Карантиндегі кедергі мен көмек
Карантиндегі кедергі мен көмек
164
оқылды
Маңғыстаулық кәсіпкерлер елде төтенше жағдай жа­рия­ланған тұста біраз абдырап, кедергілермен бетпе-бет келді. Ақтауда 20 жылдан астам уақыт жиһаз нарығында жұмыс істейтін кәсіпорынды Ирина Беляева басқарады. 1997 жылы ірге­сі қаланған мекеме 7 адаммен жұмысын бастап, бүгінде 250 адамды еңбекпен қамтып отырған іргелі ұжымға айналды.  Карантин кезінде оның өзі біраз қиындыққа ұшырады. Дүкендері жабылып, қызметкерлер тұтастай ақысыз еңбек демалысына кеткен. Осы аралықта мемлекеттен бө­лін­ген 42 500 теңге кәсіпорын жұ­­­мыс­шыларына төленіп, көп сеп­тігін тигізген. Төтенше жағдай жа­­рияланған айда кіріс 100% тоқтап қалды. Ақылдаса келе бизнестің онлайн сатылым түріне көшті. Сә­уір айында жоспардың 25%-ы ғана орын­далған. «Халыққа жылдам қызмет көр­сету үшін бейнеқоңыраумен жұмыс істедік. Біздің сала жиһаз өнеркәсібі болғандықтан, көзбен көрмей алу мүмкін емес. Әлгі байланыс түрімен таңдалған тауарды жан-жағынан түсіріп көрсетіп, таңдау жасауына барынша жағдай жасадық. Жиһазды үйіне дейін жеткізіп бердік. Жиһаз жасауға қажетті материалдар құны да күрт 10-20%-ға өсті. Доллардың қымбаттауы бізге екінші рет соқ­қы болды. Өйткені барлық мате­риал, фурнитура шетелден тасы­мал­да­на­ды.Тауарлар сатылымы түсіп кетті. Біз дүкенімізді ашуға жақында ғана рұқсат алдық. Онлайн сату әлі де жүр­гізіліп жатыр. Әлеуметтік же­­лілерде де жұмысымызды кү­шейт­­тік. Өйткені халықта әлі де қор­­қыныш бар. Қашықтан сауда жа­­сауды қолай көреді», – дейді Ирина Беляева. – Сауда жасауда бұрынғы қалпы­мыз­ға келуге әлі біраз уақыт қажет болады. Мамыр айында жұмыс қар­қы­нын 50%-ға қостық, маусымда 60%-ға жеткізсек, шілдеде 80%, ал қыркүйекте толықтай былтырғы көрсеткішке көтерілу жоспарланып отыр. Кәсіпорынның екінші дең­гей­лі банктерде де біраз несиесі бар. Мемлекеттің қолдауымен не­сие үш айға шегерілген. Ешқан­дай үстем­еақы сұрамаған. Мұның өзі биз­­неске үлкен қолдау, – дейді кә­сіп­­кер. Банк карантиннен кейін­гі қиындық салдарын саралап, жеңіл­дік жасаған. Ал Маңғыстауда Зивира Хаса­нова 20 жыл бойы жетекшілік ете­тін жұмысшы күнделікті киім мен аяқ киімдер тігетін «Жа­мал-ай» кәсіпорнына да карантин­нің тигізген кедергілері көп. Жол­да қоз­ғалыстың тоқтап қа­луы қа­ла­лармен, елдермен байла­ныс орнатуға мүмкіндік бермеді. Тәр­тіп күшейтілген кезде кәсіп­орын­дағы 160-тан астам адам еңбек де­ма­лысына жіберілді. Басқарушы құрам ғана онлайн жұмыс істеген. Бетперде тігумен шұғылданған ма­мандар қауіпсіздік шараларын қа­таң сақтап, арнайы көлікпен тасы­малданды. Негізгі жұмыс жос­парының үштен бірі тоқтады. Доллар мен еуро құнының шарық­тауы шикізат бағасын да өсіріп жіберді. Қандай қиын жағдай болса да, жұмысшылар қысқартылмаған. «Самұрық-Қазына» жариялаған сатып алуларға қатысып, жұмыс­шы­лардың жалақысын төлеп отыр. Аяқ киім өндірісі толық тоқ­тап қалған. Дүкендер мен сауда орын­да­ры­ның жабылуынан онлайн саудаға көшірілді. Бірақ оның өзі тек Ақтау қаласының ішін ғана қамтыған. «Біздегі ең күрделі мәселе салық төлемдерін жасау болып отыр. Біз Үкімет тарапынан берілген жеңіл­діктерге жеңіл өнеркәсіп ретін­де қол жеткізе алмаймыз. Қазір салық көлемі өсіп, оны төлеу міндеті тұр. Кешіккен күндерге өсімпұл жүреді» деп қынжылады кәсіпкер Зибира.  

Жазира ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы