Жолға бөлінген ақшаның желге ұшпауын тұрғындар бақылайды – Б.Сапарбаев

Жолға бөлінген ақшаның желге ұшпауын тұрғындар бақылайды – Б.Сапарбаев

«Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген Батыр Бауыржан Момышұлының жалынды сөзін жұртшылық жақсы біледі. Содан болар Ер Бәукеңнің ауылына қатысты қандай болмасын жаңалық болса, халық құлағын түріп жүреді. Елді мекеннің бірқатар көшелерін күні кеше ағын судың шаюы да бұқараны әжептеуір алаңдатып қойған. Десе де қазір жолдарды қалпына келтіру мен ауылға ауызсу және көгілдір отын тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атап айтсақ, Жамбыл облысы Жуалы ауданында түрлі мемлекеттік 38 жобаны жүзеге асыруға 4,6 миллиард теңге бөлінсе, биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында ауыл тұрғындарын орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Құны 178 миллион теңгені құрайтын жобаны «Байсын-А» ЖШС жүзеге асырады. Дәл осындай бастама Жұрымбай ауылында да қолға алынуда. Аталған жоба аясында 400-ге жуық ауыл тұрғындары таза ауызсуға қол жеткізеді. Жалпы аудан бойынша биыл барлығы 15 елді мекен ауызсумен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы аудандағы жеті ауылдық елді мекен газдандырылады. Оған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 1,4 миллиард теңге қарастырылған. Сондай-ақ, аудандағы Шымбұлақ, Майбұлақ, Қосмұрат, Кәріқорған, Қоңыртөбе және Күреңбел ауылдарына да көгілдір отын тартылатын болады. Нәтижесінде аймақтағы тұрғындарды газбен қамту деңгейі 75,5 пайызға, сумен қамту 71,5 пайызға жетпек. Ер Бәукеңнің ауылында білім саласына да баса көңіл бөлінуде. Мәселен Күреңбел ауылындағы №10 орта мектеп 1985 жылы салынған десек, мұнда нысанның шатырын жөндеуге биыл жергілікті бюджеттен 14 миллион теңге бөлініп отыр. Сондай-ақ, жаңа оқу жылына дейін мектепті жылы дәретханамен жабдықтау мәселесі де жолға қойылған. Жоғарыда аталған жұмыстардың барлығын Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев елді мекенге жасаған жұмыс сапарында жан-жақты барлап, нақты тапсырмаларын берді. «Биыл және келесі жылы біз осындай қажеттілігі бар барлық мектептердегі ескі парталар мен тақталарды жаңартуды жоспарлап отырмыз. Басты міндетіміз – балаларға сапалы білім беру, соған сәйкес қолайлы жағдай жасау. Бұл еліміздің болашақ дамуының негізі», – деді Б.Сапарбаев білім ошағының тынысымен танысу барысында. Сондай-ақ, облыс әкімі аудан орталығы – Б.Момышұлы ауылындағы жол жөндеу жұмыстарының жайын да көзбен көрді. Биыл мұнда жалпы ұзындығы 11,2 шақырым болатын 10 көше жөндеуден өтеді. Оған 219 миллион теңге бөлінген. Бердібек Сапарбаев аудан әкіміне барлық жұмыстардың тиімді әрі кешенді түрде жүргізілуін қамтамасыз етуді жүктеді.  «Асфальт төсеу барысында жол жұмыстары құрылысының сапасын бақылау үшін қоғам өкілдерін, депутаттар мен белсенді тұрғындарды тарту қажет. Тиісті бақылау болмаса, ақша желге ұшады», – деді аймақ басшысы.

С.Сатылғанов