Бердібек Сапарбаевтың Жамбыл облысына әкім болып тағайындалғанына 100 күн толды. Өмір өлшемімен қарасаң – аз уақыт. Алайда басшының білігі де, мықтылығы да бірінші күннен байқалатыны белгілі. Сонымен Сапарбаевтың 100 күні қалай өтті? «Әмбебап» әкім қай тірлікті түзей алды, қай тұсты көрмей қалды? Үш айдан астам уақытта неден ұтты, неден ұтылды?
Үш айда не бітті?
Негізі, «Мәселе қайда – Сапарбаев сонда» деп білетін халық Бердібек «баласы» Әулиеатаға келгелі әжептеуір жаңалық күткені рас. Алайда сенген ұлдарының жең түріп, жұмыс істеуіне коронавирус кеселі қолбайлау болуда. Десе де, аймақ басшысы үш айдың ішінде Жамбылға 304 миллиард теңге инвестиция тартты. Өңірдің өндіріс орындары 155 миллион теңгенің өнімін өндірді. Ал облыс орталығындағы кәсіпорындар 86 миллион теңгенің тауарын шығарды. Құрылыста 94 жоба жоспарланса, онда 6 000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сапарбаевтың бір жаңалығы – құрылыстың сапасын арнайы құрылған 11 мобильді топ бақылайтын болады. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарына жергілікті мердігерлерді жұмылдыру қолға алынды. Ал келешектің жоспарына келсек, «Көне Тараз» және «Қарахан» кесенелерін жалғайтын жаяу жүргіншілер жолағы салынады. Сондай-ақ «Тектұрмас» кешенінің екінші кезеңі жалғасын таппақ. Әлемдік пандемия кезінде Сапарбаев 442 мектепті қашықтан оқыту жүйесіне көшіріп, 13 мыңға жуық компьютер таратты. 58 ауылдағы 71 мектеп интернетке қосылды. Сондай-ақ аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетіп, карантин кезінде материалдық қолдаудың тетігін тапты. Сапарбаевтың ең үлкен ерлігі – Меркі қант зауытынан қарызын ала алмай жүрген шаруалардың берешегін өтеді. Бұл мәселені шешу үшін бюджеттен 180 миллион теңге бөлініп, қазір 1 миллиард теңгеден астам қарыздың 640 миллион теңгесі қайтарылып отыр. Алдағы уақытта тағы 135 миллион теңгені зауыт басшылығы өтейтінін айтты. Бұл сөз жоқ, бағалауға тұрарлық. Бұдан бөлек, облыс әкімі ауыл шаруашылығы саласына баса көңіл аударып, қазір ағын су мәселесін кезең-кезеңімен шешуде. Ол үшін аймақ басшысы су қоймаларын салу жобасын жандандырып, каналдардың құрылысын мықтап қолға алуда. Сондай-ақ Сапарбаевтың негізгі миссиясы саналған Қордай ауданындағы қақтығыс орын алған ауылдарда құрылыс қарқын алып, қираған нысандарды қайта қалпына келтіру жұмыстары жандануда.Неге көңіл әлі күпті?
