Түркияның «Қайта тірілу: Ертұғырыл» атты телехикаясы («Жаужүрек Ертұғырыл») Осман империясының құрылған дәуірін кеңінен көрсетеді. Түркістан облысына танымал режиссер, «Ертұғырыл» сериалының авторы әрі режиссері Гюнай Метин келіпті. Кейде шет елдерден пәленбай мың долларға спортшы шақырғаннан гөрі осындай мықты мамандарды тартып, ұлттық фильмдер түсіріп алған жақсы ма деп ойлайсың.
Қазір қазақ киносы жандана бастағандай. «Әміре», «Алмас қылыш», «Балуан Шолақ» фильмдері түсірілді. «Төле би» туралы сериал жарыққа шықты. Енді «Мұқағали» туралы кино түсірілмек. «Қазақстан» телеарнасы Абайдың 175 жылдығына арналған телехикаяға байқау жариялады. Бәрі көзайым жаңалықтар.
«Ертұғырыл» телехикаясы Түркияның мемлекеттік басты арнасы TRT эфирінен 2014 жылдың 10 желтоқсанынан бері көрсетіліп келеді. Бұл хикаяны қазақстандық көрермен де сүйіп көреді. Телехикая бірінші маусымын аяқтағанда 60 мемлекеттен сатып алу өтініші келіп түскен екен.
Ертұғырыл ғазы немесе Ертұғырыл бей – Оғыз тайпасынан тараған Қайы руының XIII ғасыр ортасында көсемі болған, Османлы империясының негізін алғаш қалаушы тұлға. Қайы – оғыздардың Бозоқ қанатынан тарайды. Бұл – көне түрік мемлекеттерінің әкімшілік құрылымының шығыс бөлігінің атауы. Осы Бозоқ қаласы біздің астанамыздың қасында, Есілдің бойында, Қараөткелден оңтүстік-шығыс бағытқа қарай бес шақырым қашықтықта орналасқан.
Бір заманда Сығанақ пен Қаратауды мекендеген оғыздың Селжүк тайпасы батысты жаулап, Селжүк мемлекетін құрғаны белгілі. Осы әулеттің ұрпағы Алпарслан 1071 және 1081 жылдардың аралығында Кіші Азияны жаулап алды. Осман империясы сол Алпарслан құрған мемлекеттің заңды жалғасы.
Режиссер Гюнай Метин Қазақстанға Елбасының арнайы шақыртуымен келіпті. Қазақта «Қасым ханның қасқа жолы» деген әйгілі танымсөз бар. Түрік бауырымыз Қасым хан жайлы көпсериалы фильм түсіруді қолға алған көрінеді. Режиссер осы бағытта фильмге қажетті тарихи орындарды қарастырып жатыр екен. Ол көне Сауран қаласының тарихымен танысып шыққасын, «Фильмнің сценарийін жазу барысында Қазақстандағы тарихи жерлер жайлы да көп іздендім. Түркістан – қазақтың хандары мен батырларының сүйегі жатқан жер. Сондықтан Отырартөбе мен Сауранның деректері және тарихи іздері фильмде көрініс тапса деген ой туындады», – депті.
«Прокаттық фильм керек» деген желеумен осы уақытқа дейін не болса, соны түсіріп келдік. Қазақ киносына ұлттық сипат қажет. Өз тарихымызды кино тілінде көрсету – өте маңызды.
Алла қаласа, Қасым хан жайлы 75 сериялы фильм түсіріледі. Біздің елдік тарихымызды жас ұрпақ санасына тек осындай іргелі туындылар арқылы ғана жақсылап сіңіруге болады. Сондықтан қазақ киносының беталысы оң, бағыты дұрыс деп бағалауға болады.