Сапарбаевтың 100 күні
Сапарбаевтың 100 күні
256
оқылды
Бердібек Сапарбаевтың Жамбыл облысына әкім болып тағайындалғанына 100 күн толды. Өмір өлшемімен қарасаң – аз уақыт. Алайда басшының білігі де, мықтылығы да бірінші күннен байқалатыны белгілі. Сонымен Сапарбаевтың 100 күні қалай өтті? «Әмбебап»  әкім қай тірлікті түзей алды, қай тұсты көрмей қалды? Үш айдан астам  уақытта неден ұтты, неден ұтылды?  

Үш айда не бітті?

Негізі, «Мәселе қайда – Сапарбаев сонда» деп білетін халық Бердібек «баласы» Әулие­атаға келгелі әжептеуір жаңа­лық күткені рас. Алайда сенген ұлдарының жең түріп, жұмыс істеуіне коронавирус кеселі қолбайлау болуда. Десе де, ай­мақ басшысы үш айдың ішінде Жамбылға 304 миллиард теңге инвестиция тартты. Өңірдің өн­діріс орындары 155 миллион теңге­нің өнімін өндірді. Ал облыс орталығындағы кәсіпорындар 86 мил­лион теңгенің тауарын шы­ғар­ды. Құрылыста 94 жоба жоспар­ланса, онда 6 000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп кү­тілуде. Сапарбаевтың бір жаңа­лығы – құрылыстың сапасын ар­найы құрылған 11 мобильді топ бақы­лайтын болады. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарына жергілікті мердігерлерді жұмылдыру қолға алынды. Ал келешектің жоспарына кел­сек, «Көне Тараз» және «Қа­рахан» кесенелерін жалғайтын жаяу жүр­гіншілер жолағы салы­нады. Сондай-ақ «Тектұрмас» ке­шенінің екінші кезеңі жалғасын таппақ. Әлемдік пандемия кезінде Сапарбаев 442 мектепті қашықтан оқыту жүйесіне көшіріп, 13 мыңға жуық компьютер таратты. 58 ауыл­­дағы 71 мектеп интернетке қосылды. Сондай-ақ аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетіп, каран­тин кезінде материалдық қолдаудың тетігін тапты. Сапарбаевтың ең үлкен ерлігі – Меркі қант зауытынан қарызын ала алмай жүрген шаруалардың берешегін өтеді. Бұл мәселені шешу үшін бюджеттен 180 мил­лион теңге бөлініп, қазір 1 миллиард теңгеден астам қарыз­дың 640 миллион теңгесі қайтарылып отыр. Алдағы уақытта тағы 135 миллион теңгені зауыт басшылығы өтейтінін айтты. Бұл сөз жоқ, бағалауға тұрарлық. Бұдан бөлек, облыс әкімі ауыл шаруашылығы саласына баса көңіл аударып, қазір ағын су мәселесін кезең-кезеңімен шешуде. Ол үшін аймақ басшысы су қоймаларын салу жобасын жандандырып, канал­дардың құрылысын мықтап қолға алуда. Сондай-ақ Сапарбаевтың негізгі миссиясы саналған Қордай ауда­нын­дағы қақтығыс орын алған ауыл­дарда құрылыс қарқын алып, қи­раған нысандарды қайта қал­пына келтіру жұмыстары жандануда.  

Неге көңіл әлі күпті?

