Биыл Нұр-Сұлтанда 800-ден астам отбасы апатты үйден жаңа баспанаға көшіріледі. Сонымен бірге 50-ден астам көппәтерлі тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Елорда әкімдігінің хабарлауынша, апатты үйлердің кейбірі 90 жыл бұрын салынған. Қала әкімі Алтай Көлгінов ескі үйлерді аралап, тұрғындармен әңгімелесті. Сарыарқа ауданы Бесшатыр көшесі 8-үйдің тұрғындары былтырғы күзде елорда әкімімен кездескеннен кейін ауданда бірқатар мәселелер шешілгенін айтты. Асфальт төселіп, кәріз жүйесі қалпына келтірілді. «Үй көз алдымызда бұзылып жатыр. Қыста көппәтерлі үйді көмірмен жылытамыз. Үй суық», – дейді тұрғындар. «Қалада 125 апатты үй бар. Сіздің ауданда былтыр болып, осы жылы бұзылатын үйлердің қатарына қостық. Осы үйдің барлық отбасылары жаңа жылды жаңа баспанада қарсы алады. Биыл 800-ден астам отбасын жаңа үйлерге көшіреміз», – деді Алтай Көлгінов. Алтынсарин көшесінде бұзылып, қайта салынатын тағы бір үйдің салынғанын 90 жыл болған. Сондай-ақ, дәл жанына теміржолдар төселген «барак» типтес үйлер бұзылады. «Вагон рельстен шығып, үйімізге жақын жерге құлаған жағдайлар болды. Балаларды далаға жіберуге қорқамыз», – дейді тұрғындар. Сонымен қатар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында елордада 50-ден астам көппәтерлі тұрғын үй кешені жөндеуден өтеді. «Тұрғын үй салу — маңызды жұмыстың бірі. Егер 800-ден астам отбасы апатты үйлерден жаңа үйлерге көшетін болса, биыл кезекте тұрғандар үшін 8 мыңнан астам әлеуметтік пәтер салынады. Бірақ біраз жыл бұрын ғана салынған үйлер бойынша да проблемалар бар. Жаңа үйлердің плиткалары құлап, іргетасы жерге кіріп бара жатыр. Мысалы, «Инфинити», «Территория комфорта-2», «Орбита», «7 бочек» және тағы басқа тұрғын үй кешендері. Бұл үйлердің мәселесін қарастырамыз. Мемлекет күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаражат бөледі. Содан кейін бұл қаражат тұрғындар арасында 15 жылға дейінгі мерзімге бөлінеді», – деді қала әкімі Алтай Көлгінов.