Фотобизнестен басталған кәсіп
Фотобизнестен басталған кәсіп
185
оқылды

Бүгіндері жеке кәсіп бастау осыдан он жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда, анағұрлым жеңіл. Себебі, бұрындары бизнеспен айналысқысы келетіндер кәсіпті қалай бастаймын, немен айналысамын, кімнен кеңес аламын, бастапқы капиталды қайдан табамын деген сұрақтың жауабын таппай бас қатыратын. Ол кезде екінші деңгейлі банктер беретін несиенің пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары еді. Соның салдарынан ашқан кәсібін дамыта алмай, дағдарып қалғандар аз болған жоқ. Ал қазіргі күні кәсіп ашпас бұрын бизнес-тренингтен өтіп, қажетті кеңес алып, пайызы төмен несиеге қол жеткізуге болады. Бұл ретте «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының бергені көп.

Жалпы, «Бизнестің жол кар­тасы» бағдарламасының игілігін көргендер көп, солардың бірі – көкшетаулық кәсіпкер Асқар Сұлтанов. Ол Көкшетау қала­сын­да футбол алаңын салу үшін биз­нестің жол картасы бағдарлама шеңберінде «Сбербанк» арқылы 20 миллион теңге несие алды.

Біз сөз басында осыдан он-он бес жыл бұрын кәсіп бастаудың қиын болғанын текке айтқан жоқ­пыз. Кейіпкеріміз Асқар Ер­кінұлы ауыл шаруашылығы са­ла­сының инженер-механигі ма­ман­дығын алғанымен, бұл са­лада ұзақ істеген жоқ. Кәсіп­кер­лік са­­ланы таңдады. Әу баста фо­тограф болып бастаған ол 2009 жылы той агенттігін аша­ды. Той – қазақтың қазынасы, кә­­сібі дөңгеленіп жүре берді. Фото­бизнестен басталған кәсіп бүгін­де­рі футбол алаңы бизнесіне ұласты.

– Кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде бір жоба бастауды ойлап жүргеніме көп болды. Зерттеп, зерделей келе футбол алаңын ашуды жөн көрдім. Себебі, Көкшетау қала­сында футбол алаңдары жоқтың қасы, ал футбол ойнағысы ке­летіндер өте көп. Нәтижесі, міне, футбол алаңын ашып, кәсібімді түрлендіріп жатырмын. Сырт қарағанда, футбол алаңын ашуға көп ақша жұмсалмайтындай көрінеді. Шын мәнінде, бұл жобаға «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында «Сбер­банктен» 20 миллион теңге несие алдым, – дейді кәсіпкер.

Асқар Еркінұлының өзі футбол десе, ішер асын жерге қоятындар қатарынан. Отыз жас­қа дейінгілерден жастар ко­ман­дасын, қырық жастан асқан­дардан ардагерлер командасын жасақтаған оның кәсібін спорт­пен байланыстыруы да тегін емес. Жаңа футбол алаңы ашылғалы қала тұрғындары арасында фут­болға қызығушылығы артқандар көбейіп келеді. Сондықтан кә­сіпкер алдағы уақытта тағы да екі футбол алаңын ашуды жоспарлап отыр.

– Футбол алаңын жалға беріп жатырмын. Бұл жоба өзін ақтап жатыр десем, өтірік айтқан болар едім. Айына ары кетсе 600 мың теңге табыс әкеледі. Ал мен ай са­йын 1 200 000 теңге несие тө­леймін. Әрине, басқа бір табысты жоба таңдауыма да болар еді, бірақ оған қомақты қаржы құю керек. Кез келген кәсіптің, жобаның өз қиындығы бар, бес жыл бойы несиемді қайтарғанша қиналармын, бірақ, сосын футбол алаңы табыс әкеледі деп үміттенемін, – дейді А.Сұлтанов.

Оның айтуынша, жеңіл­де­тіл­ген несиеге футбол алаңын салуға ғана жұмсалған. Ал футбол ала­ңын салатын жер телімі мен алаң­ның кеңсесіне өз қаржысын құйған.

– Бір ғана футбол алаңынан толайым табыс табу мүмкін емес, ол үшін бір емес, бірнеше алаң болуы тиіс. Сондықтан бес жыл­дан соң тағы да екі футбол алаңын салуды жоспарлап отырмын. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы біз секілді кәсіп­керлер үшін тиімді, дегенмен әлеуметтік жобаларға берілетін несиені өтеу мерзімін ұзартса де­ген тілегіміз бар. Бес жылда не­сиені өтеу жеке кәсіпкерлер үшін жеңіл болмайды екен, – дейді.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бүгінге дейін қабылданған бағдарламалар мен жобалардың арасында сенімді ақтағандар сапында көш бастап тұр. Сол себепті де, былтыр Елбасы бағдарламаны жалғастыруды, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасын жасауды тап­сыр­ды. Ендеше, жаңа бағдарламада бизнес үшін тиімді тетіктер же­тіл­діріледі деген үміт бар.