 Бердібек Машбекұлының 100 күнде істеген осындай игі жұ­мыстары аз емес. Десе де, аймақ басшысының ұтылған тұстары да баршылық. Мәселен, облыс әкімі Жамбылға келгендегі ең үлкен тарихи жағдай – Тараздың қақпасы тарс жабылды. Артын­ша аймақтың да шекарасы ше­генделіп, өткізу бекеттеріне қара құлып таңылды. Әрине, бұл әлемдік пандемияға байланысты жасалғаны белгілі. Алайда осы карантин кезінде баға бақылаудан шығып кетті. Азық-түліктің де, материалдық мүліктің де құны шарықтап, бағаның байлаусыз кеткенін аймақ басшысының өзі де мойындады. Сондай-ақ каран­тинде Super-Pharm атты меди­циналық өнімдер шығаратын зауы­тымыз бола тұра қарапайым бетпердеге жарымадық. Мекеме қызметкерлерінен бастап үйде отырған көпбалалы аналарға дейін бетперде тігіп кетті. Карантин кезіндегі тағы бір шулы оқиға – Меркі аудандық ауруханасының дәрігерлері бас көтерді. Нәтижесінде, бас дәрі­гер­ден бастап бухгалтерге дейін қыз­меттен қуылып, облыс әкімі Үкімет үйіне дейін жеткен жағдайды әрең басты. Қордай қақтығысына кел­сек, мұнда да жүйесін таппаған жобалар болды. Мәселен, Қоғам­дық келісім кеңесі құрылғанымен, жұмысы көрінбесе, «Бейбітшілік пен ке­лісім» жобасының да жүрісі көңіл көншітпеді. Сапарбаевтың тұсында да кадрлардан қадір қашты. Бір ай бұрын облыс әкімдігі Жұ­мыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасының басшысы Тимуржан Нұрымбетов ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталса, күні кеше Шу ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы да жемқорлық фактісі бойынша құрықталды. Бердібек Машбекұлы ауыс-түйіс жасауға белсене кірісті. Қордай қақтығысынан кейін Президенттің пәрменімен қыз­метінен босатылған Сұлушаш Құрманбекованың орнына Ержан Жылқыбаев орынбасар бо­лып келсе, кеше Мұратхан Шүкеевті де қыз­метінен алып, орнына Мырзах­метовтің кадры Берік Нығмашевті отырғызды. Сондай-ақ Еркебұлан Дауылбаев өз еркімен облыс әкімі­нің ор­нынбасары қызметінен кетсе, көп ұзамай оның орнына 2017 жылдан бері Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарып келген Ұлан Жазылбекті тағайындалды. Ұлан Еркінұлының бүкіл өмір жолы Алматы облы­сымен ты­ғыз байланысты. Осы­лай­ша, Сапарбаев үш орынба­сарын да басқа өңірдің жігіттері­нен та­ғайындаса, енді жамбыл­дық­тар­дан Нұржан Календеров қана қалып отыр. Мұнда зейнет жасын күтіп отырған Бекболат Орынбековті есеп­ке алып отыр­ға­нымыз жоқ. Себебі бүгін болмаса да, ертең оның орнын босататыны анық. Негізі, Сапарбаевты Мем­лекет басшысы облысқа үлкен миссиямен жібергендіктен, көп­шілік бәріне көніп, үнсіз отыр. Бұл ретте біз кө­мек­шілерінен бөлек бас-басына сайлап алған баспасөз қызметін де айтып отыр­ғанымыз жоқ. Тіпті, бір-бір бас­қарманың тізгінін ұстатып қойған кадрларды да қойдық. Ең болмаса орынбасарларын Жам­былдың тау-тасы мен тынысын білетін жігіттерден жасақтаса болмай ма? Айтпақшы, Жамбылда БАҚ өкілдерін біріктіретін холдинг құрылып жатыр. Оны кім бас­қарады? Дұрыс таптыңыз. Оның да тізгінін Сапарбаевтың сырттан әкелген кадры ұстамақ. «Босағадан кіріп, төр – менікі» деу қазақ үшін жат қылық еді. Алайда олардың билеп-төстеп бара жатқанын көріп, аймақ басшысынан нақты тапсырма ал­ғандары анық аңғарылуда. Оған қоса, қазір журналистер қауымының арасында «осы хол­динг керек пе?» деген сауал жүр. Көршіміз Түркістан облы­сына қарайтын болсақ, құрылған холдинг тиімділігін дәлелдей алмаған секілді. Себебі облыстық басылымдар бірігуге ниетті болмай отыр. Әр ауданда бір-бір телеарнасы мен газеті бар Түркістан облысының өзі холдингке осылай үрке қарап отырса, Жам­былдағы санаулы басылымды біріктіргеннен түсер пайда бар ма? Әрине, байыбына бармай байбалам салудан аулақпыз. Бәлкім, мұның бәрін Түркістан об­лысындағы мамандардан ақылды маман дайындап отырған шығар. Оған қоса, жоғарыда аталған қыз­меткердің барлығы білікті кадрлар екеніне бек сенімдіміз. Алайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың командалық жүйені тоқтатып, жергілікті азаматтарды қызметке тарту туралы тапсырмасы қайда? Бердібек Сапарбаев Үкімет үйінде отырғанда осы бұйрықтың орындалуын өзі де талай мәрте талап еткен жоқ па?    width=     Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы