Бірер күн бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Нұр-Сұлтан қалалық департаменті жасырын тергеу іс-қимылдарын жүргізу кезінде тұрғылықты жерінде синтетикалық есірткі жасап, «закладок» деген жолмен сатуды ұйымдастырған бір әйелді ұстады. Биылдан бастап психотропты заттарды жарнамалауға және таратуға қарсы заң қатайса да, қаскөйлер неге айылын жимай отыр? «Тінту нәтижесінде жасырын есірткі зертханасында шамамен 2 келі A-PVP синтетикалық есірткісі (қара нарықтағы құны – шамамен 34 млн теңге), орау материалдары, шыны құтылар, магнитті араластырғыш, сорғылар, түтікшелер, шыны цилиндрлер, респираторлық бетперделер, электронды таразы, 2 келі реагент, 40 литр әртүрлі прекурсор және зертханалық жағдайда психотроптық заттар жасау кезінде қолданылатын өзге де бұйымдар алынды», – дейді ҰҚК өкілдері. Қош. Қолға түскен қылмыскер жауапқа тартылар, жазаланар, бәлкім түзету мекемесінен шынымен түзеліп шығар. Ал оның басқа «әріптестерін» қайтпек керек? Өйткені осыған ұқсас оқиға жетіп артылады. Мәселен, тағы сол астанада 19 жастағы азамат «Альфа-пирролидиновалерофенон» немесе «Жылдамдық» деп аталатын синтетикалық есірткі өндіретін зертхана ашқан. Тергеу барысында оның есірткіні кәмелет жасқа толмай тұрып қолданғаны анықталған. Кейіннен өзі де тыйым салынған заттарды шығарумен айналысқан. Ол үшін бозбала елордаға қоныс аударып, Көктал маңындағы жер үйді жалға алады. Сөйтіп, арам пиғылын іске асыра бастайды. Полицейлер нашақордың үйінен синтетикалық есірткі, колбалар, вакуумдық аппараттар, дәрілік заттар, таразы, түрлі формулалар жазылған дәптер мен ноутбук сияқты өндіріске қажет химиялық қоспалар тапқан. Айыбы ашылған жігіт үйден шыққан мүңкіген өткір иісті көршілеріне «көлікке арналған бояу жасаймын» деп түсіндірген. Ал дайын тауарын мол партиялармен қаланың әр жеріне тығып қалдыру әдісімен интернет арқылы сатқан. Жалпы, қазір интернетте есірткі саудасы жүріп-ақ тұр. Нашақор сонда тұратын қаласын, тауарды қабылдап алатын орнын өзі таңдайды. Тіпті, иісі, түсі дейсіз бе, түгел ап-анық жазылған. Алып-сату процесінде сатушы мен сатып алушы бір-бірін көрмейді. Тапсырыс жасалып, ақшасы интернетпен аударылған соң тауар келісілген жерге жасырылады. Ол үйдің айналасы, ағаш діңі, үлкен тастың асты, подъезд маңы болуы мүмкін. Оны негізінен өрімдей жастар тасымалдайды. Былтыр ақпарат құралдарынан Қарағандыда 17 жастағы сондай «курьер» қыздың тұтқындалғанын оқығанбыз. Бойжеткен бір күннің ішінде қаладағы 17 орынға тауар жасырған. Ұстаған бетте полицейлер одан 15 қорап тәркілеген. Бір қыздың өзі осынша адамның өмірін уласа, бәрі қосып санағанда мәселенің ауқымын ойлай беріңіз... Құқық қорғау органдары осы уақытқа дейін есірткі жарнамалайтын мыңдаған (!) сайтты анықтапты. Басым көпшілігі бұғатталған. Алайда мына заманда жаңадан сайт ашу оп-оңай. Граффити жазулар да сол сияқты. Көпқабатты үйлердің қабырғасында есірткінің түрі мен Телеграм желісіндегі каналдың атауы жазылады. Ондайды өз көзімізбен талай көрдік. Полицейлер өшіріп тастағанымен, ертең оның орнында өзгесі тұрады. Өшіруден бұрын «авторларын» табу қиын деседі. Бірақ біз таптық. Індетіп іздеп жүріп бір нашақормен байланысқа шықтық. Басында бізге үрке қарап, ат-тонын ала қашса да, «аты-жөніңді өзгертіп жазамыз» деген соң сұхбаттасуға әрең келісті. Сондықтан оның есімін шартты түрде Мақсат деп алайық. Мақсаттың әуел бастағы мақсаты есірткіге салыну емес, өмірде жетістікке жету еді. – Мектеп қабырғасында жеңіл есірткі тұтына бастадым. Мұншалықты құлдыраймын деп кім ойлаған?! «Барыгалар» марихуананы сіріңке қорабына салып сататын. Ол кезде бір қораптың бағасы 3 мың теңге болған. Қазір 5 мыңға қымбаттады. Инфляция ғой енді... Алғашында бәрі жақсы еді. Шегіп алатынбыз да, қыран-топан күліп отыратынбыз. Біреу аузын ашса да, біреу жай саусағын көрсетсе де, ішегіміз түйілетін. Артынан ондай «кайфтың» әсері азайды. Сол әсерді қайталаймыз деп «дозаны» көбейттім. Ақыры бара-бара қалай нағыз нашақорға айналғанымды білмей қалдым. Осы күні «химкада» отырмын. – «Химка» деген не? – Нашаның түр-түрі бар ғой. Далада өсетін табиғи шөптің өзі бірнеше түрге бөлінеді. Ал «химка» деген зертханада жасалады. Оны дайындайтын адамдарды мен танымаймын, – деді Мақсат. Рас, қазір есірткінің «Жылдамдық», «Амфетамин», «Спайс» т.б. түрлері зертханалық жолмен әзірленеді. Табиғи нашадан айырмашылығы – олар бірден орталық жүйке жүйесін зақымдайды. Мамандардың пікірінше, адамдардың 80-90 пайызында героин, метадон секілді ауыр есірткілерге қарсы иммунитет қалыптасқанымен, қазіргі жаңа түрлеріне қауқарсыз екен. Былтыр жыл соңында Мемлекет басшысы есірткі қылмысына қатысты жауапкершілікті қатаңдату туралы заңға қол қойды. Бұдан былай интернеттегі, түнгі клубтағы, дәмханадағы, саябақтағы есірткі айналымы үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруға, ал кәмелетке толмаған адамға осындай тәсілмен есірткі сатқандар өмір бойына бас бостандығынан айырылады.
Ерсайын БАҒДАТ