Елде төтенше жағдай біткенімен, карантин жалғасуда. Сақтық шараларын сақтай отырып, бірқатар кәсіпкерлік нысанының жұмыс істеуіне рұқсат етілгенімен, әлі де шектеулер көп. Соның бірі – қала арасындағы блок-бекеттер. Осы мәселе төңірегінде ел арасында әртүрлі қаңқу сөз айтылып жүр. «Жаяу жүргіншіні емін-еркін өткізеді де, неге көлікті өткізбейді?», «Түсініксіз жағдай, вирусты адам емес, көлік алып өте ме?» немесе «Елдің бәрі көшеге шығып кетті, көлікке шектеу қойғаннан не пайда?» деген секілді гу-гу әңгіме. Одан бөлек, «Жақсылап сөйлессең, блок-бекеттен өту оңай» деген сияқты әңгіменің де желдей есіп тұрғаны жасырын емес. Иә, бұл сөздерді жұрт не үшін айтады? Себебі осыдан біршама уақыт бұрын ғана елдегі төтенше жағдайға байланысты барлық аумақта жарияланған карантин кезінде блок-бекеттерден ұшқан құстың да, жүгірген аңның да өтуі қиын болатын. Енді қалай төтенше жағдай алынды, кейбір шектеулерге қарамастан жұрт солай көшеге ағылды. Қалада нөпір жұрт, ағылған көлік. Сондықтан болса керек, адамның еркін өтіп, көлікке шектеу қойылғанына түсіне алмай әлек. Алайда Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тіршілігі бір-бірімен біте қайнасып кеткенін ескерсек, күн сайын қаладағы 18 блок-бекеттен өтемін деп әрекет жасаушылардың қарасы да көбейген. Бүгінде блок-бекеттерде ұзын-сонар кезекте, кептелісте тұрып, жүйкесі жұқарған жандардың жоғарыдағы сөздерді айтпасына амалы жоқ. Біз осы бақылау-өткізу пункттерінің бірі – Шымкент қаласынан Төлеби ауданына өтетін үлкен жолдың бойында орналасқан Жыланбұзған бақылау-өткізу пунктінде болып, бүгінгі жағдайды көзбен көріп қайттық.
9 баланың анасы шу шығарды
Ұшы қиыры жоқ кептеліс сонадайдан көрінді. Алдымен Шымкент қаласынан Төлеби ауданы жағына өтетін бекетке жақындадық. Байқаймыз, бекеттегі полицейдің қалаға кірмекші болып тұрған жеңіл көліктің жанында тұрғанына біраз уақыт болды. Қасына жақындағанда рұқсаты жоқ көлік иесінің полицей қызметкерімен сөзге келіп жатқанын естідік. Көліктің артқы есігінен шыққан 50 жас шамасындағы әйел «9 баланың анасымын, мені ешкім тоқтата алмайды. Ленгір қаласындағы перзентханада келінім босанып жатыр. Соған бара жатырмыз» деп айқайлай бастады. Ал жүргізуші «Жұрттың бәрі көлігімен көшеге шығып кетті ғой, бекеттің не керегі бар? Шымкентте еркін жүрміз» деп ерегіскен. Полиция қызметкері жағдайды түсіндіруде. Осылайша, ең болмаса шетке шығуға да көнбей, 10 минуттай кептеліс туғызған жеңіл көлік соңында тұрған көліктерге кедергі келтіріп, үсті-үсті сигнал басылып, бекет азан-қазан болды да қалды. Осы кезде жол полициясының қызметкерлері келіп, көлікті шетке алып кетті. Бақылау пунктінде болған 20 минутта 2 көлік рұқсаты болмай, кері қайтты. Ал жаяу жүргіншілер еркін өтіп кетті. Медицина қызметкерлері бекеттен өтушілердің ыстығын өлшеп жатыр. Айта кетейік, осындағы есімін атамауды жөн санаған медицина қызметкері Мемлекет басшысы белгілеген медицина қызметкерлеріне, оның ішінде жедел жәрдемде істейтіндерге берілетін өтемақыға қол жеткізе алмай жүргенін айтты. Журналист екенімізді білген ол тиісті қаржыны қашан алатынын сұрады. «Бекетте тұрмаған кездері жедел жәрдеммен науқастарға алғашқы көмек көрсетіп, ыстығы көтерілгендерді тиісті орынға алып келіп жүрміз. Бірақ әлі ешқандай өтемақы берілмей жатыр», – дейді Түркістан облысының жедел жәрдем қызметкері.Бала көтерген, дорба арқалаған ана да кетіп барады
