Түркістан облысы, Жетісай қаласында орталық базардың аумағы өртенді. Жалын «Күлпаршын» базарының аумағындағы азық-түлік және киім сататын бутиктердің жанынан шыққан. Облыстық ТЖД мәліметінше, Жетісай №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің «101» нөміріне базардың аумағы жанып жатқаны туралы хабарлама түскен. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 34 адам мен 11 дана техника жұмылдырылған. Тілсіз жау 450 шаршы метр жерді шарпып, 290 шаршы метр аумақ толық жанып кеткені анықталған. «Өрттен қаза тауып, жарақат алғандар жоқ. Өрт сөндіру қызметкерлерімен жанған бутиктердің жанындағы 2000 шаршы метр сауда қатары құтқарылды. Қазіргі таңда, өрттің шығу себебі анықталуда» делінген хабарламада.