Таразда соңғы қоңырау «Жастар аллеясында» соғылды
Таразда соңғы қоңырау «Жастар аллеясында» соғылды
Тараз қаласында соңғы қоңырау сыңғыры соғылды. Салтанатты шараның шымылдығы түрілмес бұрын Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жергілікті телеарна арқылы мектеп бітірушілерді оқу жылының аяқталуымен құттықтады. Бұдан кейін мерекелік кеш «Жастар аллеясында» жалғасын тапты. Бердібек Сапарбаев Бұл күні арнайы жасақталған 6 автокөлік Абай Құнанбаев бейнеленген байрақты желбіретіп, 6 бағыт бойынша Тараз қаласының көшелерінде жүріп өтті. Көліктерде пәндік олимпиадалар, түрлі шығармашылық халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары, «Жас ұлан» ұйымының белсенді көшбасшылары және республикалық «Жас патриоттар» академиясының белсенділері болды. Көлікте отырған балалар ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер оқып, әндерін қосыла шырқады. Бұдан бөлек дауыс күшейткіш арқылы соңғы қоңырау мерекесіне арналған құттықтаулар мен білім саласындағы жетістіктер айтылды. Тараз
Жалпы, биыл аймақ бойынша 9171 оқушы мектепті тәмамдаса, оның 78,3 пайызы ҰБТ-ға қатысу үшін онлайн өтініш тапсырған. Оның ішінде 383 түлек «Алтын белгіге» және 366 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер.
Облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәмила Бекбатырованың айтуынша, аймақта 11 сынып түлектеріне аттестаттарды тапсыру мен соңғы қоңырау кешін 3-4 маусым күндеріне өткізу жоспарланып отыр екен. Шаралар мектеп аумағында, ашық алаңда әр сынып үшін бөлек өткізіледі. Олардың ұзақтың 20 минутты құрамақ. Әрбір түлекті қолдауға келген 2 адам ғана қатыса алады. Оқушылар бетпердемен қамтамасыз етіліп, қашықтықты сақтауы шарт. Сондай-ақ оқушылардан мектеп немесе мұғалімдерге сыйлық жасау үшін ақша жинау, автокөліктер жалдап, қала ішінде серуен құру және мейрамхана, дәмхана, көңіл көтеру орындарында отырыс ұйымдастыруға қатаң тыйым салынбақ.

Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы.

Соңғы қоңырау