«Кеңес Одағының батыры» атанбай қалған майдангерлердің туыстарын іздейміз
«Кеңес Одағының батыры» атанбай қалған майдангерлердің туыстарын іздейміз
©yk.kz
Жеңістің биылғы 75 жылдығын мерекелеу аясында 1941-1945 жылдары майдан шебінде ерлік көрсетіп, «Кеңес Одағының батыры» атағына ұсынылған шығысқазақстандықтар қатары жаңа есімдермен толығып отырғанын оқырмандарымызға қуанышпен хабарлаймыз. Мерейтой аясындағы ең маңызды жаңалықтың бірі – соғыс жылдарында 15 шығысқазақстандық азаматтың неміс басқыншыларына қарсы майдандағы ерен ерлігі үшін сол замандағы ең жоғары марапат – «Кеңес Одағының батыры» атағына ұсынылып, белгісіз себептермен берілмей қалғандығы, солардың есімі анықталып, тәуелсіз Қазақстанның ең жоғарғы марапаты «Халық қаһарманы» атағына ұсынылып отырғаны болды. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес аталған батырларымыздың барлығының да есімдері өңірдегі білім ордаларына берілмек. Қазіргі уақытта олардың туыстарын іздеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Оқырмандарымызға ерекше айтарымыз, сол он бес адамның ішіндегі алты жерлесіміздің бүгінде ешқандай туыстары табылмай отырған жайы бар. Сондықтан төменде олардың есімдері мен жеке мәліметтерін көрсете отырып, жариялауды жөн көрдік. Олар жайлы қандай да бір мәліметтер білетін оқырмандар болса облыстық ардагерлер кеңесіне хабарласуды сұраймыз. Батыр жерлестеріміз:
  1. Аға лейтенант Сейтказинов Қанапия, 1912 жылы туған, Қазақ ССР, Семей облысы, Көкпекті ауданы, Көкпекті ауылында туған. 1-ші Украин фронтының 3 гвардиялық армия, 414 атқыштар полкының, 3 атқыштар батальоны командирінің орынбасары болған. 1945 жылы майданда қаза тапқан.
  2. Капитан Гутов Виктор Александрович, 1920 жылы Қазақ ССР, Горно Ульбинка ауылында туған, 186 атқыштар дивизиясының 238 атқыштар полкының 2 атқыштар батальоны командирінің орынбасары болған. Қаза болған уақыты көрсетілмеген.
  3. Аға лейтенант Қозыбаев Бейсембек, 1920 жылы Қазақ ССР, Шығыс Қазақстан облысында туған. 52-ші атқыштар дивизиясының 100 атқыштар полкының, 1-ші атқыштар ротасының командирі болған. 1944 жылы шайқаста қаза тапқан.
  4. Қызыләскер Трусов Амаргазы Көкпекті ауданынан шақырылған, ПТР артеллерия батальонының 108 бөлімшесінің бронебойшигі. 1943 жылы 21 қарашада Отан үшін Радомольный ауданы, Ленино селосы маңындағы ұрыста батырлық пен ерліктің үлгісін көрсетті.
  5. Капитан Несмиянов Александр Александрович 2-ші Гвардия әскері, 126 Горлов Қызылту дивизиясы, 690 атқыштар полкінің 1-ші атқыштар батальонның командирі. «1944 жылы 8 сәуірде Армиян қаласындағы Полсед ауданында жаудың қатты соққысында жолдас Несмиянов А. ерлік пен батырлық көрсетті. 1944 жылы 11 қазанда Огельнтов ауданын барлау бойынша жауынгерлік тапсырма алды, өз батальонымен аталған ауданға шығып, қарсыласқа соққы жасап үлкен жоғалтулар жасады, сонымен қатар жаудын 160 солдатын мен 8 оттық нүктелерін жойды.
  6. Гвардия лейтенанты Гутовский Виктор Иванович ТА 1 гв. Әскери инженерлік батальоны, 14 инженерлік ротасының 1 взводының командирі. Взвод командирі гвардия лейтенанты Гутовский В.И. 1944 жылдың 14 тамызынан 24 тамызы аралығында взводпен бірге алғы шептегі 44 гвардияны қамтамасыз етіп отырған. Сонымен қатар гв. лейтенанты Гутовский танкте соғыса отырып жаудың 177 адамын өлтіріп, 82-сін тұткынға алды. 1945 жылдың 24 қантарында взводымен бірге Овиньско ауданындағы Варта өзенін басып алды.
Осы аталған жерлестеріміз қан майданда ұмытылмас ерлік көрсетіп, жаумен бетпе-бет ұрыста көрсеткен ерліктері үшін кезінде «Кеңес Одағының Батыры атағына» ұсынылған. Өкінішке қарай бұл жоғары марапат оларға белгісіз себептермен табысталмаған. Жеңістің 75 жылдығына әзірлік және оны өткізуге дайындық барысында шығысқазақстандық жерлестерімізге жоғарғы атақты беру жөніндегі ұсынылған құжаттар мұрағаттан табылып, олардың ұрпақтары мен туған-туыстары іздестіріліп отыр. Құрметті халайық, отты жылдардан қанша алыстасақ та ешкім де, ештеңе де ұмытмайды. Бүкіл еліміз бойынша жүріп жатқан «Біз Жеңімпаздардың ұрпақтарымыз» акциясына қатыса отырып, жоғарыда есімдері аталған майдангерлердің ұрпақтары мен туған-туыстарын білсеңіздер, Өскемен қаласы, М.Горький көшесі 40, 222 кабинет мекен жайы бойынша Шығыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесіне 8 7232 713279 телефоны арқылы немесе a.veteran2012@yandex.kz электронды поштасына хабарласуларыңызды сұраймыз.

Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан облысы.