Есірткі индустриясы: «Химка», «Спайс», «Амфетамин»...
Есірткі индустриясы: «Химка», «Спайс», «Амфетамин»...
273
оқылды
Бірер күн бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Нұр-Сұлтан қалалық депар­та­менті жасырын тергеу іс-қимыл­дарын жүргізу кезін­де тұр­ғылықты жерінде синтети­к­алық есірткі жасап, «зак­ладок» деген жолмен сатуды ұйым­дастырған бір әйелді ұстады. Биылдан бастап психотропты заттарды жарнамалауға және таратуға қарсы заң қатайса да, қаскөйлер неге айылын жимай отыр? «Тінту нәтижесінде жасырын есірткі зертханасында шамамен 2 келі A-PVP синтетикалық есірт­­­­­кісі (қара нарықтағы құны – ша­­­­ма­мен 34 млн теңге), орау ма­териал­­дары, шыны құтылар, маг­­­нитті ара­ластырғыш, сорғы­лар, түтік­шелер, шыны цилиндр­лер, респираторлық бетперде­лер, элек­тронды таразы, 2 келі реагент, 40 литр әртүрлі пре­кур­сор және зертханалық жағдай­да пси­хотроптық заттар жасау кезінде қол­данылатын өзге де бұйымдар алынды», – дейді ҰҚК өкілдері. Қош. Қолға түскен қылмыскер жауапқа тартылар, жазаланар, бәл­кім түзету мекемесінен шынымен түзеліп шығар. Ал оның басқа «әріп­тестерін» қайтпек керек? Өйт­кені осыған ұқсас оқиға жетіп артылады. Мәселен, тағы сол аста­нада 19 жастағы азамат «Альфа-пирролидиновалерофенон» немесе «Жылдамдық» деп атала­тын син­тетикалық есірткі өндіретін зерт­хана ашқан. Тергеу барысында оның есірткіні кәмелет жасқа тол­май тұрып қолданғаны анықталған. Кейіннен өзі де тыйым салынған заттарды шығарумен айналысқан. Ол үшін бозбала елордаға қоныс аударып, Көктал маңындағы жер үйді жалға алады. Сөйтіп, арам пиғылын іске асыра бастайды. Полицейлер нашақордың үйі­нен синтетикалық есірткі, колбалар, вакуумдық аппараттар, дәрілік заттар, таразы, түрлі фор­мулалар жазылған дәптер мен ноутбук сияқты өндіріске қажет химиялық қоспалар тапқан. Айыбы ашылған жігіт үйден шыққан мүң­кіген өткір иісті көршілеріне «көлікке арналған бояу жасаймын» деп түсіндірген. Ал дайын тауарын мол партиялармен қаланың әр жеріне тығып қалдыру әдісімен интернет арқылы сатқан. Жалпы, қазір интернетте есірт­кі саудасы жүріп-ақ тұр. Нашақор сонда тұратын қаласын, тауарды қабылдап алатын орнын өзі таң­дайды. Тіпті, иісі, түсі дейсіз бе, түгел ап-анық жазылған. Алып-сату процесінде сатушы мен сатып алушы бір-бірін көрмейді. Тапсырыс жасалып, ақшасы интернетпен аударылған соң тауар келісілген жерге жасырылады. Ол үйдің айналасы, ағаш діңі, үлкен тастың асты, подъезд маңы болуы мүмкін. Оны негізінен өрімдей жастар тасымалдайды. Былтыр ақпарат құралдарынан Қарағандыда 17 жастағы сондай «курьер» қыздың тұтқындалғанын оқығанбыз. Бойжеткен бір күн­нің ішінде қаладағы 17 орынға тауар жасырған. Ұстаған бетте полицейлер одан 15 қорап тәр­кілеген. Бір қыздың өзі осынша адамның өмірін уласа, бәрі қосып санағанда мәселенің ауқымын ойлай беріңіз... Құқық қорғау органдары осы уа­қытқа дейін есірткі жарна­ма­лай­тын мыңдаған (!) сайтты анық­­тапты. Басым көпшілігі бұ­ғат­талған. Алайда мына заман­да жаңа­дан сайт ашу оп-оңай. Граффити жазулар да сол сияқ­ты. Көпқабатты үйлердің қабыр­ғасында есірткінің түрі мен Те­леграм желісіндегі каналдың атауы жазылады. Ондайды өз кө­зіміз­бен талай көрдік. Полицейлер өші­ріп тастағанымен, ертең оның ор­нында өзгесі тұрады. Өшіруден бұрын «авторларын» табу қиын деседі. Бірақ біз таптық. Індетіп іздеп жүріп бір нашақормен бай­ланысқа шықтық. Басында бізге үрке қарап, ат-тонын ала қашса да, «аты-жөніңді өзгертіп жазамыз» деген соң сұхбаттасуға әрең келісті. Сондықтан оның есімін шартты түрде Мақсат деп алайық. Мақсаттың әуел бастағы мақсаты есірткіге салыну емес, өмірде жетістікке жету еді. – Мектеп қабырғасында жеңіл есірткі тұтына бастадым. Мұн­шалықты құлдыраймын деп кім ойлаған?! «Барыгалар» ма­рихуананы сіріңке қорабына салып сататын. Ол кезде бір қораптың бағасы 3 мың теңге болған. Қазір 5 мыңға қымбаттады. Инфляция ғой енді... Алғашында бәрі жақсы еді. Шегіп алатынбыз да, қыран-топан күліп отыратынбыз. Біреу аузын ашса да, біреу жай саусағын көрсетсе де, ішегіміз түйілетін. Артынан ондай «кайфтың» әсері азайды. Сол әсерді қайталаймыз деп «дозаны» көбейттім. Ақыры бара-бара қалай нағыз нашақорға айналғанымды білмей қалдым. Осы күні «химкада» отырмын. – «Химка» деген не? – Нашаның түр-түрі бар ғой. Далада өсетін табиғи шөптің өзі бірнеше түрге бөлінеді. Ал «химка» деген зертханада жасалады. Оны дайындайтын адамдарды мен танымаймын, – деді Мақсат. Рас, қазір есірткінің «Жыл­дамдық», «Амфетамин», «Спайс» т.б. түрлері зертханалық жол­мен әзірленеді. Табиғи нашадан айырмашылығы – олар бірден орта­лық жүйке жүйесін зақым­дайды. Ма­ман­дардың пікірінше, адам­дардың 80-90 пайызын­да героин, метадон секілді ауыр есірт­кілерге қарсы иммунитет қалып­тасқанымен, қазіргі жаңа түрлеріне қауқарсыз екен. Былтыр жыл соңында Мемлекет басшысы есірткі қылмысына қатыс­ты жауапкершілікті қатаң­дату туралы заңға қол қойды. Бұдан былай интернеттегі, түнгі клубтағы, дәмханадағы, саябақтағы есірткі айналымы үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруға, ал кәмелетке толмаған адамға осындай тәсілмен есірткі сатқандар өмір бойына бас бостандығынан айырылады.  

Ерсайын БАҒДАТ