Орал қаласында балабақшалардың жұмысы қайта тоқтатылды. БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті өңірде коронавирусқа шалдығу деңгейінің төмендемеуіне байланысты карантин мерзімін 15 маусымға дейін ұзартқан болатын. Қалалық білім беру бөлімі жағдайдың күрделілігін ескере отырып, балалардың қауіпсіздігі үшін қала әкімдігі жанындағы жедел штабтың 24 мамырдағы отырысы негізінде карантин режимі аяқталғанша барлық меншік түріндегі балабақшалардың қызметін тоқтату туралы шешім қабылдады. Бөлім басшысы Ақжарқын Темірханованың айтуынша, облыс орталығында 50 балабақша бар. Балабақшалар бұған дейін 20 мамырда қызметін бастап, үш күн бойы балаларды қабылдаған еді. Орал қаласындағы барлық балабақшаның уақытша жабылған себебі – соңғы екі күнде 2 балабақшада екі қызметкерінің коронавирусқа шалдыққаны анықталған. Ол науқастар COVID-19 вирусы анықталғанға дейін қаладағы №2, 3, 4, 5 емханаларға барып, дәрігерлерге қаралып жүріпті. Сондықтан облыстық мемлекеттік бас санитарлық дәрігер бұл емханалардың қызметін уақытша тоқтатты. Қазір бұл жерде науқаспен қарым-қатынаста болған қызметкерлер түгел тексеріліп, дезинфекция шаралары жасалып жатыр.