Бердібек Машбекұлының 100 күнде істеген осындай игі жұмыстары аз емес. Десе де, аймақ басшысының ұтылған тұстары да баршылық. Мәселен, облыс әкімі Жамбылға келгендегі ең үлкен тарихи жағдай – Тараздың қақпасы тарс жабылды. Артынша аймақтың да шекарасы шегенделіп, өткізу бекеттеріне қара құлып таңылды. Әрине, бұл әлемдік пандемияға байланысты жасалғаны белгілі. Алайда осы карантин кезінде баға бақылаудан шығып кетті. Азық-түліктің де, материалдық мүліктің де құны шарықтап, бағаның байлаусыз кеткенін аймақ басшысының өзі де мойындады. Сондай-ақ карантинде Super-Pharm атты медициналық өнімдер шығаратын зауытымыз бола тұра қарапайым бетпердеге жарымадық. Мекеме қызметкерлерінен бастап үйде отырған көпбалалы аналарға дейін бетперде тігіп кетті. Карантин кезіндегі тағы бір шулы оқиға – Меркі аудандық ауруханасының дәрігерлері бас көтерді. Нәтижесінде, бас дәрігерден бастап бухгалтерге дейін қызметтен қуылып, облыс әкімі Үкімет үйіне дейін жеткен жағдайды әрең басты. Қордай қақтығысына келсек, мұнда да жүйесін таппаған жобалар болды. Мәселен, Қоғамдық келісім кеңесі құрылғанымен, жұмысы көрінбесе, «Бейбітшілік пен келісім» жобасының да жүрісі көңіл көншітпеді. Сапарбаевтың тұсында да кадрлардан қадір қашты. Бір ай бұрын облыс әкімдігі Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Тимуржан Нұрымбетов ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталса, күні кеше Шу ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы да жемқорлық фактісі бойынша құрықталды. Бердібек Машбекұлы ауыс-түйіс жасауға белсене кірісті. Қордай қақтығысынан кейін Президенттің пәрменімен қызметінен босатылған Сұлушаш Құрманбекованың орнына Ержан Жылқыбаев орынбасар болып келсе, кеше Мұратхан Шүкеевті де қызметінен алып, орнына Мырзахметовтің кадры Берік Нығмашевті отырғызды. Сондай-ақ Еркебұлан Дауылбаев өз еркімен облыс әкімінің орнынбасары қызметінен кетсе, көп ұзамай оның орнына 2017 жылдан бері Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарып келген Ұлан Жазылбекті тағайындалды. Ұлан Еркінұлының бүкіл өмір жолы Алматы облысымен тығыз байланысты. Осылайша, Сапарбаев үш орынбасарын да басқа өңірдің жігіттерінен тағайындаса, енді жамбылдықтардан Нұржан Календеров қана қалып отыр. Мұнда зейнет жасын күтіп отырған Бекболат Орынбековті есепке алып отырғанымыз жоқ. Себебі бүгін болмаса да, ертең оның орнын босататыны анық. Негізі, Сапарбаевты Мемлекет басшысы облысқа үлкен миссиямен жібергендіктен, көпшілік бәріне көніп, үнсіз отыр. Бұл ретте біз көмекшілерінен бөлек бас-басына сайлап алған баспасөз қызметін де айтып отырғанымыз жоқ. Тіпті, бір-бір басқарманың тізгінін ұстатып қойған кадрларды да қойдық. Ең болмаса орынбасарларын Жамбылдың тау-тасы мен тынысын білетін жігіттерден жасақтаса болмай ма? Айтпақшы, Жамбылда БАҚ өкілдерін біріктіретін холдинг құрылып жатыр. Оны кім басқарады? Дұрыс таптыңыз. Оның да тізгінін Сапарбаевтың сырттан әкелген кадры ұстамақ. «Босағадан кіріп, төр – менікі» деу қазақ үшін жат қылық еді. Алайда олардың билеп-төстеп бара жатқанын көріп, аймақ басшысынан нақты тапсырма алғандары анық аңғарылуда. Оған қоса, қазір журналистер қауымының арасында «осы холдинг керек пе?» деген сауал жүр. Көршіміз Түркістан облысына қарайтын болсақ, құрылған холдинг тиімділігін дәлелдей алмаған секілді. Себебі облыстық басылымдар бірігуге ниетті болмай отыр. Әр ауданда бір-бір телеарнасы мен газеті бар Түркістан облысының өзі холдингке осылай үрке қарап отырса, Жамбылдағы санаулы басылымды біріктіргеннен түсер пайда бар ма? Әрине, байыбына бармай байбалам салудан аулақпыз. Бәлкім, мұның бәрін Түркістан облысындағы мамандардан ақылды маман дайындап отырған шығар. Оған қоса, жоғарыда аталған қызметкердің барлығы білікті кадрлар екеніне бек сенімдіміз. Алайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың командалық жүйені тоқтатып, жергілікті азаматтарды қызметке тарту туралы тапсырмасы қайда? Бердібек Сапарбаев Үкімет үйінде отырғанда осы бұйрықтың орындалуын өзі де талай мәрте талап еткен жоқ па?