Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бірқатар шетелдің Төтенше және өкілетті елшілерін қабылдады. Түркіменстан елшісі Тойлы Көмековпен кездесу барысында парламентшілер арасындағы екіжақты ықпалдастық, сондай-ақ сауда-экономикалық, отын-энергетикалық, көлік және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Жүздесушілер өзара қатынастарды дамытудың негізін Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов қалағанын атап өтті.
Н.Нығматулин мен Т.Көмеков бүкіл Орталық Азия өңірі үшін «Түркіменстан – Өзбекстан – Қазақстан – Қытай» газ құбыры, «Қазақстан – Түркіменстан – Иран» темір жолы сияқты ірі жобаларды іске асырудың, сонымен қатар Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы тарихи конвенцияға қол қойылуының маңызды болғанына екпін түсірді.
Нұрлан Нығматулиннің байламынша, 2019 жылғы 23-24 қыркүйекте, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» тақырыбында өтетін Еуразия елдері парламенттері төрағаларының IV кеңесіне Түркіменстан Меджлисі делегациясының қатысуы парламентаралық диалогты өркендетуге ықпал етпек.
Халықтарымыздың мүддесі үшін парламентаралық ынтымақтастықты нығайту тақырыбы Мәжіліс басшысының Армения елшісі Гагик Галачянмен кездесуіне де арқау болды. Осы елдің парламент төрағасы бастаған Ұлттық ассамблеясының делегациясы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін форумға қатысатынын растаған екен.
Әңгіме барысында Нұрлан Нығматулин мен Гагик Галачян еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық бірлестіктер аясында Қазақстан мен Арменияның тығыз әрекеттесіп келе жатқанына тоқталды. Бұл өз кезегінде қос мемлекет депутаттарының ынтымақтастығы үшін үлкен мүмкіндік береді.
Үндістанның Қазақстандағы елшісі Прабхат Кумарды қабылдаған Мәжіліс төрағасы мәртебелі мейманымен парламентаралық байланыстарды дамыту жайында пікір алмасты. Нұрлан Зайроллаұлы инновация, жоғары технологиялар және жаңғыратын қуат көздерін пайдалану саласындағы үнділік тәжірибені зерттеуге қызығушылық танытты. Кездесу барысында, Бішкекте өткен ШЫҰ саммиті аясында қол қойылған құжаттардың маңызына назар аудартылды. Олар ұйым шеңберіндегі өзара іс-қимылды сапалы жаңа деңгейге шығаруға жол ашады.