«Астана операда» – елес қыздар
«Астана операда» –  елес қыздар
269
оқылды

«Астана операның» балет труппасы екі ғасырлық тарихы бар ең көне спектакль – А.Аданның «Жизель» балетін ұсынды. Балет премьерасы 1841 жылдың 28 мау­сымында париждік Гранд-операда өткен. Ж.Коралли, Ж.Перро, М.Петипаның өмірге әкелген қойылымы олардың есім­де­рін әлемдік балет тарихына ен­гізді. Балеттің негізгі идеясы –­ өлімнен де құтқаруға қабілеті бар орасан зор құдіретке ие махаббат.

Қоюшы балетмейстер, Ресейдің Халық артисі, «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұра­това спектакльдің романтикалық құрылы­мы мен атмосферасын сақтай отырып, көрерменді бірнеше ғасыр бұрынғы кезеңге алып барады.

Спектакльді бір-біріне ұқсамайтын үш түр­лі әртістер құрамы орындады: Жизель – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткер­лері Әйгерім Бекетаева, Венгр мемлекеттік опера театрының этуалі Әлия Танықпаева және Анастасия Заклинская. Альберт – Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан, Еркін Рахматуллаев, Олжас Тарланов. Мирта – Әсел Шайкенова, Елена Семенова және Еркежан Жүнісова.

Премьераның бірінші күнінде Жизель партиясын ғаламат биші Әйгерім Бекетаева ұсынды, ол бас кейіпкердің роматикалық бейнесін тамаша жеткізе білді. Премьера­ның екінші күні бұл бейнені тәжірибелі биші Әлия Танықпаева сомдады. Аталмыш партия оның ең сүйікті рөлдерінің бірі екені белгілі. Әртіс орындап шыққан есінен адасу көрінісі көрерменнің эмоциясын тудырды. Алтынай Асылмұратованың әрбір балери­наға өзін-өзі көрсетуге мүмкіндік бергені байқалады, қоюшы оларды хореография шеңберіне бағындырып қоймай, керісінше, кейіпкердің өмірлік жолын өз бетінше жүріп өтіп, сүйіктісінің опасыздығын оны­мен бірге сезінуді ұсынып, әртістікке басымдық берді.

Альберттің бейнесін қазақстандық балет жұлдызы Бақтияр Адамжан сомдады. Бет қимылы, ым-ишара мен граф мүсіні – барлығы жетекші солистің тамаша актерлік ойынының элементтері. Оның мәнерлі биінде романтикалық сипат тұнып тұр. Лирикалық жанр шебері Еркін Рахматуллаев бірінші бөлімде өз кейіпкерінің алып ұшқан құштарлығын, екіншісінде – қажуы мен өкінішін барынша жеткізді.   

Жизель партиясының үшінші орындау­шы­сы Анастасия Заклинскаяны осынау күрделі рөлде халық алдына шығу күтіп тұр, кәсіпқой мамандардың пікірінше, бұл рөл жаңадан бастап жүрген бишілер үшін биік асуларға «ұшу алаңы» болмақ. Анастасия Заклинская мен оның серіктесі Олжас Тарланов 19 маусым күні өнер көрсетпек.

Арман Оразғалиев жетекшілік еткен оркестр керемет үйлесімде өнер көрсетті. Дирижер барлық қарқынды сақтау үшін әртістерге көмек көрсете отырып, сахнадан көзін таса қылмады.

Спектакльдегі сахна жабдықтары өте қарапайым, онда елордалық көрерменге үйреншікті 3D әсері жоқ, бірақ осы арқылы көне балетті безендірудің өз сұлулығы мен тартымдылығы бар. Заманауы сценограф Эцио Фриджерио спектакльді көркемөнер сти­лінде жасауды ұйғарыпты. Жұмсақ деко­рациялардың қолмен жазылған кенеп­тері «Жизельдің» жоғары көркемдік құнды­лы­­ғын танытты. Костюмдер бойын­ша сурет­ші – «Оскар» сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапино бояудың барлық түсін пайдаланған.

14-15 маусым күндері өткен премьерада залда ине шаншар орын болмады. Ал спек­так­льді тамашалап үлгермеген көрермен үшін 19 маусым күні қойылымды көру мүмкіндігі барын айтқымыз келеді.

 

Айдана БЕГІМ