Тараз қаласында соңғы қоңырау сыңғыры соғылды. Салтанатты шараның шымылдығы түрілмес бұрын Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жергілікті телеарна арқылы мектеп бітірушілерді оқу жылының аяқталуымен құттықтады. Бұдан кейін мерекелік кеш «Жастар аллеясында» жалғасын тапты.
Жалпы, биыл аймақ бойынша 9171 оқушы мектепті тәмамдаса, оның 78,3 пайызы ҰБТ-ға қатысу үшін онлайн өтініш тапсырған. Оның ішінде 383 түлек «Алтын белгіге» және 366 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер.Облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәмила Бекбатырованың айтуынша, аймақта 11 сынып түлектеріне аттестаттарды тапсыру мен соңғы қоңырау кешін 3-4 маусым күндеріне өткізу жоспарланып отыр екен. Шаралар мектеп аумағында, ашық алаңда әр сынып үшін бөлек өткізіледі. Олардың ұзақтың 20 минутты құрамақ. Әрбір түлекті қолдауға келген 2 адам ғана қатыса алады. Оқушылар бетпердемен қамтамасыз етіліп, қашықтықты сақтауы шарт. Сондай-ақ оқушылардан мектеп немесе мұғалімдерге сыйлық жасау үшін ақша жинау, автокөліктер жалдап, қала ішінде серуен құру және мейрамхана, дәмхана, көңіл көтеру орындарында отырыс ұйымдастыруға қатаң тыйым салынбақ.
Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы.