықты ауыздықтап, қылмысты тоқтатқан жөн. Өйткені айтқанымыз бөлек те, істегеніміз бөлек болып тұр. Егер атқарушы органдар біздің заңдарымызды бұлжытпай орындап, соны негізге алып жұмыс істейтін болса бізге көппартия да, митингіге шығу да қажет болмайтын еді. Осы жағын реттеп алып, партия құруға дайындықпен келсек деймін. Біз Абай атамыздың «болды да партия ел іші жарылды, әуремін мен тия дауың мен шарыңды» деген сөзінен сабақ ала алдық па? Бұл да ойланатын жағдай.  

 width=Бауыржан БАЗАР