Одан соң ауданнан Шымкент қаласына қарай өтетін бақылау пунктіне аялдадық. Мұнда да сол тиісті жұмыстарын атқаруға 3 полицей, 2 медицина қызметкері жұмылдырылған. Кіретінді де, шығатынды да тексеруде. Тәулігіне 3 ауысыммен жұмыс істейтін полиция қызметкерлері таңғы 8.00-ден 16.00-ге дейін тұрады. Одан ары басқа қызметкерлер ауысады. Бұл жұмыстарға учаскелік полицейлер, көші-қон және криминалдық полиция қызметкерлері тартылыпты. «24 сағат бойы осы көрініс. Адам да, көлік те көп. Базаға электронды түрде тіркелген, тіркелмегенін қызметтік планшет арқылы көлік нөмірін жазып бірден анықтаймыз. Рұқсаты жоқтарды қайтарамыз. Әрине, арасында жақыны қайтыс болғандар немесе осы аймақта тұратындар, дүкенге шыққандар кездеседі. Сонымен бірге қаулыға сай медицина қызметкерлері мен әскерилерге, төтеншеліктерге рұқсат бар. Оларға түсіністікпен қараймыз», – дейді полиция қызметкері. Ал 2 айдан бері бақылау-өткізу бекетінде ауысыммен жұмыс істеп жүрген Шымкент қаласындағы №7 емхананың медбикесі Майра Мүтәлиева жұмысының таңғы 7-де басталатынын, түскі 14.00-де ауысымды өткізетінін жеткізді. Төтенше жағдай режимі ресми түрде аяқталған соң көлік ағынының, өтетін адамның да көбейіп кеткенін айтады. Мәселен, кешегі осындай бір ауысымда 1 300 жаяу жүргінші, 67 жүк көлігі мен 708 жеңіл көлік өткен. «Күн ысығалы бері ыстығы көтерілгендер көп кездеседі. Ол азаматтарды осындағы жедел жәрдем көлігінде салқын жерде мұқият жан-жақты тексеріп, дерттің белгілері болмаса, ыстығын түсіріп, қайтарып жібереміз», – дейді медбике. Осы кезде полицейдің сүзгісінен өте алмаған «Ауди» маркалы көлігі шетке шықты. Жүргізушіні әңгімеге тартқанымызда 2 сағат бұрын ғана осы бекеттен өткенін, жұмыстан анықтамасы бар екенін айтты. Алайда қазір полицей онлайн тіркеуде жоқ екенін айтып, өткізбей қойыпты. Тағы бір бекеттен өте алмай қалған «Опель» маркалы көлігінің жүргізушісі 1 ай бұрын жұмыстың анықтамасымен өткенін, қазір онлайн базада жоқ екенін айтты. «Көлікте заттар бар. Қазір тиісті адамдар келіп алып кетеді. Өткізбесе, амал жоқ, тәртіпке бағынамыз», – дейді Асқар есімді жүргізуші. Бекетте отырған 1 сағатқа жуық уақытта ұзын-сонар көліктің қарасы бір сәтке азайған жоқ. Есебі жоқ жеңіл көліктен бөлек, құрылыс материалдарын тиеген жүк көліктері, азық-түлік машиналары мен әскерилерді таситын көліктер де көптеп өтіп жатыр. Жаяу жүргіншілердің арасында жасы да, жасамысы да, бала көтерген, арба сүйреген ана да, күннің ыстығында азық-түлік салынған дорбасын мықшыңдап көтере алмай бара жатқан жандар да бар. Әйтеуір, тіршілік үшін ағылған халық. Күннің ыстығында 1 шақырым қашықтықты артқа тастап, шетелге шекарадан өткендей жаяу қиналып-ақ барады. Одан арғы бетке өткеннен кейін де таксилер жол ақысын қымбаттатып жіберген. Әрине, тәртіптің аты – тәртіп. Еліміздегі коронавирус жұқтыру дерегінің бәсеңдемеуіне байланысты белгіленген шектеу шараларын орындау міндет. Дегенмен шындығында кейбір жүргіншілердің тексерілусіз-ақ өтіп жатқанын көріп, карантин кезіндегі талаптардың бір-біріне сәйкес келмейтінін байқайсыз. Мәселен, 3 адамнан артық топтасып жүруге болмайды деген талап бар. Ал осы тәртіпті орындап, не болмаса талап етіп жатқан пендені көрмейсіз. Базарда да, қоғамдық көліктерде де сығылысып жатқан адамдар. Айтпақшы, бірін айтып, біріне кетеміз, бақылау бекетіндегі тірлігімізді бітірген соң қалаға қарай өткен көлікті тоқтатып мінгенбіз. Жүргізуші көңілді. «Рұқсат қағазым да, тіпті көлігімнің құжаттары да сай емес, бекетке жақындағаннан Құранның «Аятул курсил» сүресін қайта-қайта оқи бердім. Алланың құдіреті шексіз ғой. Байқаусыз өтіп кеттім», – дейді жайбарақат. Өмірде түрлі адам бар ғой. Яғни, Құран сүрелерімен өтуге болады дейтін түсінік те бар екен. Шымкент қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі елімізде төтенше жағдай режимі ресми түрде аяқталған соң блок-бекеттерде тәртіп бұзған көліктерге айыппұл салыну жағдайы тоқтағанын айтады. Қазіргі таңда тек түсіндіру жұмыстары, ескерту шаралары ғана қолданылып жатқан көрінеді.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы