Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевты, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеттің ректоры Ақылбек Күрішбаев пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады.
Президентке ассамблеясының қазіргі жұмыстары, ұйымның XXVII сессиясында берілген тапсырмалардың жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ еліміздегі этносаралық қатынас саласындағы жағдайлар жөнінде баяндалды. Тоқаев жүргізіп жатқан жұмыстары үшін Жансейіт Қансейітұлына ризашылық білдірді.
«Қазақстан халқы ассамблеясының белсенді жұмысы, соның ішінде президент сайлауы барысындағы еңбегі үшін ризашылық білдіремін. Ассамблея қоғамымыздың бірлігін сақтау үшін маңызды жұмыс атқарып келеді», – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар Түймебаев Мемлекет басшысына Қазақстан халқы ассамблеясы мен Қазақстан Конституциясының 25 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарының әзірлену барысы туралы мәлімдеді.
Президент қабылдауында болған Ақылбек Қажығұлұлы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің қазіргі жұмыстары, сондай-ақ аграрлық білім мен ғылымды жетілдірудің жағдайы мен перспективалары туралы баяндады. Қазақстан Президенті университеттің қол жеткізген табыстарын атап өтіп, ауыл шаруашылығын өркендетуге мүмкіндік беретін аграрлық ғылымды дамыту жөніндегі ұсыныстарды қолдады. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев университет басшысына нақты тапсырмалар берді.
Сондай-ақ елорда әкімі Алтай Көлгінов астананың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен бұрын берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы Қасым-Жомарт Тоқаевқа мәлімдеді. Президент астананы абаттандыру жұмыстарына тың серпін беруді тапсырды. Сонымен қатар LRT құрылысындағы жағдайды мұқият зерттеу қажетін айтып, қаланың инфрақұрылымын одан ары дамыту жөнінде бірқатар тапсырма беріп, міндет жүктеді.